06 Ақпан, 2016

Депутаттыққа өзін өзі ұсынды

760 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
05-5b5f102a31a4d991b80c97e9268a7806_XLОблысымызда түрлі деңгейлі мәслихаттар депутаттығына әзірше 22 кандидат ұсынылды. Бұл туралы аумақтық сайлау комиссиясы хабарлады.  Яғни, Павлодар қалалық және Қашыр аудандық мәслихаттары депу­тат­тығына төртеуден, Ақсу қалалық және Ақтоғай, Ертіс аудандық мәслихаттары депутаттығына екеуден, басқа аудандардан бір-бір кандидаттан ұсынылды. Барлығы – өзін өзі ұсынғандар. Олардың қатарында білім беру, коммерциялық, мемлекеттік қызмет өкілдері және бір журналист бар. Әзірше, облыстық мәслихат депу­таттығынан үміткер азамат ұсы­ныл­мапты. Сонымен қатар, таратылған мәс­лихат депутаттары қатарынан қайта сайлауға түсуге ниет білдіргендер де жоқ екен. Кандидаттарды ұсыну 19 ақ­панға дейін, ал тіркеу 23 ақпанға дейін жалғасады. 24 ақпаннан 18 нау­рыз­ға дейін үгіт-насихат шаралары жүргізіледі. Өңірде шамамен 450 мың адам дауыс беруге құқылы. Сайлаушыларға барлығы 789 сайлау комиссиясы қызмет көрсетеді. Оның 1-еуі – облыстық, 14-і – аумақтық, 206-сы – округтік және 509-ы учаскелік комиссиялар. Біз өзін өзі ұсынған кандидаттардың бірімен облыс орталығындағы №18 мектепте орналасқан №11 сайлау учас­кесінде кездестік. Ол – өзін өзі қалалық мәслихат депутаттығына ұсынған Юлия Лукашенко. Ол Фортебанктің қалалық филиалында жұмыс істейді екен, банк саласында еңбек етіп келе жатқанына 9 жылдай уақыт болыпты. – Өзіңізді депутаттыққа кандидат ретінде ұсынуға не себеп болды? – деген сауалымызға ол: – Негізгі әлеуметтік мәселелер, қаладағы қызмет көрсету орта­лық­­тары-­ ның жұмысы, емханадағы кезектер, балалармен барып демалатын орталықтардың аздығы, спорттық аулалардың сын көтермейтін жағдайы алаңдатты. Өзімнің екі ұлым бар. Екі кіш­кентай бала өсіріп отырған жалғыз­басты ана ретінде айтарым, балалардың демалысы, спорттық орындардың болуы қазіргі уақытта аса қажет деп ойлаймын. Мені ерлер де, әйелдер де қолдайды деп ойлаймын. Қалада басқа да мәселелер аз емес, егер депутат болсам, белсенді түрде араласқым келеді. Банк қызметкері ретінде көптеген адамдармен, клиенттермен жұмыс жасаймыз. Біраз нәрсені білеміз, – деп жауап қайтарды. Сондай-ақ, ол өзін толғандырған жайлар болған соң белсенділік таныт­қысы келетінін айтты. «Мен Павло­дар қаласында туып-өстім. Өз қалам­ның патриотымын, сүйікті қаламның өркендеуіне, әсем болуына үлес қоссам деймін. Біз бүгінде жаңа қоғамда жаңаша өмір сүргенді қалаймыз. Ендеше, сол жаңашылдыққа лайық болуымыз керек деп ойлаймын. Сондықтан, мен өзімді өзім қалалық мәслихатқа кандидат ретінде ұсындым», – деді Ю.Лукашенко. Фарида Бықай, «Егемен Қазақстан». ПАВЛОДАР.