09 Ақпан, 2016

Теміржолдағы табыстылық

226 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Ақпанның 5-інен 6-сына қараған түні Қытай – Иран жүк контейнерлік пойызы Алматы облысы, Алакөл ауданында орналасқан «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы» Ұлттық компаниясының «Достық» филиалы стансасының шекаралық өткелі арқылы өтті. Бұл – жоғарыда аталған екі ел арасына Қазақстан аумағы арқылы бірінші болып өткен халықаралық пойыз. Ол 41 контейнерлік вагоннан тұрады. «Бұл пойыз біздің стансада небәрі 5 сағат қана аялдағандықтан, қысқа мерзімдік болып саналады. Жалпы, Қазақстан аумағы арқылы Қытай Халық Республикасынан Еуропаға 2014 жылы 225 контейнерлік вагон, 2015 жылы 448 контейнерлік вагон өткен еді. Сонымен қатар, былтыр Қытайдан Грузияға – 2, Әзербайжанға – 1, Түрікменстан – 2, Түркияға 1 контейнерлік жүк вагондары тіркелген пойыздар өтті. Мұның барлығы Қазақстандағы тыныштық пен бейбіт өмірдің көрінісі деп санаймыз. Жұмыс жетістігін салыстырмалы түрде алсақ, былтыр қаңтар айында Қытайдан Еуропаға 20 контейнерлік жүк пойызы өтсе, биыл ол көрсеткіш өсіп, 30 контейнерлік жүк пойызы өтті», деді «Қазақстан темір жолы» АҚ» ҰК «Достық» филиалының директоры Нұрғали Ілиясов. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы, Алакөл ауданы.