Алла сыйлаған қамшының сабындай ғұмырында адалдықтан аттамай, арды ту етіп көтерген мықты азаматтар аз емес. Соның бірі – Мұзараф Ақанұлы дер едік.
Ол қазақ ғылымының атасы Қаныш Сәтбаев секілді геолог болуды армандап, сол жолды таңдаған екен. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін өзінің кіндік қаны тамған киелі Ұлытау, Жезқазған өңіріне келіп геологиялық-барлау саласында қызмет еткен. Қара қошқыл даласын, жақпар тасты тауын талай рет жаяу шарлап, кен көзін іздеген. Қарапайым шахтадағы қызметін қалыптастыра келе, Жезқазған кенішінде бас геологтың орынбасары, одан кейін өзге де беделді жұмыстарды атқара келе, партиялық жұмысқа ауысады. Сәтбаев қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, одан кейін қалалық кеңес атқару комитетінің төрағасы қызметінде болады. Ұлттың жайы, халықтың тұрмысын түзеу барысындағы ізденістері әсіресе, қазақ халқының айтулы ұлдарының абырой-беделін көтеру жолындағы талпынысы кейбір билік иелеріне ұнай қоймайды. Қойдан жуас, бетегеден аласа болып жүру қажеттігін ескерткендерге ол турашылдығын тура қояды. Өзінің айтқанынан басқаға көнбейтін тоң мойындар оны құрту жолдарын іздейді. Сондай іліктің бірін дәйекке келтіре кетсек дейміз. Ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевтың ақ мәрмәрдан жасалған мүсінін ділі мен діні бөлек біреулердің сыртқа лақтырып тастағанын естіген Аханұлы өзі құрметтейтін ұлт жақсысының мүсінін қалаға әкеліп, тұғырға қондырады. Оны естіген облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Давыдов тікелей шабуылға көшеді. Әділдікті ту еткен Ақанұлының кінәларын жіпке тізіп жүрген ол мына қылығынан «махровый националист» екенін «дәлелдеп», «халық жауының» баласы болғанын да ұмытпай қызметінен қуып, партиядан шығарады. Өзін ғана қудалау былай тұрсын, отбасына да тиісіп, жары мен балаларының соңына шам алып түседі. Бірақ, өзінің ақ адал екенін, аққа қара жұқпайтынын айтып, Давыдовты екі қолтығынан демеп отырған Мәскеудегі зор билікке, барлық болған жайды айтып, арыз жазады. Ақыры ол жеңіске жетіп, Давыдов құрдымға құлайды. Мұзағаң бұл «қақтығысты» еске алғанда: «Адам қиыншылыққа тап болса, дағдарысқа ұшыраса болды, өмір бітті, құрыды деген осы дейді. Жоқ, нағыз адамға нағыз өмір осы күресте басталады» деген ұлы жазушы Лев Толстойдың сөзі қуат бергенін айтады.
Арлы азамат өмірін қамтыған Шамхан Рахметовтің кітабында ол туралы баяндалады. Ол таяуда оқырман қолына тиді. Әсіресе, қарау басқандардың қара ниетіне қарсы күрес кезінде ұлылардан қалған парасатты сөздердің демеу болғанынан дәйектер келтіріпті. Әсіресе, философ ақын Шәкәрімнің асыл ойлары, оның ішінде күні кеше дос болып жүргендердің аяқ астынан қас болып шыға келетінін айтқан байламдары оған әркез рух беріпті. Көлемді жинақта қазақ жырының дүлдүлі Кәкімбек Салықовтың қайсар жанның намысын жанып жазған жырының түйінін: «Бодан күннің көп қырсығын шеккендер, Көз аштық қой бүгін еркін шарықтап», деп бекіткенін, өзге де азаматтардың ағынан жарылған естеліктерін, Елбасымен сыйластығының барын да беріп отырған. Сөз түйінінде Мұзараф Аханұлы тәуелсіздікке тәу ететінін, ендігі жерде бодандықтың құрдымға кеткенін, өзі көрген тауқыметті кейінгілердің тартпауын айтып, абыздай ағынан жарылыпты. Ар алдындағы күресі адамдығын жоғалтпағанын, осыны өз баласынан бастап, немерелері мен шөберелеріне өсиет етіп келе жатқанын да жеткізеді. Бір сөзбен айтқанда, өмірдің сан қырын қамтыған кітаптан алар тағылым мен сабақ молынан. Ең бастысы, адал еңбек, азаматтық жол, түптің түбінде мұратыңа жеткізетініне иландырады.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».