Елбасы 2015 жылғы 30 қарашада Қазақстан халқына Жолдауында ауқымды жекешелендіруді тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін ішкі ресурстарды барынша босатудың тетігі ретінде айқындады.
Жекешелендіру мынадай мақсатта жүргізіледі:
- отандық кәсіпкерлікті нығайту;
- мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін азайту;
- мемлекеттік активтерді неғұрлым тиімді меншік иесіне өткізу жолымен елдің жеке бизнесін одан әрі дамыту.
Жекешелендірудің 2014-2016 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асырудың екі жылында жалпы сомасы 78,7 млрд. теңгеге 241 нысан сатылды. Анықтама үшін: оның ішінде республикалық меншік бойынша – 5,5 млрд. теңгеге 15 нысан (оның ішінде 1 нысан сенімгерлік басқаруға берілді); коммуналдық меншік бойынша – 2,9 млрд. теңгеге 116 нысан; ұлттық холдингтер мен компаниялар бойынша – 67,3 млрд. теңгеге 50 нысан; ӘКК бойынша 3 млрд. теңгеге 60 нысан сатылды.
77 нысанды жаңа меншік иелері, жеке тұлғалар – азаматтар иеленді. 70 нысанды заңды тұлғалар – инвесторлар сатып алды. 93 нысанды ағымдағы бірге иеленушілер (олардың ертеректе қатысу үлестері болған) сатып алды. 1 нысан («KEGOC» АҚ-тың 10%-ы) ІРО арқылы мыңдаған адамдарға сатылды.
Өткен жылы бағасы 9 млрд. теңге тұратын «Транстелеком» АҚ, бағасы 7,5 млрд. теңге тұратын «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ квазимемлекеттік сектор бойынша, ал акцияларының мемлекеттік пакеті 1,6 млрд. теңгеге сатылған «Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті» АҚ республикалық меншік бойынша сатылған ең ірі нысандар болды.
Тұтастай алғанда, 2014 жылмен салыстырғанда кешенді жоспар бойынша 2015 жылы шығарылған нысандардың саны 17%-ға ұлғайды, сатылған нысандардың саны 8%-ға азайды.
Бұл ретте, республикалық меншік бойынша 2014 жылмен салыстырғанда шығарылған нысандардың саны 64%-ға өсті, сатылғандардың саны 3 есе ұлғайды.
Жекешелендірудің «екінші толқыны» үдерісін талдауда нысандардың сатылу қарқынының төмендігі және сатудың ұзақтығы негізгі проблема ретінде көрінді: шығарылған нысандардың 57%-ы сатылды.
Проблемалар талданып, заңнамалық түзетулер енгізілді. «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына жекешелендіруге шектеулерді алып тастайтын және осы үдерісті үдетуге мүмкіндік беретін түзетулер енгізілді. Осылайша, заң шеңберінде нысанды сауда-саттыққа шығару саны бойынша шектеулер айқындалды, сәтсіз 3 сауда-саттықтан кейін мәжбүрлеп тарату, сауда-саттықты міндетті түрде электронды форматта өткізу; жариялау мерзімі қысқартылды; халықаралық консультанттарды тарту көзделді (ТОП-65 жаңа нысандары үшін өзекті) және т.б. Бәсекелес ортада жұмыс істейтін стратегиялық емес нысандарға қатысты бөлікте мемлекеттік кәсіпорындарды мүліктік кешен ретінде жекешелендіру туралы шешімді қабылдау бойынша құзырет Үкіметтен мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға және жергілікті атқарушы органға берілді, мұның өзі жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Заңды іске асыру үшін Жекешелендіру объектілерін сату қағидасына тиісті өзгерістер енгізілді. Тұтастай алғанда, енгізілген түзетулер жекешелендірудің «екінші толқынына» жаңа серпін беруі, әлеуетті сатып алушыларды тартуы тиіс.
Жекешелендіру үдерісінің ашықтығы мен айқындығы қамтамасыз етілуде, жекешелендіру нысандары, баға мен сауда-саттық түрлері gosreestr.kz сайтында қолжетімді. Смартфондарды пайдалану үшін Android пен Ios мобильді қосымшалар әзірленді. Пайдаланушылар үшін түсініктемелері бар роликтер мен нұсқаулықтар сайтта орналастырылды, саII-орталығы да жұмыс істейді.
Қорытылған қысқаша ақпарат орталық газеттерде қайталанып жарияланады. Сонымен бірге, үнемі брифингтер, дөңгелек үстелдер, көшпелі семинарлар мен кеңестер өткізіледі, радио мен теледидарда баяндамалар жасалады, мақалалар жарияланады.
Алдыңғы тәжірибені ескере отырып, қателер мен қажетті тұстар ескерілгенін, техникалық бөгеттер жойылғанын, жекешелендіру үдерісінің сәтті өтуіне шаралар қолданылғанын айтуға болады.
Елбасының экономикаға мемлекеттің қатысуын қысқарту туралы тапсырмасына сүйене отырып, алдымызда саудаға қойылатын нысандардың санын барынша ұлғайту міндеті тұр.
Осы мақсатта Қазақстан Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы №1141 қаулысымен бекітілген Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленді, жекешелендірілуі тиіс және басым тәртіппен (ТОП-65) бәсекелес ортаға берілуге ұсынылатын 65 ірі ұйымның тізбесі және жекешелендірілуі тиіс және бәсекелес ортаға берілуге ұсынылатын қолданыстағы өзекті етілген 718 ұйымның тізбесі бекітілді.
ТОП-65 нысандарының тізбесіне теңгерімдік құны кем дегенде 5 млрд. теңге тұратын өте ауқымды әрі мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардың тартымды компаниялары («Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Бәйтерек» АҚ және «ҚазАгро» АҚ) енгізілді.
Жаңа кешенді жоспар Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Жобалау офисін құруды; Қазақстан Республикасының заңнамасы айқындайтын тәртіппен мемлекет-жекеменшік әріптестігі тетіктерін қолдана отырып, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын жеке секторға беруді; арнайы консультанттарды тартып, Бірыңғай ақпараттық саясат шеңберінде ауқымды РR-науқан жүргізуді көздейді.
Жобалық офис аясында ашық та бәсекелес сауда-саттық, ТОП-65-ке қатысты әділ нарықтық құнын белгілеу үшін бағалауға және жекешелендіру бойынша мәмілелерді сүйемелдеуге халықаралық консультанттар шақырылатын болады.
Жобалық офистің міндеті жекешелендірудің біріктірілген жоспарын қалыптастыру және бекіту, квазимемлекеттік сектордың активтерін бәсекелес ортаға беру, сондай-ақ, қажетті іс-әрекеттерді, мерзімді және активті сәтті өткізуге жауапты адамдарды нақты айқындай отырып, әрбір активті сату жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу болып табылады.
Ірі компаниялар стратегиялық инвесторларға немесе ІРО тетіктері арқылы қор нарығына шығару жолымен сатылады. Маңызды нысандарды сату бәсекелестікті, өнім сапасын арттыруға және инвесторға әлеуметтік міндеттемелерді жүктеуге мүмкіндік беретін белгілі бір талаптарды сақтай отырып жұргізіледі.
Атап өтілгендей, басты міндет Елбасының Жолдауында айтылған кең ауқымды жекешелендіру мен бәсекелестікті ұлғайту.
Аталған тапсырманы іске асыру үшін «YellowPagesRule» қағидаттарын ескере отырып жасалған талдау қорытындылары бойынша Қаржы министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен және салалық министрліктермен бірлесіп, бәсекелес ортаға беру үшін нысандардың тізбесін қосымша әзірлеп жатыр. Жекешелендіру мен мемлекет иелігінен алу үдерісін одан әрі жандандыру, былайша айтқанда, мемлекет меншігін «жеңілдету» қажет.
Түпкі нәтижесінде кең ауқымды жекешелендіру, мемлекеттік ұйымдардың бір бөлігін қайта ұйымдастыру мен тарату экономикадағы мемлекет пен квазимемлекеттік сектордың қатысу үлесін 15%-ға азайтуы тиіс.
Айнагүл АУЖАНОВА,
Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті республикалық меншіктегі нысандарды сату
және жекешелендіруден кейінгі бақылау басқармасының бас сарапшысы.