10 Ақпан, 2016

«Кәсібім – кинематограф

291 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

УзбекКино-2Орта Азия елдері арасынан шыққан алғашқы кинорежиссерлердің бірі, ХХ ғасырдағы көптеген тарихи оқиғалардың куәгері

Мәлік Каюмов өмірінен штрихтар

– Міне, ол кісі кезінде осында жұмыс істеген, – деді жүрісін сәл баяулатқан жолбасшымыз. – Бүгін күн жексенбі ғой. Сондықтан мұнда ешкім жоқ. Қоятын сұрақтарыңыз болса, оған мына Бахтиёр ака дайын. Себебі, бұл кісі өзіңіз айтқан атақты кинооператор Мәлік Каюмовпен 18 жыл бірге жұмыс істеген жан. Жолбасшы деп отырғанымыз Ташкент қаласындағы қандастарымыздың ішіндегі еті тірі азамат, осындағы «ESKULAP – МЕD» орталығының жетекшісі – Әбдіәшім Рүстемов. Ал ол таныстырған адамдар –атақты актер, Өзбекстанның халық әртісі Бахтиёр Ихтияров пен кәсіби фототілші Мұрат Арынов және Оңтүстік Қазақстан облыстық өзбек драма театрының директоры Икрам Хашимжанов. Әңгімелесіп тұрған жеріміз – «Өзбекфильм» акционерлік қоғамы ғимаратының алды. – Жақсы, – дедік біз өзімізді ертіп жүрген адамдардың өтініші бойынша киностудияның қарсы бетіндегі шайхана ауласына кірген соң. – Бірақ айтыңыздаршы, кезінде атағы жер жар­ған сондай адамның Ташкентте не бала-шағасынан, не туған-туысқанынан ешкімді кездестіре алмауымыз қалай? УзбекКино– Біріншіден, – деді бұл сауалға Бахтиёр ака, – Мәлік Каюмов тумысынан қалалық. Ондай жандардың қыш­лақтағыларға қарағанда әулетаралық байланысы бір-бірімен өте аз болады. Екіншіден, ол кісі өте ұзақ ғұмыр кешкен адам. Сондықтан оның замандастары мен көзкөргендерінен қазір көп ешкімнің қалмауы заңды құбылыс. Үшіншіден, кезінде Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болып, «Өзбекфильм» секілді үлкен киностудияда басшылық қызметтер атқарған адамның өз ұл-қыздарын сонау кеңестік кезеңде-ақ шет жақтарда оқытуға мүм­кіндігі әбден жеткілікті болды. Сол себепті бұл кісінің ұрпақтарының бәрі Ташкент емес, әрісі Париж, Бонн, берісі Мәскеу, Санкт-Петербургте тұрады. Осылай деген Бахтиёр Ахмедұлы сүйікті ұстазы, кинорежиссер Мәлік Каю­мов туралы айта бастады. Сөз арасында біз әңгіме иесінің өзі туралы сұрауды да ұмытқамыз жоқ. Сөйтсек бұл кісі өз елінде 60-жылдары біздің республикамыздағы А.Әшімов, С.Оразбаев, Ә.Молдабеков секілді дүр етіп көтерілген тума таланттармен қатар шыққан өнер өкілі екен. Сол кезеңде Ташкенттегі көркем-театр институтын бітірген ол Абдулла Каххар атындағы республикалық сатира театрында жұмыс істейді. «Өзбекфильм» киностудиясына шақырылып, 1964-1989 жылдар аралығында 16 фильмге түседі. Олардың арасынан біз өзіміз бала кезімізден білетін «Қайдасың, менің Зүлфиям?», «41-ші жылдың алмасы», «Жетінші оқ» пен «Әбу Райхан Бируни», «Отқа оранған жол» және «Кабулдағы аптапты жаз» фильмдерінің аттарын естігенде, әңгіме иесін басқа қырынан танығандай болып, оған деген құрметіміз арта түсті. – Мәлік Каюмов 1912 жылы Таш­кент­те дүниеге келген, – деп бастады әңгімесін Бахтиёр ака. – Бірақ ол кісі­нің нақты қай айда туғаны белгісіз. Өйт­кені, сол тұстарда туу туралы куәлік әлі қолданысқа енгізіле қоймаған ғой. Ота­ғасы 14 перзентінің әрқайсысының өмірге келуіне қатысты мәліметтерді қасиетті Құран кітабы мұқабасының ішкі жағына жазып қояды екен. Бірақ, бұл тізім кейіннен, яғни, Абдулқаюм ақсақал қайтыс болғаннан соң жоғалып кетіпті. Анасының сөзіне қарағанда, сәби Мәлік көктемде, көкөністер енді-енді базарларда сатыла бастаған кезде өмір есігін ашқан. Бұл шамалап алғанда сәуір айына сәйкес келетін тұс. УзбекКино-11917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін бала Мәлік Ташкентте, қазіргі әуе­жай орналасқан маңда тұрған. Оның әкесі Абдулқаюм ака шаһардағы ең дәулетті адамдардың бірі болған. Отағасы былғары өңдейтін зауытқа, жеміс-жидегі самсаған бақшаға және жүздеген гектар жерге иелік етіпті. Және бұл кісі жылқы өсіруге өте құмар екен. Сондықтан, шаһарда аламан бәйгелер өтетін атшабар салған. Мәлік Қаюмов 6 жасында өздері тұра­тын махалладағы мектепке барып, оны 20-шы жылдары тәмамдайды. Оған Тохири ака деген мұғалім сабақ береді. Бұл кісі кейіннен Ленин орде­німен марапатталған, сондай-ақ, «Өз­бекстанның халық мұға­лімі» атағын иеленген ұстаз болған. Мәлік оқыған жоғарыдағы махалла мектебін бітір­гендер арасынан кейіннен көптеген танымал тұлғалар шыққанын да айту парыз. Олар өткен ғасырдың 50-60-жылдары ел мақтанышына айналған Абид Садықов, Хамдам Усманов сынды академиктер еді. – Сонда дейміз-ау. Кейіпкеріміз өзінің өмір бойғы мақсат-мұратына айналған кино саласына қашан келген? Оның бұл мамандықты таңдауына не себеп болған? – Ештеңе де. Иә, еш нәрсе де ықпал етпеген. Бұл салаға ол тек өзінің жүрек қалауымен келген, – деп сөзге аралас­ты осы жерге келгенде жолбасшымыз Әб­діәшім Рүстемов. – Белсенді өмірлік бағ­дарымен бет бұрған, сөйтіп 17 жастағы жеткіншек «Шарқ юлдузи» (қазіргі «Өзбекфильм») деген жаңадан ұйымдасып жатқан кино мекемесіне жұмысқа тұрады. Оған Николай Кладо есімді кинорежис­сер жетекшілік етіп, бау­лиды. Бұл кісі Ресейдегі орыс фло­ты­ның тарихын зерттеуші белгілі адам­ның ұлы екен. Сөйтіп жүріп жас Мәлік алғаш рет 1930 жылы актер ретінде фильмге түсе­ді. Нақтылай айтқанда, бұл өзін тәрбиелеп жүрген Николай Кладоның режиссерлігімен өмірге келген туынды еді. «Бағдадтан келген америкалық қыз» атты сол фильмде біздің кейіпкеріміз жас жігіт­тің рөлін ойнайды. Ол бұдан кейін де бірқатар киноленталарға түсіп, актерлік жұмысын кинофабрика операторының ассистенті қызметімен қоса атқарады. 1930 жылы Мәлік Каюмов пен Николай Кладо Мәскеуге келеді. Же­тек­шісінің бағыт-бағдар беруімен, Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институты – ВГИК-тің кинооператорлар бөліміне оқуға түседі. Осылайша, жаңа өмір көріп, көзі көп нәрсеге жеткен Мәлік екі жылдан соң Ташкентке оралады. Сөйтеді де іле «Өзбекхроника» студиясына жұ­мысқа орналасып, осымен бір мезетте «Союзкинохроника» студиясында да қызмет етеді. Сол кездерде жас кинооператор Ташкент көшелерінде жүре бастаған алғашқы автобус жөнінде, өзбек әйел­дерінің бетперде киюден бас тартып, ескілік қалдығы ретіндегі пәренжілерін өртегені туралы фильмдер түсіреді. 1939 жылы Мәлік Каюмовтың «Ташкент тоқыма комбинаты» атты деректі фильмі Нью-Йоркте өткен Бүкіләлемдік көрмеде көрсетіліп, Үлкен алтын медальға лайықты деп танылады. Сол жылы ұзындығы 270 шақырымдық Ферғана каналының құрылысы туралы «Құдіретті тасқын» фильмін жарыққа шығарады. Осыдан бастап кинооператор оның танымалдылығы арта түседі. – Енді Мәлік Каюмовтың Самар­қанд­тағы Әмір Темір қабірін ашқан мәскеулік антропологиялық экспедицияға қатысуы туралы айтсаңыздар. Ол оқиға өзі қалай болған? Бұл топқа біздің кейіпкеріміз қалай қосылып жүр? – 1941 жылғы маусым айының орта шенінде, – деп сөзге араласты осы жерге келгенде фототілші әріптесіміз Марат Арынов, – Мәлік ака Орта Азия билеушісі, атақты қолбасшы Әмір Темірге қатысты тарихи құжаттардың дұрыстығын анықтап, зерт­теу мақсатындағы орта­лықтан құрылған экспедиция құрамына кіреді. Мәскеуден келген бұл топқа ол жайдан-жай енгізілмеген-ді. Өйткені, Өзбекстанға кинооператор ретінде кеңінен таныла түскен Мәлік Каюмов сол кездері осы елдегі кинокамераны ұстап, басқара алатын жалғыз адам-тын. Осылайша, ол экспедиция құрамындағы үш оператордың бірі болады. – Әмір Темір қабірін ашуға үкімет оның комиссия төрағасы етіп шығыс­танушы А.А.Семеновті, ал мүшелікке антрополог М.М.Герасимов пен ғалым Т.Н.Кары-Ниязовты және жазушы С.Айниді бекітті, – дейтін бұл тақырыпта әңгіме қозғалғанда Мәлік аканың өзі, деді осы араға келгенде әңгімеге қайта араласқан Бахтиёр Ихтияров терең ойланып. – Куәгердің, яғни, сол кездегі 29 жастағы Мәлік Каюмовтың өз сөзімен айтсақ оқиға былай болған: «Қабірді ашу жөніндегі ой сонау 1926 жылы туындаған академик Массонның идеясы екен. Алайда, ол кезде Кеңес өкіметінде мұндай іске қаражат қарастырылмапты. Ал 1941 жылы қаржы табылған кезде Массонның өзі одан бас тартып, оған қатыса алмайтынын экспедицияның толық емес, атүсті жасақталғандығына сайыпты. Қабірді ашу жұмысы 17 маусымда басталды. Әуелі Әмір Темірдің ұлы Шахрух пен немересі Ұлықбектің мүрдесі ашылды. Ал 21 маусым күні біз бас қабірді қазуға кірістік. Осы кезде топырақ пен тастарды сыртқа шығаратын лебедка сынып, үзіліс жарияланды. Мен кесенеден шықтым да жақын маңдағы көше бойында орналасқан шайханаға келдім. Онда отырған үш ақсақал өзімнің Әмір Темір күмбезіне байланыс­ты қазба жұмыстарына қатысымның бар-жоғын сұрады. «Иә, мен ондағы ең үлкен басшылардың бірімін», деп қуақылана жауап бердім қарияларға. Шынтуайтында, экспедициядағы қаз­ба жұмыстарын жарықпен толық қам­тамасыз ету менің мойнымда еді. Сол сәт ақсақалдардың бірі қолындағы ұстап отырған кітабын алдыма қойды да: «Әмір Темірдің қабіріне тиісуге болмайды. Ондай жағдайда сыртты соғыс лаңы жай­лайды», деген жазбаны көрсетті. Таш­кент махалласындағы мектепте сау­атымды араб әліпбиімен ашқандықтан, мен ол жазуды анық оқыдым. Кесенеге қайта оралған бетте ақса­қалдармен арада болған әңгімені экспедиция басшыларына бұлжытпай айтып бердім. Олар мені мұқият тыңдап, сол кісілермен жолықтыруымды сұрады. Біз көшеге шығып, ақсақалдар отырған шайханаға беттедік. Осы жерде түсінбестік жағдай туды. Неге екенін білмеймін, экспедиция мүшелері мен қариялардың арасындағы әңгіме ол кісілерді күлкі етумен аяқталды. Бұған ренжіген ақсақалдар орындарынан тұрып, үн-түнсіз сыртқа бет алды. Ал біз кесенеге келіп, қазу жұмыстарын одан әрі жалғастырдық. Кенет кесене ішіндегі жарық сөніп қалды. Бұған ешкім онша мән бере қойған жоқ. Жарықты жөнге келтірдік те қабірді қаза бердік. Зиратты аршып болып оның түбіне үңілгенімізде, ең бірінші көзімізге түскені, 500 жыл болса да жаңа көмілгендей жақсы сақталған билеуші қабірі болды. Оның қақпағын ашқан кезде кесене ішін жағымды хош иіс жайлады. Содан соң кенет..., иә, кенет сұсты адам бейнесіндегі буалдыр елеске толы қою бу сыртқа атылып шы­ғып, ысылдаған күйі іле жоқ болды. Шошынған экспедиция мүшелері бір сәтке кері серпілді. Бәлкім, бұл әлгі ақса­қалдар айтқан «соғыс лаңы» ма екен? Бірақ ол кезде мұны ойлайтын жан болмады. Барлығымыздың ынтамыз саркофагтағы Әмір Темірдің сүйегіне қарай ауған еді... Ертесінде, 22 маусым жексенбі болған­дықтан қонақ үйде жатқан біз кешірек ояндық. Жігіттер радио тыңдағысы келді. Қабырғадағы динамиктің құлағын бұрағанымызда бәріміз сілейіп отырып қалдық. «Соғыс басталыпты!» деді өңі бұзылған жетекшіміз. Сол сәт бөлмеде өлі тыныштық орнап, бәріміздің көз алдымызға шайханадағы бейтаныс ақсақалдармен болған әңгіме келген еді». – Сөз ретіне қарай айта кетейін, – деді жоғарыдағы жайды баяндаған Бах­тиёр ака осы араға келгенде сәл жөткірініп. – Кезінде киностудия бөлмесі мен фильм түсіретін алаңдардағы бос уақыттарда Мәлік акадан жоғарыдағы оқиғаны біздер, жас актерлер қайта-қайта сұрайтынбыз. Міне, сондай сәттерде ол кісі бұл әңгімені нақ осындай мазмұнда айтып беретін. 90-шы жылдары қарт кинорежиссердің «Кәсібім – кинематограф!» атты өте әдемі кітабы жарыққа шықты. Әмір Темір қабірін ашуға қатысты оқиға Мәлік Каюмовтың сол туындысында да қолмен қойғандай етіп осылай баяндалған. – Естуімізше біз әңгіме етіп отырған таңғажайып тағдыр иесі Ұлы Отан соғысына кинооператор болып қатысқан дейді. Бұл енді сол кездегі жағдайдағы сирек оқиға... – Иә, – деді бұл сауалымызға сапарлас жігітіміз Икрам Хашимжанов. – 1941-1945 жылдары Мәлік Каюмов «Совинформбюроның» арнаулы кинохроника тобы құрамында қызмет етті. Ол Калинин майданында, Мәскеу, Ржев қалалары маңында, сондай-ақ, Белоруссияның азат етілуі жөнінде деректі киноленталар түсірді. Майдандағы операторлар жауға қар­сы оқ атып, гранат лақтырған жоқ. Бірақ, алдыңғы шепте от пен оқтан жас­қанбаған жауынгерлермен бірге жүр­ді. Осындай кездерде Мәлік Каюмов екі рет жараланады. Сонда оны жауынгер серігі Алексей Семин шайқас алаңынан алып шығып, өлімнен құтқарып қалады. Ол алғашқы жарақатына байланысты гос­питальда үш ай жатады. Екінші рет оған 1944 жылы Минск маңында оқ тиеді. Жарақаты ауыр болғандықтан Мәскеуге жеткізіледі. Сол жерде дәрігерлер аяғын кесіп тастамақ болған. Бірақ білікті хирургке тап келген кинооператор әлгі қауіптен аман қалады. Ол соғыстан кейін, яғни, 1946 жылы режиссер-оператор, «Өзбекфильм» киностудиясының көркемдік жетекшісі болып қызмет атқарды. 1961-1976 жылдары киностудия директоры, содан кейін осындағы ғылыми-көпшілік және деректі фильмдер жөніндегі алқаның төрағасы болды. Мәлік Каюмов өз өмірінде толық метражды және қысқа метражды 400-ден астам фильм түсірген адам. 50-60-жылдары оның Сырдария аңғарындағы ГЭС-ке байланысты «Фархад алауы», одан кейін «Өзбекстанға келіңіздер!» деген деректі кинокартиналары шықты. Бұлардың соңғысы Венецияда өткен халықаралық кинофестивальда Алтын медаль алды. Содан соң «Регистан», «Төрт қақпалы Хиуа шаһары» киноленталарын өмірге әкелді. Мәлік Каюмов 1966-1968 жылдары тынбай еңбектеніп, Өзбекстан астанасында орын алған зілзала зардаптары жөнінде деректі фильм түсірді. «Ташкент. Жер сілкінісі» атты осы кинолентада адамдардың тосыннан келген апат салдарларымен күресі, қираған үйлердің орнында жүргізілген ауқымды құрылыс жұмыстарына бүкіл Кеңес Одағының атсалысуы табиғи түрде өте нанымды баяндалған. Ол бірнеше жыл Шығыс елдері туралы да тартымды кинотуындылар түсірумен шұғылданды. Олардың арасынан «Үн­дістан таңы» мен «Вьетнам – менің елім!» фильмдерін ерекше атап өтуге болады. Сол сияқты, Ауғанстан туралы да көптеген деректі киноленталар түсірді. Бұл бағыттағы кинорежиссердің абыройын асырып, атағын аспандатқан туынды деп «Республикаға оқ атқан кім?», «Ауғанстан. Революция жалғасуда» атты деректі фильмдерін айтуға болады. Сценарийін халықаралық шолушы Александр Бовин жазған ол киноленталар 1984 және 1987 жылдары көрерменге жол тартып, КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды. ...Әңгіме аяқталды. Шайхананың қарсы бетіндегі «Өзбекфильм» киностудиясы ауласына қарап отырып, ойыма осыдан біраз уақыт бұрынғы жайт оралды. 1999 жылдың күзі еді. Алматыда ТМД елдері өнер иелерінің басын қосқан «Кинотавр» фестивалі өтіп жатты. Шараның соңғы күнінде жюри мүшелері жеңімпаздарды марапаттау үшін Кино үйіне жиналды. Сонда салтанатты кешті жүргізуші: «Ардагер кинематограф» жүлдесі Ташкенттен келген құрметті қонақ, Хамза атындағы Өзбекстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мәлік Каюмовке беріледі», – дегенде сахнаға ұзын бойлы, ақ шашты, жылы жүзді қарт адам беттеді. Сол кезде ол кісі 87 жаста екен. Жұртты қарияның еңкеймей, кібіртіктемей, өзін ширақ ұстағаны қатты таңғалдырды. «Менің бұл әріптесім тірі тарих, – деген болатын сонда қонаққа жүлдені тапсыруға жауапты жюри мүшесі, қазақ киносының аға буын өкілі Ораз Әбішев ақсақал. – Басқа жағдайларды былай қойғанда оның Ұлы Отан соғысына кинооператор болып қатысуының өзі неге тұрады. Бұл мыңдардың біріне ғана бұйырған мүмкіндік. Кездесіп, әңгімелесіп қалы­ңыздар!». Бірақ оған жағдай болмады. Кино үйіндегі кеш аяқталған соң фестивальді ұйымдастырушылар қонақтардың бірін әуежайға, екіншісін пойызға шығарып салуға, үшіншісін Медеудегі қонақ үйге апарып күтуге асығып, оларды журналистерге жолық­тыруға мұрсат бермеді. Енді, міне, арада 17 жыл өткен соң Ташкентке келіп отырмыз. Жанымызда тірі тарих атанған Мәлік Каюмовтың өзі емес, шәкірті. Ал көз алдымызда қарияның табанының ізі қалған «Өзбекфильм» (қазір «Өзбеккино деп аталады – ред.) киностудиясы. Оның ауласы тып-тыныш. Қақпа түбіндегі шынар ағаштары ештеңе болмағандай, ештеңе білмегендей мүлгиді. Еске түсірейікші. Бұдан небәрі, айталық, 30 жыл ғана бұрын мұнда халықаралық Ташкент фестивальі деген атпен бүкіл Орта Азия республикаларын дүркіреткен дүбірлі жиын өтпеуші ме еді?! Сонда осы жерде француз Луи де Фюнес пен үнді Радж Капурды, жапон Акиро Куросава мен латыш Донатас Банионисті, қырғыз Болотбек Шамшиев пен қазақ Абдолла Қарсақбаевты, молдаван Михай Волонтирді жарқылдай қарсы алып, өз елінің жақсылығын жұртқа жайып салып Камил Ярматов пен Малик Каюмов секілді тұлғалар жүрмеуші ме еді? Енді, міне, олардың сондай дулы да шулы күндері алыста, түу сонау алыс­та қалған сияқты әсер қалдырады. «Әр нәрсе өз уақытында, өз кезінде екен-ау...» – деуші ме еді Шыңғыс аға Айтматов кітабының бір кейіпкері. Иә, өмір деген осы да... Жанболат АУПБАЕВ, «Егемен Қазақстан». ТАШКЕНТ. Суреттерде:М.Каюмов; «Өзбекфильм» киностудиясы; кинорежиссер М.Каюмовтың 1990 жылы шыққан деректі кітабы.