06 Ақпан, 2016

Мейірін төккен «Мерей»

358 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
DSC_4367Бурабай өңірінің тұрғындары Гауһар Хамзинаны жақсы біледі. Өмірлік белсенді ұстанымдағы қа­рындасымыздың игі мақсаттар жолындағы табандылығы, іскерлігі бүгінгі жаңа ұрпаққа үлгі боларлық мектеп. Биыл баршамыз Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі тойын қарсы алмақпыз. Осынау мерей шуағының кеңінен таралуында Гауһар Хамзинаның да елеу­лі үлесі барлығын мақтан ете­міз. Ол ел мерейінің биік болатынын болашақтың бүлдіршіндерін тәрбиелеудегі нақты істерімен дә­лелдеп келеді. Біз Г.Хамзинаны қаладағы кәсіп­керлік қозғалыстың қарлығашы деп білеміз. Ол анау бір жылдардағы қиын­дықтарға қарамастан ел үшін аса қажет әрі өте жауапты балабақ­ша ашты. Бүлдіршіндер ұясына тә­уел­сіздік мұраттарымен сабақтас «Ме­­рей» деген ат берді. Қазір мұнда 282 бала тәрбиеленсе, ересектер тобындағылар үш тілде мектепалды оқу-тәлімге тартылған. Мұның ішінде 100-і мемлекеттің әлеуметтік тапсырысы аясында қамқорлыққа алынған. Яғни, олардың ата-аналары 22 мың теңгенің орнына 12 мың теңге ғана төлейді. Менің он екі немерем бар. Олар­­­­дың көпшілігі осы тәрбие ошағының мейіріміне бөленді. Олардың кешкісін үйге келгендегі шат жүзін, үйренген тақпақтарын айтып, бұралып билегенін көрудің өзі ғанибет. Мектепке барғандары үз­діктер сапынан түскен емес. Бұл – «Мерейдің» бізге тартқан сыйы. Табысты кәсіпкердің қарауын­да «Айналайын» аталатын тағы бір балабақша бар. Бұл мекемеде 170 бүлдіршін тәрбие алуда. Жұ­­­­мыстарын алаңсыз атқарып жүрген ата-аналардың алғысы мен қуанышында шек жоқ. Жуырда тағы бір жақсы хабар есіттім. Аудан әкімдігі кезін­де қараусыз қалған «Радуга» бала­­бақ­шасының ғимаратын Г.Хам­зинаның меншігіне беру тарлы шешім қабылдапты. Бұл қала тұрғындарының қуанышын еселей­тін жаңалық. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі жолымен жұмыс істейтін балабақшада 280 бала тәрбиеленетін болады. Бұл қадам­ға баршамыз бәрекелді айтамыз. Бабыр БАҒЫСОВ, ішкі істер қызметінің ардагері. Ақмола облысы, Щучье қаласы.