Өз кәсібімен айналысу, өз бетінше әрекет етіп, нан табу көп адамдардың ойына кірсе де үлкен істі бастауға келгенде көпшіліктің жүрегі дауаламай жатады. Десек те мал асырап, оны көбейтіп, дәулетін арттыруға бел буған қандастарымыз баршылық. Мәселен, ауылымыздың тұрғыны Бекнұр Шыныбеков жұмыспен қамту орталығының жүзеге асырылып жатқан шағын несиелеу бағдарламасы аясында қаржыландырылды.
Барлығымызға белгілі, соңғы жылдарда мемлекет ауыл шаруашылығын қолдау мен ауылдағы ағайынның шаруасын дөңгелетуге барынша қолдау жасап, ықпал етіп, пайызы төмен несие беріп көмек көрсетуде.
Аядай ғана ауылда тіршілік етіп жатқан халықтың негізгі табыс көзі ауыл шаруашылығы екені барлығымызға белгілі. Соның ішінде мал шаруашылығы. Ауданымыз негізінен мал бағуға өте қолайлы аймақ болып саналады. Шөбі шүйгін, жері құнарлы.
Осыны тиімді пайдалануды көздеген ауыл тұрғыны, аяулы жар, екі қызының әкесі Бекнұр Абылайханұлы жергілікті жұмыспен қамту орталығына барады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» несиелік бағдарламасы бойынша 5 жылға 6 пайыздық үстемемен 2 млн. 400 мың теңге көлемінде несие алып, 7 бас бие және 7 жабағы сатып алды. Несиені алуға аудандық жұмыспен қамту орталығы ықпал етсе керек.
Бұған дейін де малмен айналысып келген Бекнұр шаруаның жас та болса малдың ебін таба білетін іскер жігіт екені көрініп тұр. Қорасы да биелері мен жабағылары үшін жылы етіп жасалыпты, бір сөзбен айтқанда, талапқа сақадай сай. Несиеге осылайша биелер мен жабағыларды алғанына риза. Айтуынша, жақсы пайда көрейін деп тұр. Осылайша, араға жылдар сала кеткен шығынды толығымен ақтап аламын дейді.
Бекнұр бұл біз үшін үлкен көмек болды деп ризашылығын білдірді. Жалпы, мемлекет еңбек етем деген адамға жақсы мүмкіндіктер жасап отыр. Тек істің көзін тауып, жалқаулықты тастау керек. Енді, Алла қаласа, алдағы уақытта сатып алған жылқылар санын көбейтіп, етті мақсатта сатуға шығармақшы. Сонымен қатар, қазақтардың сүйікті сусынын қымызды насихаттағысы келеді.
Жалпы, еңбек етсем деген адамға жұмыс қашанда табылады. Тек бастайтын ісіңнің қыр-сырын білуің керек. Сосын кішкене ынтаң болса, жалқаулықтан арылып, жан-жағыңда не болып жатқанынан хабардар болып отырсаң, тірлігің алға басады. Мемлекет те «Не істесең өзің біл» деп шаруаны айдалаға тастап кеткен жоқ. Жылдан-жылға ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты неше түрлі заңдар шығарып, тиімді бағдарламалар түзіп, осы арқылы ауылдағы ағайынның жағдайын түзеуге барынша атсалысып жатыр. Жоғарыдағы Бекнұр секілді істің көзін таба білген шаруалар тиісінше дамудың сара жолына түсіп келеді.
Естеріңізге сала кетсек, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының мақсаты тұрақты және нәтижелі жұмыспен қамту арқылы халық табысын арттыру болып табылады. Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық дамуы еңбек нарығы көкжиегінің кеңеюіне мүмкіндік беруде. Өзін-өзі жұмыспен қамтитын, жұмыссыз және аз қамтылған халықты жаңа өндірістік, ауылшаруашылық кәсіпорындар мен ірі инфроқұрылымдық жобаларға тарту мемлекеттің басты міндеті, кедейлік көрсеткішін төмендету мәселесін шешуге көмектеседі.
Барлығымызға белгілі Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында «Аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамытуға арналған теңдессіз жоба іске асырылады», деген болатын. Бұл жұмыстардың дені несиелік ұйымдарға жүктелді. Осы тұрғыда несиелік ұйымдар мен олардың қазіргі тиімді шарттары туралы да сөз етпей кетуге болмайды. Себебі, елдегі пайыздық үстемесі ең аз несиелеу бағдарламалары осы ауыл шаруашылығын дамытуға арналып жасалуда.
Арман ЖАПАРОВ.
Ақмола облысы,
Астрахан ауданы.