09 Ақпан, 2016

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы

197 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
29-12-2015-Elbasy-Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 10, 17 және 21-баптарына сәйкес және қоғамды одан әрі демократияландыру, халықты елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы хабардар ету, атқарушы органдардың және ұлттық жоғары оқу орындарының халық алдындағы ашықтығын, жауаптылығын, есептілігін арттыру мақсатында қаулы етемін: 1. Орталық атқарушы органдардың (Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігін қоспағанда) басшылары жыл сайын, екінші тоқсан ішінде өңірлермен бейнеконференцбайланысын ұйымдастыра отырып, жұртшылық өкілдерімен есеп беру кездесулерін өткізсін, олардың барысында елде іске асырылып жатқан реформалар, әлеуметтік-экономикалық даму, стратегиялық жоспарлардың түйінді көрсеткіштеріне қол жеткізу мен тиісті салаларды дамыту жөніндегі міндеттер туралы хабардар етсін. 2. Барлық деңгейдегі әкімдер жыл сайын, бірінші тоқсан ішінде халыққа есеп беру кездесулерін өткізсін, олардың барысында елде іске асырылып жатқан реформалар, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің өткен жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы, аумақтарды дамыту бағдарламаларының түйінді көрсеткіштеріне қол жеткізу, оны әрі дамытудың міндеттері мен негізгі бағыттары, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын айқындау бөлігінде жергілікті бюджеттердің жобаларын қалыптастыру процесі туралы хабардар етсін. 3. Ұлттық жоғары оқу орындарының ректорлары жыл сайын, үшінші тоқсан ішінде халықпен, оның ішінде ата-аналармен, білім алушылармен, жұмыс берушілермен, ғылыми-педагог жұртшылықтың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен білім беру, ғылыми-зерттеу және тәрбие қызметінің мәселелері бойынша есеп беру кездесулерін өткізсін. 4. Орталық және жергілікті атқарушы органдар басшыларының есептерін дайындауға және өткізуге Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес орталық және жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылатын қоғамдық кеңестер тартылсын. 5. Орталық және жергілікті атқарушы органдар есеп берулер өткізілетін күнге дейін кемінде күнтізбелік 10 күн бұрын орталық және өңірлік баспасөз бұқаралық ақпарат құралдарында және ресми интернет-ресурстарда есеп беру кездесулерін өткізу кестелерін және алдағы есеп берулерге халықтың сұрақтары мен ұсыныстарын жолдау тәсілдері туралы ақпаратты жарияласын. 6. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары есеп беру кездесулері аяқталған күннен бастап күнтізбелік 10 күннен кешіктірмей, орталық атқарушы және жергілікті атқарушы органдардың ресми интернет-ресурстарында есептерді және есеп беру кездесулерінде халық көтерген проблемалық мәселелердің тізбесін, оларды шешу бойынша тиісті шаралар қабылдау мерзімдерін көрсете отырып, орналас­тыруды қамтамасыз етсін. 7. Есеп беру кездесулерінде халық көтерген проблемалық мәселелердің шешілу барысы туралы ақпарат тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 10-күніне қарай орталық және жергілікті атқарушы органның ресми сайтында орналастырылсын. 8. Ұлттық жоғары оқу орындарының ректорлары есеп беру кездесулері аяқталған күннен бастап күнтізбелік 10 күннен кешіктірмей, өз интернет-ресурстарында есептерді және есеп беру кездесулерінде көтерілген проблемалық мәселелердің тізбесін, оларды шешу бойынша тиісті шаралар қабылдау мерзімдерін көрсете отырып, орналастыруды қамтамасыз етсін. 9. Орталық атқарушы органдардың басшылары және астананың, республикалық маңызы бар қала мен облыстардың әкімдері төмен тұрған әкімдер кездесулерінің есепті жылдағы қорытындыларын ескере отырып, халыққа есеп беру кездесулері өткізілген күннен бастап бір айдан кешіктірмей, олардың нәтижелері туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігін және Үкіметін хабардар етсін. 10. Ұлттық жоғары оқу орындарының ректорлары есеп беру кездесулері өткізілген күннен бастап бір айдан кешіктірмей, олардың нәтижелері туралы білім және ғылым саласындағы орталық уәкілетті органды хабардар етсін. 11. Білім және ғылым саласындағы уәкілетті органның басшысы ұлттық жоғары оқу орындары ұсынған ақпаратты алған күннен бастап бір айдың ішінде есеп беру кездесулерінің нәтижелері туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігін және Үкіметін хабардар етсін. 12. Қазақстан Республикасының Үкіметі: 1) орталық және жергілікті атқарушы органдар басшы­ларының, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының есеп беруінің үлгілік нысандарын дайындауды және бекітуді; 2) жыл сайын, 15 қаңтарға қарай орталық және жергілікті атқарушы органдар басшыларының, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халық алдында есеп берулер өткізу кестесін дайындауды және бекітуді; 3) ұлттық холдингтер мен компаниялар басшыларының орталық атқарушы органдар басшыларының есеп беру кездесулеріне қатысуын; 4) Қазақстан Республикасының Үкіметі мүшелерінің, орталық мемлекеттік органдар, ұлттық холдингтер мен компаниялар басшыларының облыстар, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдерінің халыққа есеп беру кездесулеріне қатысуын; 5) орталық атқарушы органдардың, ұлттық холдингтер мен компаниялардың ресми интернет-ресурстарында әкімдердің халықпен есеп беру кездесулерінің қорытындысы бойынша халық көтерген мәселелердің қатарынан өз құзыретіне кіретін проблемалық мәселелердің тізбесін орналастыруын; 6) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша халықпен есеп беру кездесулерінде көтерілген проблемаларды шешу жөніндегі шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін. 13. Облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімдері және олардың орынбасарлары аудандар (облыстық маңызы бар қалалар), қаладағы аудандар әкімдерінің халыққа есеп беру кездесулеріне қатыссын. 14. Мыналардың күші жойылды деп танылсын: 1) «Әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 15 тамыздағы № 615 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 44, 648-құжат); 2) «Әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 15 тамыздағы № 615 Жарлығына өзгерістер мен толықтыру енгізу және «Елорданың, республикалық маңызы бар қаланың, облыстардың, облыстық маңызы бар қалалардың және аудандардың рейтингтері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 11 ақпандағы № 500 Жарлығының күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 2 сәуірдегі № 776 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 25, 186-құжат). 15. Осы Жарлық 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс. Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВ Астана, Ақорда, 2016 жылғы 5 ақпан.  № 190