Кеше Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов журналистерге брифинг өткізіп, Мәжіліс және мәслихаттар сайлаулары жөнінде хабардар етті.
ОСК басшысының айтуынша, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес 2016 жылғы 8 ақпанда кандидаттарды ұсыну аяқталды. «Кандидаттарды ұсыну іс-шаралары Конституцияға және сайлау заңнамасына толық сәйкестікте өтті. ҚР ОСК-ға барлығы 6 саяси партияның – «Нұр Отан» партиясының, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының, Қазақстан Коммунистік халық партиясының, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының және «Бірлік» саяси партиясының тізімдері, жалпы саны 234 кандидат ұсынылды. Қазіргі уақытта «Нұр Отан» партиясының, «Ақ жол» ҚДП-ның, «Ауыл» ХДПП-ның және ҚКХП-ның партиялық тізімдері тіркелді», – деді Қ.Тұрғанқұлов осы мәселе жөнінде.
Кандидаттар құрамында он ұлттың өкілі бар. Тіркелген кандидаттардың 80 пайызы ер адамдар, 20 пайызы әйелдер. Кандидаттардың 99 пайыздан астамы жоғары білімді.
Партиялық тізімін тіркеген партиялар сайлау қорларына қаражат жинау үшін арнайы шоттарды ашу жөнінде жұмыс жүргізуде. Сонымен бірге, саяси партиялардың және мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың сайлау қорларын тіркеу де жүргізілуде. ЖСДП және «Бірлік» партияларының тізімдеріне енгізілген кандидаттарға қатысты қазіргі уақытта олардың Конституцияның және «Сайлау туралы» Заңның талаптарына сәйкестігін тексеру жалғастырылуда.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың хабардар етуінше, ОСК мен аумақтық сайлау комиссиялары сайлауды ұйымдастырушыларды оқыту жөніндегі жұмыс аясында 407 семинар, кеңес және тренинг өткізген. «Сайлау үдерісіне облыс, қала және аудан деңгейінде барлық қатысушылар үшін тағы 573 семинар өткізу жоспарланып отыр», – деді ол әрі қарай. – Жуық арада Орталық сайлау комиссиясы үгіт науқанын өткізу мәселелері жөнінде екі семинар ұйымдастырады. Біреуі республикалық БАҚ басшылары үшін, ал екіншісі сайлауға қатысатын саяси партиялардың өкілдері үшін».
Оның айтуынша, сайлауға қатысты ОСК-ге келіп түскен барлық өтініштерге уақтылы жауап берілген. Бұдан кейін Қуандық Тұрғанқұлов электораттық науқан басталғаннан бері ҚР ОСК-ге жеке және заңды тұлғалардан 25 өтініш келіп түскенін атап өтті. «Олардың 52 пайызы Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау жөнінде, 48 пайызы мәслихаттар депутаттарын сайлау жөнінде болды», – деді ол.
Орталық сайлау комиссиясының электронды мекенжайына 10 өтініш жолданыпты. Олардың тоғызында сайлау заңнамасының нормаларын түсіндіру айтылса, тағы біреуі сайлау комиссияларының қызметін ұйымдастыру мәселелеріне қатысты өтініш көрсетілген.
Қ.Тұрғанқұлов, сондай-ақ, мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды ұсыну барысы туралы да ақпарат беріп өтті. Жергілікті өкілді билік органдарына дауысқа түсетін азаматтардың белсенділігі жоғары екендігін атап айтты. Оның айтуынша, 2012 жылғы сайлау науқанымен салыстырғанда, бұл жолы алғашқы 20 күннің ішінде ұсынылған кандидаттардың саны екі есеге өскен. «8 ақпандағы сағат 19-00-дегі мәліметтер бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттығына 4870 кандидат – 581-і – облыстық мәслихаттарға, 21-і – Астана қаласының мәслихатына, 95-і – Алматы қаласының мәслихатына ұсынылды. Аудандық мәслихаттарға 3244 кандидат, қалалық мәслихаттарға – 929 кандидат ұсынылды», – деді ол осы туралы.
ОСК басшысының келтірілген мәліметтеріне қарағанда, кандидаттардың 69 пайызы ер адамдар, 31 пайызы әйелдер. Олардың 66 пайызының жоғары білімі бар.
«Округтік сайлау комиссиялары мәслихаттар депутаттығына 568 кандидатты тіркеді», – деді сөзінің соңында Қ.Тұрғанқұлов.
Кеше, сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов пен «Қазақстандағы сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия» республикалық қоғамдық бірлестігінің (СБРҚК) төр-
ағасы Нұрлан Ерімбетов кездесті.
Орталық сайлау комиссиясының басшысы Парламент Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлауды өткізуге дайындық жөніндегі ОСК жұмысымен таныстырды. «Сайлау үдерісін байқауды жүзеге асыратын ұйымдармен ынтымақтастық – сайлау науқанының жариялы әрі ашық ахуалын қамтамасыз ету жөніндегі Ортсайлауком қызметі бағыттарының бірі», – деді Қ.Тұрғанқұлов.
Ал Н.Ерімбетов Ортсайлауком мүшелерімен және сайлау органдарымен ынтымақтасуы тығыз әрі пайдалы болатынына сенім білдірді. «Біздің қызметіміз сайлау үдерісінің айқындығын, сайлаушылардың өз қалауын еркін білдіруін, сондай-ақ, сайлау науқанына барлық қатысушылар үшін тең жағдайды қамтамасыз етуге бағытталған», – деді ол.
Қ.Тұрғанқұлов ОСК мен қоғамдық бірлестік арасында өзара іс-қимыл тәжірибесі бар екендігін айта келіп, «СБРҚК сарапшыларының заң бұзушылықтар туралы бізді жедел ақпараттандыруы маңызды. Ол бізге уақтылы әрекет жасауға, сондай-ақ, алдағы уақытта оларды болдырмау шараларын пысықтауға мүмкіндік береді», – деді.
Кеше, сондай-ақ, «Қазақстан Республикасында сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері «Ақ жол» партиясының сайлаудағы штабында болды. Ондағы комиссия төрағасы Нұрлан Ерімбетов, комиссия мүшесі Аманқұл Серікбаев және «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевтың кездесуінде алдағы сайлау науқанына қатысты, оның ішінде сайлау үдерістерінің әділ және ашық өтуіне байланысты әңгіме қозғалды.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».