Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов сыртқы саясат ведомствосы басшылығының аппараттық кеңесін өткізді. Онда Мемлекет басшысы Сыртқы істер министрлігінің үстіміздегі жылғы 3 ақпанда өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде алға қойған тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша нақты шаралар қарастырылды.
Алқа мәжілісінде негізгі тақырып сыртқы саясатты сыртқы экономикалық құрамдасты күшейту арқылы экономикаландыру болғаны белгілі. Ал бұған еліміз Сыртқы істер министрлігіне қарасты қазақстандық және шетелдік мекемелер атсалысулары тиіс. Осыған орай, Е.Ыдырысов ведомство қызметкерлерін Президент жариялаған тапсырмаларға сәйкес өз жұмыстарының тиімділігі мен жеделдігін арттыруға бағдарлады.
«Мемлекет басшысы бізге әлемде қазіргі қалыптасқан экономикалық ахуал, бірінші кезекте, «экономикалық дипломатияның» тәсілдері мен құралдарын кеңейтуді жетілдіруді талап ететінін дұрыс көрсетіп берген болатын. Бүгін сыртқы саясат ведомствосы қызметінің шешуші бағыты шетел инвестицияларын тарту, индустриялық-инновациялық жобаларды, «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыруға ықпал ету екені сөзсіз. Сыртқы істер министрлігі әрі қарай да еліміздің сыртқы саяси және сыртқы экономикалық мүдделерін ілгерілету, Қазақстанның халықаралық беделін дәйектілікпен нығайту және шет мемлекеттермен екіжақты ынтымақтастықты дамыту үшін барынша күш-жігер жұмсау ниетінде», – деп атап көрсетті Е.Ыдырысов.
Министрдің сөзіне қарағанда, жаһандық экономикалық дағдарыс жағдайында, қазақстандық дипломаттардың күн сайынғы жұмысының негізгі бағдары алға қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін пайдаланылатын күш-жігер мен құралдарды оңтайландыруға бағытталуы тиіс. Осыған байланысты Сыртқы істер министрлігінің шетелдердегі мекемелерінің экономикалық бөлімдерінің жұмысын күшейту бойынша кешенді шаралар қабылдау, олардың мүдделі мемлекеттік органдар мен қазақстандық компаниялармен өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру тапсырылды.
Кеңесте, сондай-ақ, шет мемлекеттердің ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне кең көлемді және мазмұнды қатысуын қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды жандандыру мүмкіндіктері талқыланды.
Министр соңғы жылдардың үрдістері мен бүгінгі күн шындығы біздің көпвекторлы сыртқы саясатымыздың стратегиялық маңыздылығы мен абсолютті дұрыстығын қуаттап бергенін қаперге салды. Сыртқы саясат ведомствосының басшысы 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары Қазақстанның эволюциялық дамуы мен жаһандық қатынастар жүйесіне дәйекті интеграциялануы тұрғысынан әлемдік қоғамдастықтың тарапынан оң қабылданып отырғанын атап көрсетті.
Ол сондай-ақ, «Қазақстан-2050» Стратегиясын, «Мәңгілік Ел» идеясын еліміздің әлемдегі аса дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы туралы тұжырымдаманы жүзеге асыру ыңғайында ел ішінде саяси, экономикалық және әлеуметтік жаңғыртулар аса қажет екенін көлденең тартты. Ал мұның барлығы, түптеп келгенде, еліміздің мүддесін халықаралық аренада қорғау дегенді білдіреді. Бұл еліміз Сыртқы істер министрлігінің жұмысындағы басымдық болып келді және болып қала береді.
Сәулебек БІРЖАН.