Бор дәуірінен жеткен құнды жәдігерлер
Құсмұрын десе, еске Шоқан түседі. Халқымыздың маңдайына біткен жұлдызы балалық шағында осы өңірдегі Орта бұлақтың суын ішіп, тоғайын кезіп, қыста жарқабақтағы қалың қарға аунап ойнағаны ақиқат. Бүгінде сол Құсмұрын көлі археологтардың айналшықтай беретін орнына айналған. Бұл жерден осыдан бірнеше жыл бұрын геологтар қоңыр көмір тапқан болатын. Қазір мұнда Приозерный кеніші бар. Облыстағы археологтар мен тарихшы ғалымдар осы жерден ежелгі тіршіліктің қалдықтарына жиі тап болады. Өткен жылы жазда халықаралық олимпиадаға қатысу бағдарламасының талаптары бойынша «Геобайт» жас геологтар үйірмесінің мүшелері үшін «Геобайт-инфо» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Құсмұрынға экспедиция ұйымдастырды. Оның құрамына облыстық тарихи-өлкетану музейінің биолог мамандары да енген.
Экспедиция осы кеніштен мол олжаға кездесті. Оның барлығы музейде осы сапар қорытындысы бойынша жасалған көрмеге қойылды.
– Осыдан миллиондаған жылдар бұрынғы бор дәуірі тіршілігіне тән қалдықтарды кеніш орнынан қиналмай теріп алдық. Олар мұндағы аршылған топырақ қабаттарынан түскені айқын. Акуланың түрлі көлемдегі тістері, мозазаврлар, плезиозаврлар сүйектері, тасқа айналған ағаш кесіндісі, түрлі бақалшақтар мен белемниттер, қабыршақтар олжамызға айналды, – дейді музейдегі табиғат секторының ғылыми қызметкері Татьяна Иванова.
Ғалымдардың айтуынша, Торғай ойпаты адамзат тарихындағы тым ежелгі бор және палеоген дәуірлерінде екі рет судың астында болған. Аядай ғана Құсмұрын тұзды көлі – сол ежелгі мол судың бүгінге жеткен куәсі. Бүгінде жұмысын тоқтатқан Приозерный кенішінің орнына динозавр іздеп барған жас геологтар мен мамандар оның өзін таппаса да, мозазаврлар, плезиозаврлар секілді алып су кесірткелерінің, яғни «замандастарының» қалдықтарын тапқанын үлкен олжа санады.
– Біз олжаларымызды «Динозавр сәлемі» деп атадық. Болашақта оның өзін де тауып қалармыз, – дейді Татьяна Иванова.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.