09 Ақпан, 2016

Құрлықаралық «алтын көпір»

653 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Поезд-1Еуразиялық интеграция институтының арнайы жобасы

ҚАЗАҚСТАННЫҢ «НҰРЛЫ ЖОЛ» ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТЫ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы өмірге келді. Бағдарлама елдің макроөңірлерін біріктіру, көлік-логистикалық рыногын және хаб қағидаты бойынша бірыңғай нарықты қалыптастыруға негізделген жаңа экономикалық саясатты іске асыруға бағытталған. Бүкіл дүниежүзі бойынша логистика эконо­миканың ең табысты салаларының бірі болып табылады. Бүгінде әлемдік көлік логистикасының рыногы жаһандық ІЖӨ-нің 7 пайызын, яғни 2,7 триллион долларды құрайды. Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің көлік-транзиттік логистикасының әлеуетін дамытуға ба­рынша басымдық берілудің себебі де осында. Ақи­қатын айтсақ, еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде республикамыздың көлік-транзиттік әлеуетін дамыту екінші кезекте қалып келді. Бұл саладағы «алғашқы қарлығаш» – ұзындығы 1200 шақырымға созылған «Бейнеу-Жезқазған» теміржол магистралының іске қосылуы болды. Бұл болат жол еліміздің тарихында алғаш рет республикамыздың орталығы мен батысын байланыстырды. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, Қазақ­стан посткеңестік кеңістікте жеке өзі осындай ауқым­ды инфрақұрылымдық жобаны іс жүзіне асырған бірінші тәуелсіз ел болып табылады. Маман­дар Достық стансасынан Ақтау портына дейін жүк тасымалы қашықтығын қысқарту есебінен аталмыш магис­трал арқылы Қазақстан территориясымен тасымалданатын жүк көлемі 40 пайызға артатындығын алға тартады. Сонымен бірге, бұл көліктік-логистикалық жоба жүздеген жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Одан кейін Қазақстанда іс жүзіне асырылған келесі ірі көлік инфрақұрылымдық жобасы – «Қазақ­стан – Түрікменстан – Иран» теміржол магистралы болып табылады. Бұл болат жолдың ұзындығы 800 шақырымға созылған. Осы ірі теміржол көлік логистикасын іске қосу және Ақтау теңіз айлағын жаңғырту арқылы еліміздің тауар транзитін 40 миллион тоннаға дейін өсіру мүмкіндігі жүзеге асатын болады. Ендеше, бұл жоба Қазақстан үшін ерекше стратегиялық маңызы бар жобалардың бірі болмақ. Еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін арттыру Қазақстанның ұлттық экономикасын дамытуға жаңа қарқын беретіндігі қазірдің өзінде айқын танылып отыр. Сарапшылардың пайымдауынша, 2020 жылға таман Еуропа мен Қытай арасындағы тауар айналымының көлемі кемінде 800 миллиард долларға өспек. Тіпті, кейбір мамандар бұл көрсеткіш триллион долларға дейін жетеді дейді. Қытай мен Еуропа арасындағы сауда және тауар айналымының артуы Қазақстан үшін өз территориясы арқылы транзиттік жүк тасымалын еселеп арттыруға жағдай жасайды. Сонымен бірге, бүгінде Мемлекет басшысы еліміздің аумағы арқылы транзиттік жүк тасымалын арттырумен бірге ауқымды сервистік қызмет және логистика жүйесін құру міндетін күн тәртібіне қойып отыр. Елбасының стратегиялық идеясының негізгі тұғыры – Қазақстанды қуатты Еуразиялық көлік логистикалық-транзиттік хабқа айналдыру. Бүгінгі күнге дейін іс жүзіне асырылған жобалар және алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалар Қазақстанның бұл идеяны толық іс жүзіне асыратындығына кепілдік береді. Ал Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік көлік дәлізі ғасыр идеясының өміршеңдігін тағы да дәлелдеп, Қазақстан экономикасы әлеуетінің еселей артатынына дәлел болады. Дуалы ауыз сарапшылардың айтуынша, Қазақ­станның транзиттік әлеуетін болжау қиын. Табиғат тартуымен Қазақстан Еуразия құрлығындағы төрт құбыланы байланыстыратын көпір іспеттес. Сонымен бірге, Қазақстан Ресейдің өнеркәсіптік орталықтарын Қытайдың Синьцзян-Ұйғыр автономиялық өңірімен және Орталық Азия мемлекеттерімен байланыстырады. Қазақстан Еуропалық одақ пен Қытайды байланыстыратын дәліз екендігі де даусыз. Статистикалық көрсеткіштер бойынша, 2014 жылы Еуропалық одақ пен Қытай арасындағы сауда айналымы 615 миллиард долларды құраған екен. Тәуелсіздік алған жылдардың ішінде еліміз транзиттік тұйық мемлекеттен қуатты транзиттік мемлекетке айналды. Атап айтқанда, ел егемендігі жылдарында Қазақстан «Ақсу – Дегелең», «Алтын­сарин – Хромтау» және басқа теміржол тораптарын іске қосты. Бұл теміржол магистралдары еліміздің әртүрлі өңірлерінің тікелей байланыс жасауына мүмкіндік ашып, Ресейге тәуелділіктен құтқарды. Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамытуда Каспий теңізіндегі Ақтау теңіз айлағына ерекше басымдық беріледі. Осы «теңіз қақпасы» арқылы Қазақстан Әзербайжан және Грузия арқылы Қара теңізге, Иран арқылы Парсы шығанағына тікелей шығуға мүмкіндік алды. Қазақстан Республикасының транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған «Жаңа Жібек жолы» жобасы шеңберінде Ақтау теңіз айлағы бірнеше көлік дәліздерінің қиылысында орналасуы арқасында шығыстан батысқа, солтүстіктен оңтүстікке және керісінше жүк тасымалын қамтамасыз етеді. Бүгінде Ақтау теңіз айлағы «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясына басқаруға берілген. Өз кезегінде бұл «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА құрлық айлағын Ақтау теңіз айлағымен теміржол торабы арқылы байланыстырып, теңіз айлағының жүк тасымалы қуатын еселей арттырады. Ақтау теңіз айлағы бірнеше халықаралық көлік дәлізінің қиылысында орналасып, әртүрлі жүк, мұнай шикізатын және мұнай өнімдерін тасымалдауды қамтамасыз етеді. Теңіз айлағында өңделетін жүктер сан алуан. Атап айтқанда, осы теңіз айлағы арқылы мұнай, металл, астық және басқа да халық тұтынатын тауарлар төрткіл дүниеге таралып жатады. Осыдан үш жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шетел инвесторларына «Жаңа Жібек жолы» жобасын ұсынды. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, Қазақстан өзінің тарихи рөлін жаңғырта отырып, Орталық Азия өңіріндегі ірі іскер транзиттік хаб ретінде «Еуропа және Азия арасындағы тікелей көпірге» айналуы керек. Осы мегажобаны жүзеге асыру нәтижесінде 2020 жылға таман Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жүк көлемі екі есе артып, кемінде 50 миллион тоннаға жетуі керек. Бұл ірі жобаны іс жүзіне асыру арқылы Қазақстан транзиттік әлеуетін арттыруда жаңа биік белеске көтеріледі. Қазақстан халықаралық транзиттік жүк тасымалы көлемін 2020 жылға таман ҚХР мен Еуропалық одақ, Ресей, Түркия, Иран арасындағы, сонымен бірге, Ресей мен Орталық Азия мемлекеттері, Иран арасындағы және Үнді мұхиты мемлекеттері мен Орталық Азия мемлекеттері және Қытай арасындағы транзиттік жүк тасымалдарын өсіре отырып, екі есе арттыруға қол жеткізеді. Соңғы жылдарда Қазақстанда іс жүзіне асырылған транзиттік көлік дәліздері және көлік логистикасы еліміздің экономикасының қуатын арттыруға ерекше жағдай жасай отырып, егемен еліміздің әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуына бастайтын даңғыл жол болып табылады. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».