09 Ақпан, 2016

Мақсат – мәселенің оң шешім табуы

284 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
100-590Кеше «Нұр Отан» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтардың жеке мәселелері бойынша қабылдаулар өтті. Қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі А.Оспановтың айтуынша, бұл жерде азаматтарға барлық жағдай жасалыпты. Мәселен, оларға кәсіби заң­герлер мен адвокаттардың, ме­диаторлардың, банк омбудсмені кеңесшісінің тегін консультация­ларын алу, жазбаша өтініштер беру мен олардың қаралу барысы туралы ақпарат алу, e-gov электрондық порталы арқылы мемлекеттік қызмет түрлерін алу қызмет түрлері жатады екен. «Жалпы, 2015 жылы «Нұр Отан» партиясына түрлі мәселе бо­йынша өз өтініштерімен 89 мың­нан астам азамат келді. Олар­дың әрбір бесіншісінің көтер­ген мәселесі оң шешімін тапты. Партия фракциясына мүше болған депутаттардың, мемле­кет­тік, құқық қорғау органдары басшы­ларының қатысуымен 22 мың­нан астам жеке қабылдау өткі­зілді», – деді бұл жөнінде А.Ос­панов. Қоғамдық қабылдау бөлмесіне келген азаматтардың 21 пайызын жұмыспен қамту және еңбек шарттарының орындалмауы, 18 пайызын тұр­ғын үй мен жер, 14 пайызын әлеуметтік қамтамасыз ету, тағы 14 пайызын тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылық мәсе­лелері толғандырса, құқық қорғау ор­гандарына қатысты арыз-ша­ғымдарын жеткізгендердің саны 11 пайызды құрады. «Республикалық қоғамдық қа­былдау бөлмесі тұрақты негіз­де Парламент Мәжілісінің депу­таттары – «Нұр Отан» партия­сы фракциясының мүше­лері мен мемлекеттік және құ­қық қор­ғау органдары басшы­лары­ның қабылдаулары ұйымдас­ты­ры­латын, акциялар мен түрлі тақы­рып­тық және көшпелі қабыл­дау­лар өткізілетін үнқатысу алаң­ына айналды. Мәселен, 2015 жылы партия фракциясы депу­тат­тары­ның қатысуымен – 77, мем­лекет­тік, құқық қорғау органдары бас­шыларының қатысуымен – 68, оның ішінде тікелей ми­нистрлердің қатысуымен 22 қабылдау өткізілді. Ал заңгерлер мен адвокаттар 200-ге жуық қабылдау ұйымдастырды», – дейді Қабылдау бөлмесінің мең­герушісі. Жалпы, мұнда аптасына өздерінің арыз-шағымдарын, өті­ніш­­терін алып 100-ден аса адам ке­леді екен. Қазіргі таңда елімізде 8000804441 нөмірі бойынша бі­рыңғай «Жедел байланыс желісі» тұрақты түрде жұмыс істейтін кө­рінеді. Кеше Қоғамдық қабылдау бөл­месіне келген жандардың арасында елорданың №65-ші мектеп-гимназиясында денешынықтыру пәнінен сабақ беретін Құттыбек Әскербек те болды. Ол 2011 жы­лы мемлекеттік қыз­меткер ретінде үй кезегіне тірке­ліпті. «Мен бұл жерге жаңа бағ­дар­лама бойынша, яғни Қазақстан ипотекалық компаниясы арқылы арендалық баспана алуға болады дегенді естіп келдім. Қоғамдық қабылдауда маған мән-жайды ба­рынша түсіндіруге тырысты. «Кон­курстар болып тұрады. Сайт­­тан қарап отыру керек, егер тір­кеу құжаттарыңызды өткі­зе­тін бол­саңыз, 2 ай көлемінде немесе одан да тез уақыт аралығында үй алуға болады», – дегенді айтты. Осылай дей келе, ол бұл жерде өз сауалдарына толықтай жауап алғанын, баспана мәселесі бойынша алдағы күннен үміт күтетінін жеткізді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».