10 Ақпан, 2016

Хантәңірден Ұлытауға дейін

332 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
ERA_1373+«Поэзия! Менімен егіз бе едің? Сен мені сезесің бе, неге іздедім? Алауыртқан таңдардан сені іздедім, Қарауытқан таулардан сені іздедім», – деп жырлаған Мұқағали ақын шындығында да поэзия­мен егіз тұлға. Ол дүниеге шыр етіп емес, жыр етіп келген сияқты. Өлеңдері тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді. Қазақ поэзиясының қазанаты секілді шапқан сайын шабыттана түсетін Мақатаев жырлары оқырман ойын дөп басып, жүрегінің төрінен орын алғаны қашан. Кеше ақынның 85 жасқа толуына орай Ұлттық академиялық кітапхананың ұйымдастыруымен өткен жырға толы, сырға толы кештің куәсі болдық. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, М.Мақатаев атын­дағы сыйлықтың алғашқы иегері, ақын Несіпбек Айтұлы жүргізген жиынның өзіне тән ерекшелігі болды десек, артық айтқандық болмас. Неге десеңіз, бұл кеште ақын Жүрсін Ерманның да шығармашылығы кеңінен насихатталды. Солай болуы заңды да шығар. Себебі, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері болған Жүрсін Ерманның өлең өмірінде Мұқағалидың алар орны ерекше екені естеліктерінен білініп тұрды. Аталған кешке Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, профессор Намазалы Омашев, «Егемен Қазақстан» республикалық га­зеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов, режис­сер, профессор Сәулебек Асылхан қатысып, ой санды­ғынан сыр суырып, құнды деректермен құлақ құры­шын қандырды. Сонымен қатар, кітапхана холлындағы көрмеде «Құдіретті жырдың құндағы» тақырыбы бойынша Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығы бойынша жарық көрген кітапхана қорындағы кітаптар және ақын өлеңдерінің желісі негізінде талантты суретші Алмас Сырғабаевтың қаламынан туған суреттер көрермен назарына ұсынылды. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан».  Астана.