Ізінен ерген кейінгі толқынды кемел көш ілегіне қосу жолында ағалық парызын адал атқарған, өзінен бұрынғы алыптардың үлгісін өнеге тұтқан жыр дүлдүлі Әбділда Тәжібаев «Шынайы талант» атты мақаласында Мұқағали туралы ағынан жарыла айтып, «Жазылар естеліктер мен туралы, Біреулер жан еді дер өр тұлғалы, Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін, Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы, Жазылар естеліктер нешелеген. Көреміз бәрін оның пешенеден. Әйтеуір білетінім бір-ақ нәрсе, Көшеді өлең, немесе өшеді өлең» деген өлеңін дәйекке келтіріп, «Айдай анық та сол. Мақатаев атты алыптың ақындық жарқын жүзіне, миллион адам түрлі пікір пайымдаса да, желмен желпіп қаншама жылдар өтсе де, ешбір кіреуке түспей келешекке қарай келісті керуен түзеп көше бермек... Иә, Мұқағалидан қалған асыл мұра бар. Бұл керемет қазына, Баға жетпес байлық. Оның бәрі иесін, Иемденушісін күтіп жатыр», деген екен. Айтулы ақынның бұл айтқандары қазір ақиқатқа айналып, Мұқағали туралы қаншама зерттеу мақалалар, еңбектер жарық көріп, жұрт қолына тиді десеңізші. Сондай зерделі зерттеудің қатарына жататын, жақында Алматыдағы «Хантәңірі» баспасынан оқырманға жеткен, белгілі қаламгер, сыршыл ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қадыр Әлімқұловтың «Мәңгілік мұра» атты көлемді еңбегі дер едік.
Жинақ «Қара өлеңнің қаймағы», «Қарасөздің айлағы» деген екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімнің өзі он жеті, ал екінші бөлім алты тақырыпшаға жіктелген. Алғы сөзінде қаламгер Мұқағалидің артында қалған мол мұрасын тарата келіп, «...1001 жыр жазған!». Оған 20 поэмасын қосыңыз! Оған А.Дантенің «Құдіретті комедиясынан» «Тамұқ» деп аталатын бірінші кітабын, У.Шекспирдің сонеттерін түгел, Уолт Уйтменнің өміршең өлеңдерінен, кеңестік кезеңнің көптеген ақындарының жырынан жасалған 10 мың жолдық аудармасын қосыңыз!» деп осы қыруар еңбекті ой елегінен өткізеді. Мәселен, «Жауапкершілік жүгі» деген тақырыпта ақынның «Поэзия! Менімен егіз бе едің? Сен мені сезесің бе, неге іздедім?» деген екі жол өлеңді мысалға келтіріп, поэзия мен музаны, жырды арындай ардақтағанын, оған ерекше мән бергенін Мұқағали шығармаларын тереңнен толғап, өзіндік байламдарын алға тартады. Өмірге ғашық ақынның ішкі иірімдерін әдемі бойлайды. Сол секілді, туған жерге деген ерекше ілтипатын, Отан-анасын ардақтаған асыл қасиетін, жыр жампозының жырларынан мысалдар келтіре отырып, оның биік парасатын көрсетеді. Әсіресе, ақынның Отан жайлы туындыларынан бүгінгі тәуелсіз елдің тірлік-тынысы айқын көрінгендей әсерге бөлейтінін де тілге тиек етеді. Оған «Сен – менің жаратушым құндақтаған, Мен сенің ұлыңмын деп кіл мақтанам. Кешір, ана! Бір сенің еркең болмай, Отаныма ұл болу қымбат маған», десе, одан кейін «Шүкірлік етемін қашанда, Осы бір Отанда тұрғанға!», «Жұтайыншы елімнің таза ауасын, Сарайымды, санамды тазаласын», деген керемет иірімдер бүгінгі ұрпақтың аузында жүрер аталы ақиқат екені айдай анық. Мұқағалидің туған ел, туған жер алдында өзінің кіші екенін сездіретін тұсын: «Туған халқым! Қатемді кешір менің. Сенің арқаң – сескенбей есіргенім. Егер де жырың болмай, ұрың болсам, Алақанға саласың несін мені... Уа, жұртым! Кешір мені! Кешір мені!» деген жолдармен алдыңа көлденең тартады. Ақынның ізгілікке іңкәрлігін, кейде мұңая да алатынын, өтпестей көрінетін өмірдің бір күндік сәуле екенін саналыға сездірген тұсын да әдемі жырларынан үзінді келтіре отырып талдайды. Қарғадайынан қасіретке ұрындырып, ананы аңыратып, баланы әкеден, жарды ерінен айырған сұрапыл соғыс туралы өрелі өлеңдерін талдау барысында автор тереңдеп кетеді. Алапаттың ел басына төндірген қияметін өлең жолдарымен көз алдыңа елестетеді. Соның бір дәлеліндей, «Шапан еттім төсенген алашамды, Қамқор тұтып қауқарсыз қара шалды», деген жолдың астарындағы зіл батпан тағдырды айтып, соғыстан қайтқан азаматтар: «...Мүгедек емес олар! Жаралылар. Жеңістің қолдарында жалауы бар... Парадтан барады өтіп жаралылар. Ей, адам! Басыңды и де қарауыңа ал!» деген сөздер төркінінде қан кешіп қайтқандарды мүгедек деп мүсіркемей, жаралы деп жанын жараламай жадырату бүгінгінің парызы екенін жетеңе жеткізеді. Имансыз қоғамда иманды болу керектігін де ақын жырларын Данте шығармаларымен ұштастыра отырып зерделейді.
Мұқағали Мақатаевтың орыс тіліне де жетік екенін жан-жақты қарастырған Қадыр Әлімқұлов ол тек өзге ұлт ақындарын орыс тілінен ғана аударып қоймай, өз өлеңдерін орыс тілінде сөйлеткен сауаттылығын «Елес туралы естелік» атты туындысымен дәлелдейді. Сонымен қатар, кей тұста ақындардың шенді мен шенеуніктердің алдында құндарын түсіріп, құлға айналып кететінін, сөйтіп жырдың әрін кетіретінін төмендегі төрт жол өлеңімен: «Ақынның сөзі алтыннан құнды кететін, Арзандап кеттік, ағайындар-ау, неге тым? Құшынаш болып кетпесек біздер жарады, Көрінген жанға ішірткі жазып беретін», деп алға тартады.
Екінші бөлімде ақынның артында қалған прозалық еңбектері мен хикаяттарын, драматургиясын тарата келіп, сын саласындағы толғамдарына тоқталып, заманның бет пердесін ашып көрсеткен хаттарына ой жібереді. Бір сөзбен айтқанда, көлемді еңбектен ақынның мәңгілік өмірін өлеңмен өрнектегеніне көз жеткізесің. Осы арада «Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев, Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім» деп батыл баян еткен құдіретті жыр иесінің У.Шекспир туралы айтқан мына бір орамды ойы ойға оралады. «Мәңгілік өлмеу үшін өз қаныңды ұрпағыңда қалдыру керек, сонда ғана өзіңнің өлмейтініңе көзің жетеді». «Уақыттың қатал шалғысына өшпеген, өлмеген ұрпағың ғана қарсы тұра алады» (У.Шекспир), – дейді. Ұрпаққа деген сенімін әсте бір есінен шығармайды», депті. Өзі айтқандай, ол да ұрпаққа өлмес өлең қалдырды. Иә, мәңгілік өмірді жырмен сомдады. Мұқағали Мақатаев әлемі әлі де талай зерттеулерге, іргелі еңбектерге арқау болары анық. Соның алғашқылары санатында жарық көрген Қадыр Әлімқұловтың «Мәңгілік мұра» атты зерттеуінің де өз орны бар деп білеміз.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».