Кеше Астанада «Бірлік» саяси партиясының кезектен тыс ІІ съезі өтті. Жиында делегаттар Парламент Мәжілісінің сайлауына қатысу туралы партия шешімін бірауыздан мақұлдады, сондай-ақ, ұйымның сайлауалды бағдарламасын қабылдап, Парламент Мәжілісіне үміткерлердің партиялық тізімін бекітті.
Мемлекеттік басқару құрылымдары мен әлеуметтік саланың, азаматтық сектор өкілдерінен тұратын съезд делегаттары партияның қазіргі таңдағы басты міндеттерін талқылады.
Партия төрағасы Серік Сұлтанғали өз сөзінде «Бірлік» партиясының 16 филиалға біріккен 53 мың мүшесі Қазақстанды өркендеген, қуатты мемлекетке айналдыру ісіне жұмыла үлес қосуға ниет білдіріп отырғанын айтты. «Бiрлiк» партиясы биылғы 20 наурызда өтетін Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауларына қатысуға ниет білдіріп отыр. Бұл сайлау Елбасы ұсынған ұлтымыздың дамыған 30 елдің қатарына кіруі жөніндегі жоспарды жүзеге асыруға бағытталған қажетті шара деп санаймыз. Оның қазіргі экономикалық дағдарысты тезірек еңсеріп, қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартып, қоғамымыздағы тұрақтылықты нығайта түсуге ерекше ықпал ететініне сеніміміз зор», – деді партия төрағасы.
Одан әрі спикер ұйымның негізгі бағытын сөз етті. «Біз сайлауға қатысу үшін өзіміздің сайлауалды бағдарламамызды әзірледік. Онда ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан халқымыздың рухани игілігін жаңғыртып, ел игілігіне жарату, әділетті де ашық қоғам орнатып, халыққа адал қызмет ету, қоршаған ортамыздың, қоғамымыздың, ниетіміздің таза болуына жағдай жасау тәрізді көптеген маңызды мәселелер қамтылған. Біз осы қағидаларды халықпен бірлесіп жүзеге асыруды көздейміз әрі барша қазақстандықтардың мүдделері үшін аса маңызды бағыттар бойынша жұмыс істейміз. Біздің саясатымыз Президенттің сарабдал саясатымен толық келісім табады», – деді С.Сұлтанғали.
Сондай-ақ, ол партияның сайлау додасына «Таза ниет! Адал қызмет! Таза орта!» атты ұранмен шығатынын айта келіп, ұйымның саясатында руханият пен мәдениетті дамытуға басымдық берілетінін атап көрсетті. «Біз экономикалық дағдарысты еңсеруді, индустриялық-инновациялық дамуды, адамдардың әл-ауқатын көтеруді мәдениет арқылы ынталандыруға болады деп санаймыз. Тек биік мәдениеттің, рухани ізгіліктің арқасында ғана біз озық 30 елдің қатарына кіруге мүмкіндік аламыз. Біз халқымыздың тарихи-мәдени мұрасын, оның мәдени дәстүрлерінің сабақтастығын қолдаймыз. Сондай-ақ, елдің, әсіресе, ауылдың рухани жандануын саяси өзекті мәселе деп есептейміз. Бұл мәселені айтып қана қоя салмай, қолымыздағы күшіміз бен мүмкіндігімізге қарай толық іске асыруға талаптанамыз. Ол үшін қалаларымыз бен ауылдарымыздағы, алыс аймақтардағы барлық халық театрлары мен басқа да мәдениет ошақтарын қайта жаңғыртуды көздейтін үлкен жоспарымыз бар. Партиямыз жас таланттардың арасында форумдар мен қайырымдылық байқауларын өткізе отырып, отандық мәдениет пен білім саласына нақты көмек беру мен қолдаудың үлгісін көрсетті», – деді спикер.
Сонымен бірге, ұйым жетекшісі партияның қоғамда әлеуметтік әділеттілік, заң үстемдігі орнауын барынша қолдайтынын жеткізді. «Әлеуметтік әділдік – «Бiрлiк» партиясы саясатының басым бағыты. Біздің ұстанымымыз – әлеуметтік теңсіздікті асқындырмау. Біз үшін әлеуметтік әділдік дегеніміз – табысты теңестіру, меншікті бөліске салу, игіліктерді қайта бөлу емес. Біз қоғамның ресурстарын ортақ байлығымыз деп санаймыз. Партиялық тұғырнамамыздың солшыл идеологиядан түпкілікті айырмашылығы осында, – деді С.Сұлтанғали өзінің сөзінде. – «Бiрлiк» нарықты өзгеріске ұшыратпайтын, бірақ экономикалық ынталандыруды да қуаттайтын әлеуметтік саясатты қорғайтын болады. Біз заңы үстем, соты тәуелсіз болатын құқықтық мемлекетті қолдаймыз. Сонда ғана бизнестік ортада әділетті бәсекелестік орнап, сыбайлас жемқорлық азаяды, әділдік күш алып, қоғамның ниеті түзеледі. Сол арқылы өзіміздің сайлауалды ұранымызда жариялағанымыздай, қоғамға адал қызмет ету мүмкіндігі пайда болады».
Бұған қоса, партия төрағасы аталған саяси бірлестіктің қоршаған ортаны қорғау және адамдардың өмір сүруі үшін экологиялық қолайлы жағдай туғызу ісіне де сергек қарайтындарын мәлім етті. «Біз табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, экологиялық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жүйелі түрде күресетін боламыз. Партия үшін азаматтарымыздың бойындағы экологиялық мәдениетті арттыру және экологиялық құқық деген ұғымды қалыптастыру маңызды. Партия барлық қауіпті экологиялық жағдайларға жіті назар аударады, қоршаған ортаны қорғау үшін қолынан келетіннің бәрін жасайтын болады», – деді ол.
С.Сұлтанғали сөзінің соңын: «Әрбір өңірде, әрбір қалада, ауылда және селода жергілікті халықтың мәселелері бойынша белсенді жұмыс істеуіміз қажет. Ел-жұрт «Бiрлiк» партиясы жергілікті мәселелерді білетінін және оларға әсер ете алатынын білуі тиіс. Біз шалғайдағы ауылдарға барып, көзқарастарымыз бен танымымыздың шынайылығына халықты сендіре отырып, ол жерлерден жаңа жақтастарымызды, мүдделестерімізді табуымыз керек», – деп түйіндеді.
Бұдан кейін бірқатар азамат «Бірлік» партиясының жастардың барлық бастамаларына қолдау көрсетіп отырғаны, ұйымның қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруда белсенділік көрсетіп жүргені туралы сөз қозғады. Бұдан бөлек, олар ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, халықтың әл-ауқатын көтеру үшін техникалық инновацияның бар жетістігін пайдалану мәселесіне, кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін дамыту ісіне қатысты ойларын білдірді.
Съезд барысында оған қатысушылар «Бірлік» партиясының «Ізгі ниет! Адал қызмет! Таза орта!» атты сайлауалды бағдарламасын қабылдады, сонымен бірге, Парламент Мәжілісінен үміткер 8 адамнан тұратын партиялық тізімін бекітті.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ.