10 Ақпан, 2016

СКРИНИНГ – қатерлі аурудың алдын алудың бірден бір амалы

812 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы аясында қатерлі ісікпен бүкіләлемдік күрес күніне орай ұйымдастырылған ашық есік күнінде бірнеше әлеуметтік шара қатар өткізілді. Биыл «Біздің қолымыздан келеді!», «Ме­нің қолымнан келеді!» атты ұранмен өтіп жатқан бүкіләлемдік күрес күні жалпы қатерлі ісіктің алдын алу, науқастардың болашаққа деген сенімін нығайту мақсатын көздейді. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі бұл датаға орай жасалған арнайы бағдарламасында халықты ақпараттандыруға баса көңіл бөлді. Осыған орай, Қазақ онкология ҒЗИ мамандары жиналған журналистерді еліміздегі 2015 жылдың онкологиялық есебімен таныcтырды. – Қатерлі ісікке шалдығу ықтималдығы Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстанда басым. Ал оңтүстік өңірлерде көрсеткіштер төмен. Бұған экологиялық факторлар әсер етеді. Бірақ, қазір скрининг бағдарламалары өз нәтижесін беріп жатыр. Мәселен, биыл скрининг арқылы қатерлі ісіктің алғашқы сатысында анықталған жағдайлар 57 пайызға көбейді, ал соңғы 3-4 сатысында белгілі болғандары – 8 пайыз. Бір қуанарлығы, жыл санап скринингке келушілер саны артып келеді», – деді Қазақ онкология және радиология ҒЗИ директорының орынбасары Дәулет Байпайысов. Бұдан бөлек, институтта жаңадан енгізілген Сall-орталық туралы кеңінен ақпарат берілді. Тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейтін Сall-орталық қызметкерлері науқастардың жа­қындары мен емделушілердің кез келген сұрақтарына байланысты қажетті ақпаратты береді. Жиыннан соң журналистер жаңа бағдарламаны тәжірибеден өткізіп көрді. Сонымен қатар, институтта жұмыс істеп тұрған «Белсенді науқас» жобасы да журналистердің қызығушылығын тудырды. – «Бел­сенді науқас» жобасы – тұр­ғын­дардың арыз-тілектерін электронды түрде жеткізу жолы, институт басшылығымен байланыс. Яғни, ем-шара ұнамаса немесе өзге тілектері болса, сол туралы жазып, инс­титут басшылығын хабардар ете алады. Бұл жаңа жүйенің бір ерекшелігі, мұнда аты-жөні жоқ адамдардың арыз-өтініштері қабылданбайды. Институт қызметкерлері: «Мамандар жұмысына арызданушы нау­қастың ары қарайғы ем-домы қалыпты жүреді, ешқандай қысым көрсетілмейді. Оған кепілдік береміз», деді өз сөздерінде. Басқосудың соңында ауыр сырқатты жеңген балалардың тағдыры туралы «Я буду поливать тебя, мой цветочек» деректі фильмінің тұсаукесері өтті. Бұл туындының режиссері Р.Казарян да жиынға қатысты. Елімізде онкологиялық аурулар өлім-жітім көрсеткіші бойынша екінші орында тұр. Қазақ онкология және радиология ҒЗИ берген дерек бойынша, 2015 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 207,8-ге, ал өлім-жітім көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 89,9-ды құрайды. Яғни, жыл сайын 17 000 адам қатерлі дерттің себебінен көз жұмады. Ал олардың 42 пайызы – еңбекке жарамды жастағылар. Сондай-ақ, өткен жылы онкоаурулар арасында тері, кеу­де, өкпе пен асқазан қатерлі ісіктері асқына түскен. Рактың жыл санап көптеп анықталуы скрининг бағдарламалары арқылы жүзеге асып жатыр. 2015 жылы ересектердің арнайы тобында 6238087 адам скринингтік тексеруге келген. Ал онкологиялық скрининг шеңберінде 2 364 263 адам профилактикадан өтті. Соның негізінде 2 мыңға жуық қатерлі ісік жағдайы анықталған. Айта кетсек, Қазақ онкология және радиология ҒЗИ биылғы жылғы 1-10 ақпан аралығында өткен шара бойынша барлық тұрғындарды қатерлі ісік скринингінің 6 түрі бойынша тегін тексеруден өткізді. Сонымен қатар, сол күні БАҚ қызметкерлері үшін тегін әрі кезексіз онкологиялық аурулардың алдын алу мақсатындағы тексеру ұйымдастырылды. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Алматы.