Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінде «Парасатты НЛО» (Нағыз лидерлер одағы) пікірсайыс клубының ұйымдастыруымен тұңғыш рет тек қыздарға арналған «Қазақ қызы» атты екі күндік республикалық пікірсайыс турнирі өтті. Қатысушылар тек қана қыздар болған турнирда шешім шығарып, әділ төрешілік ету – ер-азаматтарға бұйырды.
Алғаш рет ұйымдастырылып отырған пікірсайыс додасына Алматы, Өскемен, Семей, Қызылорда қалаларының жоғары оқу орындарынан, яғни ҚазҰУ, ҚазҰАУ, UIB, ҚазҰТЗУ, АЭжБУ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің пікірсайысшылары қатысып, бар білімдерін ортаға салды.
Жалпы, бұл турнир қазақ қыздарының ой-пікірін жан-жақты, еркін айтуға үлкен ықпалын тигізді. Қай тақырыпқа болмасын көсіле сөйлеп, мәселені шешу жолын қарастырды. «Қазақ қызы» деген атқа лайық болу – әр қазақ қызының басты міндеті. Ол көркімен ғана емес, ақыл-парасатымен, шешендігімен, ұтқырлығымен ерекшеленіп тұруы қажет.
«Қазақ қызы» атты республикалық пікірсайыс турниріне қатысқан командаларға сайыс барысында түрлі тақырыптар қарастырылып, өзекті мәселелер қозғалды. Пікірсайысшылардың негізгі міндеттері – қоғамның өзекті мәселелерін талқыға салып, сол туралы түсініктерді кеңейту болды. Әр топты жеке-жеке төрешілер бағалады. Турнир идеясының авторы Қыздар университетінің Парасатты нағыз лидерлер одағының президенті Ардақ Әзімхан, турнирдің бас төрешісі магистратура студенті Сандуғаш Меңлібаева, ал бас ұйымдастырушысы – Ғазиза Досымбек болды.
Турнирда «Бұл палата 1/3 статистикасына әйелдер кінәлі», «ЖаҺандануда барлық салт-дәстүрлерді ұстану ақталады», «Айша бибі әкесін тыңдағанда бақыттырақ болатын еді», «Зарина патшайым елін емес, сүйгенін таңдайды», «Феминизм қазақ қоғамында», «Қазақ тарихындағы есıмı алтын әріппен жазылған аруды атайды», «Саясатқа әйелдердің келуі мемлекеттің саяси және әлеуметтік мәселелердı шешуге оң әсерін тигізеді деп есептейді» деген жеті тақырып ойнатылды.
Сондай-ақ, пікірсайыс додасында «Пікірсайыс аруы – 2016» жеңімпазы С.Демирел университетінің студенті Айнұр Есенғалиева иемденіп, тәж бен бағалы сыйлықтар тапсырылды. Пікірсайыс орындарында американдық парламенттік формат бойынша І орынды Ә.Молдағұлова командасы, яғни университеттің пікірсайыс клубының мүшесі Аида Өтемісова мен Халықаралық Бизнес университетінің студенті Айжан Әуелбек иемденіп, мақтау қағазы мен сыйлықтар тапсырылды. ІІ орынды «Тұмар ханым мен Темір ханша» тобы – М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенттері Ақнұр Сәрсенбек пен Ақерке Алтаева, ІІІ орынды «Қанатсыз періштелерден» – Ақерке Дәулет пен Семей қаласындағы С.Аманжолов атындағы медициналық университеттің студенті Еркежан Кәметаева иеленді.
Аталмыш турнир алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».