Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Махметғали Сарыбеков брифинг өткізіп, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттарға сайлауды жүзеге асыратын облыстық өңірлік комиссия дайындығы мен өткізу барысы туралы баяндады. Жамбыл облысының аумағында 681 сайлау комиссиясы бар екенін айтты.
Қазіргі таңда Жамбыл облысында 2016 жылдың 20 наурызында өтетін Мәжіліс пен барлық деңгейлі мәслихаттарға сайлауды жүзеге асыратын облыстық өңірлік комиссия дайындықты күнтізбелік жоспар бойынша жүргізуде, деді М.Сарыбеков. Бұл жоспар Орталық сайлау комиссиясымен бекітілген болатын. Бүгінгі таңда ол уақтылы орындалуда. Жалпы алғанда, Жамбыл облысында сайлау учаскелері бойынша дайындық белсенді жүруде. Өңірдегі сайлау учаскелеріне қосымша 4 учаске ашылды. Оның 3-уі Таразда болса, біреуі Құлан ауылында. Жұмыс барысында сайлау комиссиясының мүшелері ел Конституциясының нормаларын ұстанады. Олар шетелдік сайлау заңдарын да білулері керек. Тұрғындардан сұрақ туындаған жағдайда олар жауап беруге дайын болуы тиіс. Біз осы сайлауда олқылық жібермеу үшін, өткен сайлаулардың тәжірибесіне сүйенеміз.
Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы сайлауды өткізу мен дайындық барысы жайында қойылған өзекті және маңызды сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ, қаржылық, материалдық-техникалық, ұйымдастыру мен құқықтық қамтамасыз ету, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, сайлау комиссияларының қызметі жайында кеңінен әңгіме болды.
Және осы аптада Таразда облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлауды әзірлеу мен өткізуді ұйымдастыру мәселелері жөнінде облыстық семинар-кеңес өтті. Бүгінде облыс халқының жалпы cаны 1 миллион 100 мың адамнан асып отыр. Олардың ішінде сайлаушылар 525 366 адамды құрайды. Бұл сан 4 наурызға дейін нақтыланып, қорытындысы Орталық сайлау комиссиясына жолданатын болады. Үміткерлер аталған қаржы қаражатын негізінен бес бағытта жүзеге асырылатын үгіт-насихат жұмыстарына тиімділікпен жұмсауға тиіс.
Бесінші шақырылған Парламент Мәжілісі жақсы жұмыс істеді. Қазіргідей еліміз дамуының жаңа кезеңі басталған тұста депутаттық қызметке білімді де іскер, ұлтжанды тұлғалар келуге тиіс. Жаңа депутаттық корпусты қалыптастырушы азаматтар ендігі жерде қажетті заң актілерін өздері жазып ұсынатын болады. Сондықтан да сайлау – еліміздің өміріндегі маңызды саяси оқиға. Бұл ретте, сайлау органдарының басты міндеті – сайлаудың заңдылығын қамтамасыз ету, яғни сайлау заңнамасы мен жалпыға бірдей танымал халықаралық қағидаттар талаптарына сәйкес әділ және ашық сайлау науқанын өткізу. Бүгінде әлемдік қоғамдастықтың назары еліміздегі осынау саяси маңызы зор оқиғаға ауып отыр, деді семинарда сөз алған Махметғали Нұрғалиұлы.
Сондай-ақ, ол сайлауды қамтамасыз етушілерді құқықтық сауаттылық, білімділік, әсіресе, шетелдік байқаушылармен жұмыс істеуде жоғары мәдениеттілік таныту, сайлау науқанын өткізуге бөлінген бюджет қаражатын үнемдеу мәселелеріне ерекше көңіл бөлуге шақырды.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.