06 Ақпан, 2016

Алатаудың алыбы

321 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қырғыз бен қазақтың ортақ мақтанышы Сооронбай Жусуевпен қош­тасу Ұлағаты мол ұлыларды уа­қыттың өзі туғызады, дәуірдің дауылы мен жауыны, өрті мен дерті, селі мен желі сан сынаққа салып сынайды, шыңдайды. Туысы бөлек ондай тұлға өзі тәтті, діні қатты өмірдің, ондай қиындығына қасқайып қарсы тұрады. Тарих ұзақ толғатып, сирек туатын хас тұлғалардың тағы бір ерекшелігі, олар ұлтқа бөлінбейді, адамзатты алаламайды, талант атаулыны алыстан танып, жақынына балап, дос құшағын айқара ашады. Міне, дәл осындай біртуар бірегей тұлға, қайталанбас хас талант Сооронбай Жусуев қазақ пен қырғыздың достығына қала­мымен де, қоғамдық қызме­тімен де қалтқысыз қызмет еткен екі елдің ортақ мақтанышы еді. Менің қаламдас аға досым еді. Ауруханада жатыр ем, қырғыздың шоң ақыны Маархабай Ааматов телефон шылдыратып, қайғылы хабарды жеткізгенде онсыз да шұрық тесік жаралы жүрек қан жылады. Бұл қайғыны аяулы аға досқа топырақ салуға мүмкіндік бермеген денсаулық жайы ауырлата түсті... Қырғызстанның Ел ақыны, Тоқтоғұл атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сооронбай Жусуевпен менің достыққа ұлас­қан таныстығым өткен ғасырдың алпысыншы жылдары басталып еді. Жарты ғасырға созылған достық қатынаста талай сәтті, тәтті кездесулер, сырласулар болып еді. Енді соның бәрін өткен шақпен еске алу қандай ауыр! Әлі есте, бәрі есте, 2007 жылы Бішкекте менің шығармашылық кешім өткенде екі бірдей классик қаламгер: Төлеген Қасымбеков пен Сооронбай Жусуев үш сағатқа созылған кеште жарыса сөйлеп, үш сағат бойы тапжылмай отырып, кеш соңында жайылған дастарқанда да абызға тән аталы сөз айтып еді. Алатаудың қос алыбы, Қырғызстанның Халық Батыры атағын да бірге алып еді. Бішкекте өткен ол салтанатқа да қатынасып, қуаныштарына ортақтасқан едім. Енді, міне, қаралы қалам қалтырап, жаралы жүрек жылап тұр... Пушкин қайтыс болғанда Гоголь «Ресей жетім қалды» деп қайғырыпты. Ұлы халық қыр­ғыздың алтын құрсақ аналары аман болса әлі де даралар мен даналарды өмірге әкелер. Десек те, Сооронбай Жусуев сынды қайталанбас хас таланттың жөні бөлек, жолы басқа! Жаның жәннатта болсын, қоштасуға қимайтын асыл Аға! Сәбит ДОСАНОВ, жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін халықаралық сыйлықтың лауреаты.