Өткен сенбіде, яғни 6 ақпан күні өткен Орталық сайлау комиссиясының отырысында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы (ХДПП) атынан Мәжіліс сайлауына қатысуға ниетті барлық 19 үміткердің толық тіркелгені анықталып, оларға тиісті куәліктер табыс етілді.
«Сіздердің назарларыңызға Қазақстанның «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының партиялық тізіміндегі үміткерлерді тіркеу туралы қаулы жобасын ұсынып отырмын. Қаулы бойынша «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының партиялық тізімі тіркеледі. Тізім бойынша тіркелген Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарға куәлік берілсін. Олардың саны – 19», – деді қаулы жобасын таныстырған ОСК хатшысы Бақыт Мелдешов.
Оның айтуынша, партиялық тізімге енгізілген азаматтардың Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» заңына сәйкестігі еліміздің Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурасы арқылы тексерілген. Аталған ведомстволар берген ақпараттарға сәйкес, партиялық тізімдегі азаматтардың барлығының да заңға сәйкестігі анықталған. Кандидаттардың және олардың жұбайларының табысы және мүлкі туралы декларациялары салық органдарының анықтамаларымен расталған.
Осыдан кейін Орталық сайлау комиссиясының мүшелері аталған қаулыны бірауыздан қабылдады. Бұдан соң «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың арнайы куәлігі берілді.
«Әрбір саяси партия үшін сайлау алдында Орталық сайлау комиссиясына партиялық тізімін тіркеуден өткізу маңызды белес деп есептейміз. Себебі, негізгі жұмыстардың барлығы да осыдан кейін басталады. Сайлауға дайындық, сайлау бағдарламасын насихаттау жұмыстарының басталуы осы тіркелуге байланысты болғандықтан, мұны асыға күткен едік. Кандидаттарымыздың барлық қажетті құжаттарын толық тапсырғанбыз. Өткен съезде бекітілген партиялық тізіміміз толығымен тіркелді», – деді ОСК отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген «Ауыл» ХДПП-ның төрағасы Әли Бектаев.
Сонымен қатар, ол алдағы сайлау заң аясында әділ өтетіндігіне сенетіндіктерін жеткізе келіп, тіркеуден өткен үміткерлердің құрамына қысқаша сипаттама берді.
«Біздің 19 үміткеріміздің барлығы да жоғары білімді. Оның ішінде 11 азамат ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша білім алған. Бесеуі заңгер және экономист. Олардың барлығының да өмірлік тәжірибелері мол. Арамызда бір Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, бес ғылым докторы, үш ғылым кандидаты бар», – деді партия төрағасы.
Айта кетейік, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Орталық сайлау комиссиясының бекіткен күнтізбелік жоспарына сәйкес, партиялық тізімдерді тіркеу 19 ақпанда аяқталады.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан».