«Лениншіл жас» газетіне жұмысқа жаңа орналасқан кезім. Редакциядағы күнделікті қызметпен бірге кезекшілікке де баратын тәртіп бар. Ол деген баспаханада жаңа теріліп жатқан газеттің басы-қасында болу, әр беттің корректорымен бірге әріп қатесін аңду, газеттің жаңа нөмірі толық дайындалып бітіп, редактор қол қойғанша сонда жүру. Әр газетке бөлінген жеке корректорлар бөлмесінде қыз-келіншектермен жұмыс істеу әрі қызық, әрі сын. Сын дейтінім, әр жастағы әр қыз-келіншектің мінезі әртүрлі, жаңа келген сені алуан айлалы сын тезінен өткізеді. Сүрінбей өтсең, оларға жаққаның, ара-тұра жайылатын ортақ дастарқанға қосыласың, сүт қатқан күрең шай ішесің. Сөйтсек, біздің корректорлар бюросында небір марқасқа ағаларымыздың жұбайлары қызмет істейді екен. Кезектесіп, жарысып, ағаларымыздан артылған тамақтарды бізге алып келеді. Әсіресе, Сапаргүл атты жеңгеміз маған алғашқы күннен жылы қабақ танытып, мейірімін төкті. Онысын бірде жасырмай:
– Үйдегі ағаң да алғашқы еңбек жолын, сен сияқты, 4-ші курста оқып жүріп, осы газеттен бастаған, – деп қалды.
Енді бірде тұтас бір беттік очеркім шығып жатқан кезде, балаша қуанып:
– Ағаң да бір беттік очерктер жазған. Ол кезде жассың ғой, көрдің бе, көре алмадың ба, осы «Лениншіл жас» газетінде оның газеттің тұтас бір бетін алған «Өмір жыры» деген очеркі жарияланған. Ол Қызылорда облысының Арал ауданындағы Бөген деген елді мекенде елеусіз тұрып жатқан мүгедек ақын Зейнолла Шүкіров туралы болатын. Осы очерктен кейін облыс басшылары оны облыс орталығына алғызып, төрт бөлмелі үй беріп, кейіннен мүгедектерге икемделген жеңіл машина берген болатын...
– Олай болса, ағамыз талант көзін ашқан екен. Зейнолла Шүкіровтің өмір туралы отты жырларын оқып жүрміз. Алайда, ағамыздың журналистік қабілетінен гөрі жазушылық талантын жақсы білемін. Мектеп қабырғасында жүргенде «Жаңбырлы күз» әңгімелер жинағын құмарта оқып шыққан болатынмын. Алғашқы нұсқасы «Жұлдыз» журналында жарияланып, кейіннен жеке кітап болып шыққан «Үміт» повесі де есімде.., – дей бастап едім, жеңгей екі көзі шоқтай жанып сөзімді бөліп:
– Ал сол «Үмітке» кімдердің пікір айтқанын білесің бе? Тахауи Ахтанов пен Әбдіжәміл Нұрпейісовтің өзі мақтады. Сафуан Шаймерденов, Сәуірбек Бақбергенов, Сайын Мұратбеков баспасөзде жоғары баға берді. Бәрі де «әдебиетке жаңа леп, жаңа талант келіп қосылды» десті.
Бұл енді рас. Ол кезде жазушы Бек Тоғысбаев ағамыздың аты дүрілдеп тұрған кез. Жоғарыдағы аты аталған жинақтан кейін Бек ағамыз «Алдыңғы толқын», «Асыл адам айнымас», «Боз жорға», «Намыс» кітаптарын шығарып, оқырман қауымға кеңінен танылған кезі. «Лениншіл жастан» кейін «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Мәдениет және тұрмыс» журналында бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарып, жастардың сол кездегі жаңадан ашылған «Жалын» журналын құрып, бас редактордың орынбасары қызметін атқарып жүрген тұсы.
Осы арада бір айта кетерлік нәрсе, ол кезде «Жалын» журналының ашылуы ерекше бір құбылыс болды. Әдеби өмірдегі айрықша жаңалық еді. Небір талантты жастардың жарқырап шығуына жол ашты. Оны көзіміз көріп, куәсі де болдық.
Бек ағамыз әдебиетке ерте келіпті. Өзінің айтуынша, он бес жасында аудандық газетте, он алты жасында республикалық «Қазақстан пионері» газетінде өлеңдері жариялана бастаған. Өзінің кейінгі кезде жазған өмірбаяндық «Көргендерім мен түйгендерім» атты мақаласында мынадай жолдар бар:
«Мен Балқаш көлінің Оңтүстік батысындағы Көккөл деген аралда туыппын. Қазақтар, орыстар, кәрістер балық аулайтын сол аралдағы мектепте әкем Тоғысбай мұғалім болған. Шешем Күлшәрі айтып отыратын: «Кіндігіңді орыс кескен, тойдың тамағын кәрістер істеген, тойыңды арғындар бастаған», – деп. «Қазақ бастаған» демей, әзілге айналдыруында мынадай мән бар екен: кәмпеске кезінде немесе ашаршылық жылдарында сол аралға Арқадан ауып келген ағайындар қоныс тепсе керек. 1936 жыл – кәрістердің де қиыр шығыстан жер аударылып келген уақыты. Ел тоғая бастаған кез, балық, астық мол, мал басы да көбейе бастаған жыл болса керек...
Әкем Тоғысбай өлең жазатын, ән салатын кісі екен, маған, бәлкім, бойымда бар өнер сол кісіден жұққан шығар, ал ауыз әдебиетін мен әжемнен алғаш естіп, үйрендім. Ол кісі көптеген жырларды жатқа айтушы еді. Біржан мен Сара айтысын, «Дариға» деген дастанды әріп тани бастағанда әжемнің айтуымен жазып алдым. Кейбір үзінділері қазір де сақтаулы...»
Бек ағамыздың балалық, жастық шағы сол кездегі замандастары секілді соғыс жылдарының қиыншылығына тап келді. Әсіресе, әкесінен «қара қағаз» келгеннен кейін тағдыр тауқыметі оны қатты сынға алды. Алайда, талапты жас қайыспай, Шоқпардағы ағайындарын сағалап, мектепті үздік бітірді. 1952 жылы он алты жасында бір орынға сегіз бала таласқан КазГУ-дің журналистика бөліміне қабылданады.
Журналист, жазушы, сыншы Бек Тоғысбаевтың ерекше қырларының бірі – оның драматургия саласындағы өнімді еңбегі. Бұған оның Мәскеу қаласындағы екі жылдық жоғары сценаристер курсында оқығаны әсер етпей қойған жоқ. Бұл жайында Бекең кейіннен былай деп жазды: «Мәскеуде оқыған екі жыл ой-өрісімді кеңейтті, киноның, әдебиеттің талай тарландарымен жүздестірді... Бірақ мұнда жолым болды деп айта алмаймын. Жазған сценарийді экранға шығаратын «өзіңнің» режиссерің керек екен, әркімнің соңынан жүгіріп жүруді намыс көрдім. Телефильмдерге жарияланған конкурста екі бөлімді «Аққу көлі» атты сценарийім бәйге алып, оны Ескендір Тынышбаев экрандады да, сонымен тындым. Алайда, кинодраматургияның негізін оқып-білуім, Мәскеу театрларын көріп, зерделеуім кейін пьесалар жазуыма, прозаның өзін ширата түсуіме әсер етпей қойған жоқ».
Кейіннен республика театрлары Бекеңнің «Тасқын», «Ақын Сара», «Алтыннан ардақты», «Базарыңның барында», «Күйеу таңдаған келіншек», «Жүрек соғып тұрғанда» пьесаларын сахнаға шығарып, ел-елді аралап, қалың көрермендерге кеңірек таныстырды.
Бекеңнің өнер саласында көпке қайырымы тиген қайраткерлік еңбегі 1970 жылдан басталды. Осы жылдың көктемінде халқымыздың ардақты азаматы, Қазақ КСР Мәдениет министрі Ілияс Омаров оны Өнер істері жөніндегі басқарма бастығы қызметіне шақырды. Әрі министрліктің коллегия мүшесі болып табылатын бұл қызметте Бек Тоғысбаев бес жыл істеп, өзінің ұйымдастырушылық, басшылық қабілетімен таныла білді. Осы жылдар ішінде Республика Сарайы жұмыс істей бастады. М.Әуезов атындағы академиялық драма театры жаңа ғимаратқа көшті, облыстарда жаңа театрлар ашылды, Қазақ циркі, «Гүлдер» ансамблі көрермендерін сүйсіндірді. Осы істердің қай-қайсының болмасын бел ортасында жүрген Бекең кейіннен Қазақстан Кинематографистер одағының хатшысы болып сайланды.
Жекелеген шығармалары бірқатар шетел тілдерінде жарияланған, 20-дан аса кітаптардың авторы, белгілі жазушы Бек Тоғысбаевтың өмірінің соңғы жылдарындағы шұқшия, өндіртіп жазған тақырыбы – ел мен жер тарихы еді. Бұған оның «Тарихтың ашылмаған беттері», «Бұрын және бүгін» атты кітаптары нақты дәлел бола алады. Әсіресе, «Нұрлы өлке» баспасынан 2003 жылы шыққан «Бұрын және бүгін» атты еңбегінде бүгінгі ұрпаққа тәлім болар небір толғақты тарихи мәселелер терең қозғалған-ды.
«Жылқының жалын, жаудың жағын айырған» атты тарихи баянда: «Қазақ халқының негізін құрған үлкен тайпалардың бірі – жалайырлар туралы тарихи деректер, зерттеулер, әдеби шығармалар біраз баршылық. Бірақ олардың бәрі шашыраңқы, бір жүйеге түспеген. Тіпті, жалайырлардың шығу тегін шатастырушылар да жоқ емес, – дей келе, автор аса ірі ғалым, шығыс зерттеушісі Бартольдтан бастап көптеген белгілі ғалымдармен, тарихты зерттеушілермен пікір жарыстырады, ой қозғайды, сөйтіп, нақты ғылыми дәлелдермен тұжырым жасай келе, былай деп қорытындылайды: – Қалай десе де барлық зерттеушілер орта ғасырларда, әсіресе, Шыңғыс хан заманында, оның ұрпақтары дүниежүзінің төрт түпкірін жаулағанда жалайырлар және олардан шыққан қолбасшылар аса зор рөл атқарғанын арнайы айтады».
Шыңғыс ханның оң қолы болған ұлы қолбасшы Мұқали туралы мақалада мынадай қызықты деректер бар. Автор оны Мәскеуде басылған «Дүниежүзі тарихының» 3-ші томына сүйене отырып айтады.
«Шыңғыс хан Қытайдың Солтүстігін жаулауды өзі бастаған да, ұлы қолбасшылары – Сүбітай баһадүрді, Жебе ноянды, Жошыны ертіп, негізі 150 мың әскерімен Батысқа қарай аттанған. Шығысты, күллі Оңтүстіктегі елдерді жаулауды Мұқалиға тапсырып, қол астына 20 мың ғана әскер қалдырған. Мұқалидың аса зор ұйымдастырушылық, көрегендік қабілеті арқасында жергілікті Таңғұт, Қидан сияқты жауынгер тайпалардан сұмдық көп әскер жиналған. Өз еркімен бағынған қытай феодалдарын да әскерге қосып алған. Сөйтіп, ол Шыңғыс хан ала алмаған Енкинді (қазіргі Пекин) 1215 жылы жаулап, оны Ханбалық (ханның қаласы) деп атап, өзі өлгенше астана етіп отырған».
Осы кітапта қазақ тарихында айтулы орындары бар: Қадырәлі би, Ескелді би, Балпық би, Жолбарыс, Бақай батырлар мен Қабан жырау жайында жақсы жазылыпты. Ел қорғаған ерлер жайында құнды естеліктер келтірілген.
Ескелдінің жастайынан зерек, тапқыр болып өсуіне қоршаған ортасы игі ықпал еткен көрінеді. Ел билеген азаматтар, айыр тілді билер бас қосқанда әкесі Ескелдіні бала кезінен бірге ертіп жүрген. Келе-келе есі кіре бастаған кезде билер шиеленіскен дау-дамайдың шешуін таппай дағдарып отырғанда балаң жігіттің еті қызып, арқасы қозып сөз сұрай бастаған. Ауыл ақсақалдары, білікті билер оқта-текте сөз кезегін бергенде Ескелді асқан тапқырлықпен, шешендікпен, ұйқас сөздер тауып сөйлей жөнеледі екен. Бұған әкесі Жылкелді ұяла қысылып: «Балам, үлкендердің алдына бекер түсесің», деп тыйым салмақ болғанда сөз төркінін ұғатын зерделі, зиялы кісілер «Жылкелді, баланың талабын қайтарма, бұл жерде «Ата тұрып ұл сөйлегеннен без, ана тұрып қыз сөйлегеннен без» деген көне мәтелді қолдану ретсіз, балаңның ұғымы да, түйсігі де бөлек, басқа балаларға ұқсамайды» дегенде, көңілі тасып шабыттанған Ескелді:
Қой асығын қомсынып,
Шымыр емес демеңіз.
Қолға жақса сақа ғой.
Ұл сөйлесе шамсынып,
Жасы кіші демеңіз,
Ақылы асса дана ғой, – деп тоқтаған екен.
Бұған әкесі де шаттанып: «Балам, алдыңнан жарылқасын, үй баласы ма десем, ел баласы екенсің, еліңнің ай маңдайлы арысы бол», – деп батасын берген.
Осындай қордалы мәліметтерді көптеп жинаған Бек Тоғысбаевтың «Бұрын және бүгін» кітабы шынымен-ақ, тарихи оқиғаларға, жаңа, тың дүниелерге толы. Және олардың бәрі де нақты ғылыми деректермен дәлелденіп отырады. Автордың бұл еңбектерді жазар алдында архивтерде жылдар бойы сарылып іздегені, көп оқып, көп тоқығаны көрініп-ақ тұр.
Кей тұстарда автор тарихи оқиғаларды жазушылық, журналистік жалынмен, тіптен, жандандыра түседі. «Пышан Жәлмендеұлы» атты мақаласында былай толғанады:
«Қожахмет бай бір рет атылғанда қалпақтай ұшып, жан тәсілім етіпті. Ал қолы артына байланған бойы биік, зор денелі Пышан ақын іші оттай жанып тұрса да осалдық танытпай қасқайып тұрып қарсы алыпты өлімді... Ең таңғаларлығы бұл да емес. Басқада... Бір рет атылғанда құламапты. Екінші рет атылғанда да құламапты. Үшінші рет атылғанда да жел шайқаған қайықтай теңселіп тұрып алыпты. Тек төртінші, бесінші рет атылғанда ғана кескен теректей құлап түсіпті. Сонда оны ажалға бермей тайталасқан не құдірет? Не жұмбақ? Мұның жауабы әлі күнге дейін табылмай келеді.
Осы өлім жазасы туралы шындықты бізге жеткізген жерлесіміз Қанабек Байсейітов еді. Ол бозбала шағында сол қатаң жазалау процесіне қатысып, бәрін көзімен көріпті».
Бек Тоғысбаев – қазақ әдебиеті мен өнеріне, мәдениеті мен тарихына айтарлықтай үлес қосқан, өз дәуірінің айтулы атпал азаматы. Бүгінде оның 80 жылдығын атап өтіп отырған елі мен жері, артында қалдырып кеткен қыруар еңбектері барда, оның есімін ешқашан ұмытпайды. Бекең ағамызға тағдыр әлі де біраз ғұмыр бергенде, бүгінгі тарихымыз қайта жаңғырып, қазақ хандықтарын таратып айтатын жағдайға жеткенімізді көріп, балаша қуанып, ортамызда өзіне тән өр мінезімен көкірегін айқара көтеріп, ариялар мен халық әндерін шырқай салып, терең тарих тармақтарынан сыр сабақтап отырар ма еді!?
Ырым КЕНЕНБАЙ,
жазушы.
АЛМАТЫ.