09 Ақпан, 2016

Бауырластық байланыс бәсеңдемейді

263 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
08-02-01Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түрік Республикасының Премьер-министрі Ахмет Дәуітоғлымен кездесті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Кездесу барысында екіжақты ынты­мақ­тастықтың негізгі бағыттары, соның ішінде саяси үнқатысуды нығайту мен мәдени алмасу мәселелері, көлік, энергетика, туризм және инфрақұрылым қалыптастыру салаларындағы байланыс­тарды дамыту жайы талқыланды. Мемлекет басшысы А.Дәуіт­оғ­лының сапары біздің елі­міз­дің сырт­қы саясатында Түркияға қа­тыс­ты ба­ғыт­тың маңыздылығын ай­ғақ­тай­тынын айтты. – Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтеді. Егемендігіміздің алғашқы күндерінен біз бауырлас ха­лықтарымыздың жақындаса түсуіне бар күш-жігерімізді салып келеміз. Осы жылдарда Сіздің елдің басшылығымен тығыз жұмыс жүргізе отырып, біз бір кездерде ұзақ уақыт бойы үзіліп қалған Қазақстан мен Түркия арасындағы байланысты қайта қалпына келтірдік. Мен Түркі кеңесінің құрылуына бас­тамашы болдым. Бүгінде Астанада Халықаралық түркі академиясы жұмыс істейді, онда ғалымдар біздің елдерімізге ортақ мәдениет пен тарихты зерттеуде. Қазақстан үшін Түркияның маңызы өте зор, біз ынтымақтастық саясатынан ешқашан бас тартпаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Түркия төңірегіндегі шиеленіскен геосаяси жағдайдың біздің елге де әсерін тигізетінін атап өтті. – Бүгінде қалыптасқан ахуалдан шығу жолдарын іздестіру қажет. Болып жатқан жайттардың көптеген себептері әлі де айқындалмай отыр. Сирия мен Ирактағы қақтығыстар мұ­сылмандар арасында бірліктің жоқ екенін көрсетті. Біз сүнниттер мен шииттер арасында болуы мүмкін деп Батыс бұдан ілгеріректе болжаған кезеңге таяп келдік. Түр­кия мен Ресей арасындағы қарым-қатынас­тың күрделенуі де біз үшін үлкен проб­­лемаға айналды. Екі ел де біздің маң­ызды одақтасымыз бен серікте­сіміз болып табылады, – деді Мем­лекет басшысы. А.Дәуітоғлы Қазақстанға сапарын әрдайым өз Отанына келгендей бағалайтынын айтты. Сондай-ақ, Түркия Премьер-министрі Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 25 жылдығының басталуымен құттықтап, Нұрсұлтан Назарбаевқа екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға қосқан зор үлесі үшін алғыс білдірді. – Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас барлық бағыт бойынша қарышты дамып келеді. Біз көлік, энергетика және өзге де салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Сауда байланыстары да нығаюда. Егер Түркия – Еуропаға ашылған «есік» болса, Қазақстан – Түркия үшін Еуразия кеңістігіне апаратын жол, – деді А.Дәуітоғлы.