09 Ақпан, 2016

Қанқұйлы қырғын кімге керек?

478 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін
terorizmҚазіргі уақытта оң мен солын айы­ра ал­майтын адам болуы мүмкін бе? Жоқ, дерсіз. Ал жаман мен жақсыны айыра алмайтын адамдар кездесе ме? Бұл сұраққа ойланарыңыз сөзсіз, енді. Себебі, жақсыны да, жаманды да өзінше ұғатындар көбейіп кетті. Сондықтан, әңгіменің тоқ етерін айтқанда, бейбіт жолдан тайып, қа­сірет пен қатерді төндіретін адам­дар амалын қай қатарға қо­сар едіңіз? Әрине, біз үшін ол жамандық жолы екендігі белгілі. Бірақ біреулер мұны өздеріне дұ­рыс жол деп тандайды. Әйткенмен, біреуге зорлық-зомбылық жасау, оған күштеп өз мүддесін таныту өркениетті елдерде дұрыстыққа баланбайды. Алайда, осы жолдың дұрыс емес екенін, оның бейбіт елге қатер тудырып, жамандық туғызу екенін қайтіп, қалай дәлелдеп түсіндіруге болады? Міне, біздің бүгінгі айтар ой мақсатымыз осы еді. Иә, «Ауру қалса да, әдет қал­майды» дегендей, теріс ағымға арбалған адамдар амалы асқынып бара жатқанын қа­зір жасыра алмайсыз. Бұл өте қауіпті қатер болып тұр. Өйткені, бүгінде теріс ағымға түскен жандардың салған зардабы төрткіл дүниені алаңдатып отырғаны айдай анық. Әрине, бұлардан сақ болу, лаңкестік пиғылдан арылу мәселесі туралы алдыңғы мақалалары­мыз­да да жазған едік. Дегенмен, қазіргі таңда адамзат үшін ең қауіпті қатер террористік ұйымдардың бей­күнә жандардың басына төндіріп тұрған өлшеусіз қасіреті болып тұр. Әріні айтпағанда, былтырғы жылдың өзінде бейбіт елдерде әлемді дүр сілкіндірген бірнеше жарылыстар болды. Лаңкестердің қанқұйлы әрекеттері адамды адамдар өз қолымен қыратын қатерлі қырғын бой көтергенін нақты көрсетті. Мұндай сорақылықтар неліктен болып жатыр? Неге адамдар мұндай әрекетке барады? Имандылық жағынан алғанда олардың осы жолы дұрыс бағыт па? Бұл адамзатты қайда апарады? Олар­дың қолынан бейбіт адамдардың қырылуы кімге керек? Әрине, сұрақ көп. Және бұл сұрақтарға жа­уап табылмайтын да сияқты. Алайда, мұндай қанқұйлы әрекеттер туралы ойланбай жатқандар жоқ емес. Ендеше, бұ­ған және жоғарыда айтылған жаман мен жақсыға жауапты жақын арада «Қазақ­стан» телеарнасынан көрсетілген «Арылу» атты деректі фильмді көргенде таба аламыз. Оның басты бағыты – те­ріс жолда жүрген азаматтарға ақ пен қа­раны түсіндіру және Қазақстандағы мұсылман қауымының Мемлекет басшысы төңірегінде топтасуы керектігін жеткізу. Фильмде Сирияда діни фанатизмнің жете­гінде жүрген содырлардың іс-әре­кет­тері ешқандай да жиһад емес екендігі айтылып, Ислам діні­нің тек қана мейірімділікке шақыратыны, тақфир идеоло­гия­сының бұрыстығы туралы ха­дистерден қуатты дәлелдер келтірілген. Сонымен қатар, бұл фильм­де бейбіт елдерде жарылыстарды ұйым­дастырып жатқан террористік топтар екені ашық айтылады. Яғни діни теріс ағымға бой алдырған жандар аяқ­тарын шалыс басуда. Бұл имандылық көріністері емес. Имандылық – адамның адам­герші­лігін айқындайтын ең асыл қасиеттер жиынтығы. Өйт­кені, оған адам баласының бойынан та­былатын барлық ізгілік, кісілік белгісі кіреді. Ал террористердің Францияда жасаған қанқұйлы қырғыны мен Түркия астанасы Анкарадағы темір­жол вокзалы алдында бейбіт­шілік митингі өтіп жатқанда жасал­ған жарылысты немен түсіндіруге болады? Аталған фильм террорис­тердің осындай қанқұйлы әрекет­терін көрсетуден басталады. Бей­біт­шілік шеруіне барған бейбіт тұрғындарға қатарынан жасалған қос жарылыс қайғы жұттырды. Екі жаңкешті өздерін ғана құрбан етіп қоймай, жазықсыз жүзден ас­там адамды ажал құштырып, екі жүзден астамын жаралады. Бұған фильмде профессор Махир Нақып: «Бұл – Түркия тарихындағы ең үлкен террор оқиғасы. Бұған дейін сан жарылыс болған, бірақ дәл осылай 104 адам өлмеген еді. ДАИШ бізге қаншалықты қауіпті лаңкестік ұйым екенін көрсетті», дейді. Біле білгенге өзін өзі өлтіруші адам Жара­тушы алдында ешуа­қытта дәріптелген емес. «Кім қан­дай да бір нәрсемен өзін өлтірсе, Қиямет күні сол нәрсесімен азапталады». Мұхаммед (с.ғ.с.), әл-Бу­хари 6047, Муслим 176. Демек, ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған – ред.) лаңкестік ұйымы қазір Таяу Шығысты ғана емес, төрткіл дүниені алаңдатып отыр. Әлемде бұрын-соңды мұндай «мұздай қаруланған» мықты ұйымдасқан лаңкестік топ болмаған көрінеді. Енді өздеріне «Ислам мемлек­е­ті» (Қазақстанда тыйым салынған – ред.) деп айдар таққан атышулы ұйым бейбіт тұрғындарға қырғидай тию­де екендігін фильм мазмұ­ны аша түседі. Қазіргі күні Сирия мен Ирак­тың біраз жерін жаулап алған лаңкестік ұйым аумағын біртіндеп кеңейтуде. Олардың ұс­танымдарын жақтайтын ірілі-ұсақты радикал топтар да қатарларын то­лықтыруда. Осыған орай, теология ғылымдарының док­то­ры, профессор Мұстафа Үнал: «ДАИШ соңғы кезде атышулы тер­рористік ұйымға айналды. Олар, өкінішке қарай, өздерін Ислам діні негізінде көрсетіп, ұстанымдарын жақтамағандарды әйел, бала, кәрі-жас деп қарамастан баудай жусатуда. Әртүрлі қаруларды қолдана алады» десе, «Хасеки» діни біліктілікті жетілдіру академиясының докторанты Тамерлан Ибраев: «Жалпы ол топтар жайлы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да айтып кеткен. Қиямет жақындағанда сондай адамдар пайда болады: «тілдері балдай тәтті бо­лады, бірақ жүректері қас­қыр жүрек болады» деген. Енді олар бізге өте көп зиян тигізеді», дейді. Бұл пікірді одан әрі жалғастырған профессор Махир Нақып: «Сирия мен Ирактағы маңызды мұнай қорларын қолдарына алды. Ондағы шикізаттарды заңсыз жолмен сатып ақша табуда. Сонымен қатар, түрлі фильмдер түсіреді. Арнайы сайттары бар, әлеуметтік желілерді жақсы қолданады», дейді. Жалпы, ДАИШ адамдарға әсер етудің жан-жақты амалын тап­қан екен. Тіпті, олар­дың өз идео­логиясы бар көрінеді. Осыған орай ақпараттық насихатты да ше­бер пайдаланады. Сан түрлі фильмдерді голливудтық деңгейде түсіріп, өздерінің әлеуметтік же­лілері арқылы лезде таратады. Фильм­де радикалды топтардың ісі туралы бұдан әрі теология ғы­лымдарының докторы, профессор Халил Ибраһим Бұлұт: «Бүгінгі радикалды фундаменталдық әрекет­тер уахабизм ағымының жалғасы – неосалафизм. ДАИШ пен Боко Харам секілді топтар ғибадат қыл­маған адамды имансыз деп санап, тәкбір жасайды. Жалпы, фанатизм Исламға кейін келді», дейді. ДАИШ-тың одан әрі сырын аша түскен профессор Махир Нақып бұл ұйымның амалы салафиттік әрекет екендігін, оның қитұрқылығын Ислам әлемі біліп отырғандығын, дінімізде адамның басын кесу жоқ екендігін, күшпен ақша жинау, әйелдерге тұмшалап қара киім кигізу де Ислам әлеміне жат дүниелер екендігін әңгімелейді. Иә, олар бәрін бүлдіріп жатыр дейміз. Бірақ олар неліктен осы жолға баруда? Ислам халифа­тымыз деп жар салған топтың қа­ныпезерлігі шектен шықты. Бұл орайда, дін атын жамылған олардың бас­ты сүйенері – бұрмаланған аят пен теріс түсіндірілген хадис дейді білетіндер. Мұны тео­логия ғылымдарының докторы, «Хасеки» діни біліктілікті же­тіл­діру академиясының директоры Әділ Бор: «ДАИШ лаң­кестік ұйымы бірнеше аят пен хадистерді негізге ала отырып, Исламға өте тар тұрғыдан қарайды. Басты ұстанымдары «тау­хит» түсінігі мен «ширк» ұғымы. Оны қабылдамағандарды «мұ­сылман емес» деп шеттетіп, тәкбір етеді. Ондай адамдарды өлтіріп, балаларын құл, әйелдерін күң ету керек деген шешімдері бар», деп түсіндіреді. Ал ҚМДБ төр­ағасы Ержан қажы Маямеров: «Нені қаласа өздерінің қалауымен ғана харамға шығарады, өздерінің қа­лауымен бір нәрсені халалға шығарады. Сол жерде өмір сүріп жатқан мұсылман қыздарды ұс­тап күн қылып отыр, ол шариғатқа томпақ келеді. Өздері харамды ха­лалға шығарып алды. Өз қа­лауын өз нәпсісімен харам қылу Ислам дінінде шектен шығу», дейді. Теология ғылымдарының докторы, профессор, Ислам зерттеулер орталығының төрағасы Рашид Күчүк болса: «Хадистерді, аят­тарды қате түсіну мен құранды жаңы­лыс ұғынудың соңы қасіретке апарады. Мәселен, Құран Кәрімнің бір аятын түсіндіретін басқа аят, оны толықтыратын тағы бір аят та­былуы мүмкін. Сүннеттер мен хадистер де дәл солай. Радикал топтар осындай кертартпа түсінігі­мен жастарды адастыруда», деп өз ойын жеткізеді. Лаңкестік ұйымның жалаула­тып жүр­ген ұраны – «жиһад». Бұл бүгінде ең көп бұрмаланып әрі қате түсіндіріліп жүрген сөз дей­міз. «Жиһадты» қолына қару алып, соғысу деп ұққан санда­ған жас алданып, ажал машинасы­ның құрбанына айналуда деген ақпар­ат та көп. Ендеше, ДАИШ жиһад сөзін қалай бұрмалауда? Бұған фильм­де Түрік Республикасы Дін істері бойынша басқармасының ресми өкілі, Дін істері жоғарғы кеңесінің мүше­сі Мехмет Капукая: «Құран Кәрімдегі ең алғашқы соғысқа рұқсат берген аятты қарайтын болсақ: «Өз­деріне соғыс ашқан адамдармен соғысуға рұқсат бердік. Олар зұ­лым­дыққа қалып, оларға шабуыл жасалды. Отаны мен өздерін қорғау үшін рұқсат беріледі. «Жиһад» дегеніміз – өз-өзіңді қорғау, қауіп төнсе Отаныңды қорғау», деп тү­­сін­­дір­ме береді. Сол сияқты тео­­­­ло­гия ғылымдарының докто­ры, «Хасеки» академиясы­ның оқы­тушысы Али Рыза Темел да: «Пы­­шағын жалаңдатып бір адам шығады да мұсылманды қой секілді бауыздай салады. Бұлар Ислам дінін әлсірету үшін жасап отырған сыртқы күштердің жобасы», деп қосылады. «Соғыста жүрген жас­тар мәселені әлі түсінбей жүр. Бі­реу­лер оларды жинап алып, мұсыл­­мандар арасындағы қақты­ғысты ушықтырып, ойын жасауда. Бірін екіншісіне айдап салып өлтірткізеді. Кейін уақыты келгенде сол «жиһадшылардың» бірін қалдырмай өздері-ақ көзін жоя салады», деп одан әрі теология ғылымдарының докторы, «Ха­секи» діни біліктілікті же­тіл­діру ака­демиясының директоры Әділ Бор ойды ұштай түседі. Сирияға алданып келгендерді арбап, қолына қару беріп, қыл­мысқа айдап салудың ақыры ұш­паққа шығармайтынын бәрі біледі. Алайда, өз еріктерімен қолы­на қа­ру алатындар саны артпаса ке­мір емес. Бұл орайда докторант Исатай Бердалиев: «Жекелеген адамдардың айтуымен жиһадқа шығу біздің түсінігімізге де қайшы. Осы уақытқа дейін, яғни 14 ғасыр бойы ғалымдардың ешқайсысы бұл туралы сөз қозғамаған» десе, профессор Махир Нақып: «Өздерін жарып жіберетін адамдарға осын­дай дәрі беріледі. Яғни, жанкешті есін білмей өзі­нің не істеп, не қойғанын аңғармас­тан арғы дү­ниеге кете барады. Тек өзі ға­на емес, жазықсыз қаншама жан­дар­дың өмірін қияды. Бағдатта, Сирияда болған оқиғаларда жан­кештілерге дәрі берілгені айтылды», дейді. Мұндай түсініксіз әре­кеттерден Таяу Шығыстағы қырғынның бітетін түрі көрінбейді. Төрт жылда ішкі қақтығыстар пен радикалшылардың зұлымдығы­нан Сирияда ажал құшқандар саны 250 мыңнан асқан. «Таяу Шығыста ДАИШ лаңкестік ұйымының аяғы тиген жердегі тұрғындар Отан­­дарын тәрк етті. Сирияның Ракк қала­сындағылардың басым көбі басы ауған жаққа қашты. Ирактың Телафер қала­сындағы 350 мың түрікмен сүргінге түсіп, біразы Түркияға келді. Қалғандары қапаста. Теледидар көре алмайды, әйелдерге жұмыс істеу былай тұр­сын, көшеге шығуға тыйым салын­ған, қыздар оқу оқи алмайды», дейді профессор Махир Нақып. Иә, фильмде сөйлеген сарапшы, ғалым­дардың сөзінен Ислам мем­лекеттеріндегі басты қауіп – үнемі бір аят немесе хадис­ке сүйеніп көтеріліске шы­ға­тындығы болып тұр. Бүгінде көріп отырғанымыздай, Алжир неге мұндай халге келді, Мысыр неге бұл күйге түсті? Сирия елі қа­лайша осы жағдайға душар болды? «Әркімнің ме­нікі дұрыс», «менікі жөн» деуі мен билікке ұмтылуының ақыры осыған әкелді ме? Ғалымдар ДАИШ қылмыстық тобы Ислам дінінің де беделіне зор нұқсан келтіруде екендігін айтады. Осы арқылы әлем халқының мұсылмандарға деген сеніміне селкеу түсіп тұр. Біле білсек, діннің барлығы адамз­аттың бақыты мен игілігіне жол бастайды. Мәсе­лен, Ислам дінінде 18 мың ғаламның ең аяулысы – Адам. Сондықтан, қасиетті Құран Кәрімде адамзаттың тыныштығы мен ұлттардың бейбітшілігіне ерек­ше назар аударылады. Осы орайда ислам сөзіне мән берейікші. «Хасеки» діни біліктілікті жетіл­діру академиясының докторанты Нұрлан Мұрат: «Ислам» сөзі «сәлама» деген арабтың етістігінен шығады. Яғни «сәлама» деген амандықта, бейбітшілікте өмір сүру дегенді білдіреді. Енді бұл етіс­тіктің «амандықта», «бейбіт­шілікте» деген мағынасына қарай­тын болсақ, Ислам бейбітші­лікке және амандыққа шақыратын дін», екендігін ашады. Сондықтан да, Құран Кәрімде: «Әй, иман кел­тіргендер, бейбітшілікте бо­лың­дар. Қақтығыс, жанжал шығарып, өлім-жітім жасамаңдар!» деп жазылған. Дегенмен, осы жастардың Сирия­дағы ұйымдасқан содырлар тобына қосылу үшін кетіп жатқандығы неліктен? Бұл сұраққа да фильмнен толық жауап табуға болады. Қазіргі таңда оған себеп интернет жүйесі, яғни әлеуметтік желілер болып табылады дейді. Одан кейін сараптамадан өтпеген кітаптар, содан кейін түрлі түсініксіз бро­шюралық кітаптар бар, ондайларды оқып келген жігіттердің өздері жазып, шығарып жатқан. Олардың бәрін сараптамадан өткізбейінше дұрыс жолды айқындау қиын. Профессор Махир Нақып айтқандай, ДАИШ ұйымында жүргендердің 90 пайызы жоғары оқу орындарында оқымағандар. Атап айт­қанда, толық білім алмаған, өмірде жолы болмаған, отбасылық өмірі сәтсіздікке ұшы­­раған, сонымен қатар, бақытсыздыққа душар болғандар. Ал күйзелістегі жандарды әлеуметтік желі арқылы алдап-арбап қатарға тарту да оңай. Әйтпесе, есі дұрыс адам қалайша өзі-өзін жарады деп сұрайды әлеумет?! Міне, сондықтан да жымысқы саясаттың жетегінде кетпеу үшін әрбір азамат шын жиһадтың не екенін білуі тиіс. Бұл орайда теология ғылымдарының докторы, профессор, Ислам зерттеулер орталығының төрағасы Рашид Күчүк: «Жиһадтан келе жатқанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Нағыз жиһад – адамның өз нәпсісімен күресі» деп айтқан екен», дейді. Дінімізде асыра сілтеп, шектен шығу жоқ. Аталардан қалған асыл дін – Ханафи мәзһабында бұған ерекше көңіл бөлінеді.   Алайда, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Маямеров айтқандай, дінде шектен шығып кетуден өте сақ болу қажет. «Қазір фанатизм деп жатырмыз ғой. Бұл дінді түсінбей, дінде шектен шығу деген осы. Дінде шектен шығуға болмайды, егер біз оның шекарасынан шығып кеткен болсақ, адаса бастаймыз. Біз өзіміздің туған анамызды кәпір деп есептей бастаймыз. Ту­ған бауырымызды кәпір, өлтірсек қаны халал деп есептей бастаймыз. Бізде адами құндылықтың өзі қалмайды. Дінде шектен шығатын болсақ, біз адами нәрседен хайуани нәрсеге өте бастаймыз. ДАИШ – дінде шектен шығу». Рас сөз. Дінде шектен шығу сонау кел­мес­­ке кеткен Кеңестік кезеңде басталған. Кеңес Одағы кезеңінде бірқатар ел алтын тамырдан біраз уақыт ажырап қалды. Сол себепті, шын дін қайсы, жын дін қай­сы екеніне көпшіліктің діни сауаты әлі жете бермейді. Кейбір радикал діндердің идеологиялық соқпағы ДАИШ сынды қауіпті ұйымдардың ұстанымымен үй­лесіп жатуы мүмкін. Аталған лаң­­кестік ұйымның «ширк» деп әлемдік өркениет пен мәдениет жәдігерлерін қиратуы әлем мұ­сыл­­­мандарын да ойландырып тас­тады. Жергілікті халықтың салт-дәстүріне тиісіп, бейіттерді қиратудың арты адасушылыққа апарады. Ал енді біздің бабаларымыз осы Әбу Ханифа мәзһабын неге ұстанды? Бұл жас­тар үшін орынды сұрақ. Бір жағынан бір мәзһабта болу өзгелермен ынтымақты бол деген сөз. Өзбекпен де ынтымақтамыз, тә­жік­пен де ынтымақтамыз, түрік­менмен де ынтымақтасамыз. Негі­зінен Ислам діні сүн­ниттер мен шииттер деген екі үлкен ағым­нан тұрады. Бабаларымыз мыңдаған жыл сүнниттікті ұстанды. Ал сүн­ниттер болса өз ішінен үлкен төрт мәзхабқа яғни, мектепке бөлі­неді. Олар: Ханафи мәзһабы, Мә­лики мәзһабы, Шафиғи және Ханбали мәзһабы. Ал мәзһаб болса, адамдарға дінді жеткізудің ең жеңіл жолы. Аталған фильмде бұл көрініс түрлі айшықты графикалармен анық көрсетіледі. Мәселен, мәзһаб – жол, мектеп, бағыт, көзқарас деген мағынаны білдіреді. Шариғат тұрғысынан алғанда, арнайы тәсіл­дер, ережелер арқылы Құран мен сүннеттен шығарылған үкімдер мен көзқарастар жиынтығын мәзһаб дейміз. Мұсылмандар өміріндегі намаз, ораза, зекет, қажылық сынды діни іс-амалдардың барлығы мәзһаб ғұламалары анықтаған үкімдерге сай атқарылады. Демек, мәтінде айтылғандай, Әбу Ханифа мәзһабы – ғасырлар бойы аталарымызды адастырмай келе жатқан ақ жолы, асыл діні. Дала демократиясымен астасып, қадым заманғы қадірлі салт-дәстүрімізбен біте қайнасты. Дін мен әдет-ғұрып бір-бірін байытты. «Әбу Ханифа» сөзі болса, «хақ жолдың бастау­шысы, тура жолдың жетекшісі» деген мағына береді. Сөйтіп, дін тазасы, дін асылы, тұмса інжу-маржаны қазақтың құт қонып, бақ дарыған дарқан даласында, Орталық Азияда дәуірледі. Өнері, білімі мен мәдениеті үне­мі қарыштаған көптеген алып мем­лекеттердің берік іргетасына айналды. Ата дініміз 1071 жылдан бас­тап Анадолыға да тарай бастады. Бұл жөнінде теология ғылымдарының докторы, профессор Мұртаза Бедир: «Осман империясының исламы Орталық Азияның ханафилігін мирас етіп, соның негізінде қалыптасқан. Бабаларымыз атажұрттан көшкенде Анадолыға ата дінді де ала келген. Олар Исламның Ханафи ұстанымын берісі Анадолы арысы, Балқан, Босния мен Герцеговина, тіпті, Еуропа шекараларына дейінгі байтақ жағрапияға жайды», дейді. Мұхаммед әл Ғазали деген атақты ғалымның еңбектерінде Ислам қазақ халқына, орталықазиялық түркілерге қарыздар, өйткені, көп­теген ғалымдар осылардан шықты дегенді келтіріледі. Ал теология ғылымдарының докторы, «Хасеки» академиясының оқытушысы Али Рыза Темел: «Біздің исламият білім жағынан болсын, мәдениет жағынан болсын барлық салада Орталық Азияға қарыздар. Сіздің өңірден шыққандар Ислам әлемінің өркен­деуіне теңдессіз үлес қосып, қызмет етті», дейді. Иә солай, ғылымы кемелден­ген, мә­де­­ниеті гүлденген Орталық Азиядан та­раған бабалар діні жет­кен жерлерін дамытып, өр­кендетті. Ұлы даладан жеткен сан мыңдаған құнды кітаптар Ос­ман империясының да жылдам қуаттануына ықпал етті. Түркияда ХV ғасырдан бас­тап салынған ескі кітапханалар көп. Олар­да Х мен ХVІІІ ғасырлар аралығын қамтитын Орталық Азия ғалымдарының құнды қол­жазбалары мен көптеген салада жазылған іргелі туындылары сақталған. Бұл туралы тео­логия ғылымдарының докторы, профессор Мұртаза Бедир: «Ыс­там­бұлдағы исламға қатысты қолжазба кітаптардың көпшілігі Орталық Азия ғалымдары та­ра­пынан жазылған. Бәлкім ол жақтың кітапханаларынан олар­дың жазғандарын таба алмассыздар. Алайда, Ыстамбұл, Ана­долы, Балқан елдері, Бос­ния мен Гер­цеговина, тіпті, Сарай Боснадағы Гази Хүс­рей бей кітапханасына барсаңыз да Орта­лық Азия ғалым­­дарының иттиқат, тәпсір, хадис пен фыкх және келамға қатысты жазған діни еңбектері алдыңыздан шығады», дейді. Ата-бабалар діні – Әбу-Хана­фи мәзһабы Орталық Азия мен Анадолы арасындағы рухани көпір секілді десек артық айтқандық емес. Бұл ойымызды қостаған теология ғылымдарының докторы, профессор   Шефаетдин Севержан. «Қазақтармен діни түсінігіміз де, мәз­һабымыз да бірдей. Себебі, бізге Ханафи мәзһабы әкелген әйгілі ислам ғалымдары Орталық Азиядан шыққан. Өздері ке­ле алмағандардың шәкірттері келіп, мұн­дағыларға дін үйретті. Мысалы, Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың шәкірт­тері ол жақтағы бай мұраны осы жаққа жеткізді. Сосын өңір­леріңізден Ахмет Иүгінеки, әл Фараби, Ибн Сина, Әл Бируни сын­ды көптеген ұлылар жарқырап шықты», дейді. Түркияның мемлекет және қоғам қайраткері Намық Кемал Зейбек: «Қожа Ахмет Ясауи­дің Анадолыға жіберген шәкіртті Қажы Бекташ Уәли шынайы мұсылмандықты таратты. Біз оны жалғастырудамыз. Яғни Ясауидің мұсылмандығы нағыз мұсылмандық. Алла­ға барудың жолы – адамзатқа қыз­мет», дейді. Иә, фильмде терең ой тастал­ғандай, Анадолы жұрты ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауиге өздерін қарыздар санайды. Оның шәкірттері арқылы жеткен тұнық Ислам діні мұндағы жамағатқа ғасырлар бойы рухани азық болып келеді. Осы қазақ халқының әлімсақтан бағдар етіп келе жатқан діндегі айнымас жолы – Ханафи мәзһабы кеңпейілділікке негізделген. Әділ­дік пен теңдікті, ар мен адалдықты жақтап, әлімжеттіктен алыс тұратын дала заңына үйлескен дін бабаларымыздың дара болмысын тіптен күшейтті. Әбу Ханифа мәзһабына мойынсұнған халқымыз ша­риғаттың шарттарын да қатаң сақтаған. Обал мен сауапты өмірдің басты қағидасы еткен. Үлкенге құрмет, кішіге ізет те тал бесіктен жер бесікке дейін тәрбиеміздің тағылымына айналды. Бұл мәтін сөзіне дәлел ретінде, Түрік Республикасы Дін істері бо­йынша басқармасының ресми өкілі, Дін істері жоғарғы кеңесінің мүшесі Мехмет Капукая: «Бүгінде қоғамның қажеттіліктеріне жауап бере алатын, халықтың Исламмен біте қайнасуына жағдай жасаған қай мәзһаб десеңіз, адамдар сөзсіз Ханафи мәзһабын көрсетеді. Өйт­кені, ол кісі тікелей халықпен араласып, тұрмыс-тіршілігін жетік білген. Сондықтан да, біздің аталарымыз мәзһаб ретінде Ханафиді ұстанған», дейді. Расында, фильмде сөйлеген көптеген түрлі ел­дің дін өкілдері, ғалымдар Әбу Ха­нифа мәзһабы өте демократиялы екендігін алға тартады. Өйткені, бұл жерде әр халықтың салт-дәс­түрі қаралған. Яғни, кейбір фит­хи мәселеде, кейбір шариғи мәселелерде құранда, сүнетте, тағы басқа ижимағатта дәлел жоқ болса сол әдет-ғұрыпты дәлелге алып отырған. Ал Алаштың Алланы танып, Кәлимаға тілін келтіргелі мыңдаған жылдар өткенін тарих дәлелдеп берді. Ендігі мақсат – өт­кеніміздегі бай рухани мұраны қайта зер­делеу. Жастарымыздың жаңылыс басып, көлденең көк аттылардың тұзағына түспеуін күйттеу дейді олар. Жыл санап діни сауаттылығын арттырып, білім алуға деген жастардың құлшынысы артып келеді. Пайғамбарымыз да «тал бесіктен жер бесікке дейін білім іздеңдер» деген. Бұл орайда, шығыстанушы-ғалым, профессор Әбсаттар қажы Дербісәлінің: «Біз дін кадрларын өзіміз дайындауымыз керек. Неге басқа елдерге жі­береміз. Әлі ой-пікірі білімі қалыптаспаған жанның басына не құйып жіберетінін қай­дан білеміз», деген сөзіне де құлақ аспаса тағы болмайды. Бұған докторант Жандос Ырыс­баев та қосылып: «Алдымен елімізде өзіміздің салт-дәстүрімізбен ұштастыра отырып дінді үйренсе екен. Одан кейін барып шетелдерге шықса құба-құп. Ал ешнәрсе білместен шетелдерге шығатын болса, неше түрлі ағымдар бар, неше түрлі топтар бар, жамағаттар бар солардың жете­гінде кетіп қалуы мүмкін», дейді. Әрине, фильмде қазіргі күні Қазақстан барлық ұлттар мен ұлыстар үшін қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған жұмақ мекен екені нанымды көрсетіледі. Тәуел­сіздік алғалы бері діни наным-сенім бостан­дығына ерекше көңіл бөлініп келеді. Сандаған ұлт өкілдері мен сенімі түрлі жандар бір шаңы­рақ астында сыйластық пен келі­сімнің берекелі бесігінде тербе­луде екендігі жасырын емес. Бей­біт­шілік пен тұрақтылықтың символына айналған Қазақстанның тарихы да тұғырлы. Татулық пен тұрақтылықты қадір тұту арғы асыл тегімізде бар. Қазақ елі мәдениет қақтығыстарына жол бермеуге мүдделі. Астана болса, діндердің түсіністігіне ден қойып, Батыс пен Шығыстың рухани сұхбаттасу алаңына айналды. Қазақстанда тұрақты түрде өткізіліп келе жат­қан Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының құрылтайы аласапыран ғалам үшін ғаламат жоба болып тұр дейді. Осы бағытта шы­ғыстанушы-ғалым, профессор Әбсаттар қажы Дербісәлі: «Жалпы байқап қарасақ, дін басылардың бас қосуы көп елдерге нәсіп болмаған. Израильдің бас раввині өз орнынан тұрып Египеттің бүкіл әлем сүнниттерінің бас имамы Мұхаммед Саид Тантауиге барып өзі сәлем берді, ол сасып қалды. Съезд біткен соң журналистердің бәрі сенсация, сенсация деп әлемге жар салды. Тарихта тұңғыш рет Қазақстанда еврейлердің Бас раввині мен әлем сүнниттерінің имамы қол алысып, амандасты, бір үстелдің басында отырды, соны ұйымдастырған Қазақстан деп жарыса жазды. Міне, содан бері қарай бес съезд өтті. Барлығы солардың өтінішімен Астанада өтіп жатыр. Демек, Астана бүкіл әлем діндерінің рухани орталығына айналды деген сөз», дейді. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».