10 Ақпан, 2016

«Ауылдың» күші агроөнеркәсіп кешенінде

232 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қарағанды қаласында «Ауыл» халықтық-демократиялық пат­риоттық партиясының бастамасымен «Отандық ет пен сүт нарығының ерекшеліктері және оны дамытудың болашағы» атты республикалық форум өтті. Форум жұмысына «Ауыл» ХДПП хатшысы Бөрібай Жексембин, аталған партияның облыстағы филиалының, мемлекеттік органдардың, «ҚазАгро­Қаржы», «Аграрлық кредиттік корпо­ра­ция», «Ауыл шаруашылығына қаржылық көмек көрсету қоры» компаниялары бөлімшелерінің және агроқұрылымдардың басшылары мен мамандары қатысты. Қазіргі таңда Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болған Қазақстан үшін ауыл шаруашылығын дамыту, оның ішінде ет және сүт саласына басымдық беру мәселесі өзекті болып тұр. Жалпы, сарапшылардың есебінше, біздің еліміздің ішкі нарықты ет және сүт өнімдерімен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортқа шығаруына да мол мүмкіндігі бар. Мысалы, мамандардың айтуынша, Қазақстанның жыл сайын Ресей мен Қытайдың өзіне жалпы сомасы 5 млрд. АҚШ доллары болатын сиыр етін экспорттауға мүмкіндігі бар екен. Алқалы жиынға қатысушылар соңғы жылдары елімізде агроөнеркәсіп кешенін қолдау мақсатында бірқатар маңызды шаралардың қабылданғанын бірауыздан атап өтті. Мысалы, 2013 жылдан бері «Агробизнес-2020» бағ­дар­ламасы жүзеге асырылып келеді. Осы бағдарлама аясында ауыл шаруа­шы­лығын дамытуға бюджеттен қомақты қаржы бөлінуде. Қазіргі таңда мемлекет агроөнеркәсіп саласын тікелей несиелендіруден басқа, қолдаудың нарыққа бейімделген басқа да тетіктерін қарастырған. Мысалы, құрал-жабдықты, техника мен төрт түлік малды, инвес­ти­циялық шығындарды лизингке немесе несиеге алу бойынша пайыздық мөл­шерлемесін субсидиялауға көшті. Форумда баяндама жасаған «Ауыл» партиясының хатшысы Бөрібай Жек­сембин аталған шаралардың «100 нақ­ты қадам» Ұлт Жоспарын іске асыру аясында қабылданғанын атап өтті. «Бұл шаралардың аграршылар үшін өте маңызды екенін ескере отырып, «Ауыл» партиясы елімізде агроөнеркәсіп кешенін дамыту жайы мен болашағын, оның ішінде мемлекеттің аграрлық сектордағы жаңа бастамаларды іске асыру механизмін түсіндіру және талқылау бойынша дөңгелек үстелдер, семинарлар ұйымдастырылуда», – деді Б. Жексембин. Жалпы, отандық мал шаруашылығы әлеуетін іске асыру үшін ұсақ тауарлы өндірісті белсенді түрде пайдалану керектігі жиында баса айтылды. Осы мақсатта шағын шаруа қожалықтары мен жекенің қосалқы шаруашылығын мемлекеттік тұрғыдан ынталандыру шараларын әзірлеп, іске асыру міндеті күн тәртібінде өткір тұр. Сондай-ақ, жерді тиімді пайдалану мәселелері де өз шешімін табуы керек. Сонымен қатар, колледждер мен кәсіби мектептер және жоғары оқу орындары деңгейінде ауыл шаруашылығы саласына қажетті мамандар даярлау ісін де ілгерілеткен жөн. Әлбетте, бұл мәселелердің бәрі де саладағы заңнамаларды жетілдіруді талап етеді. «Ауыл» партиясының өкілдері саладағы көкейкесті мәселелерді шешуге белсенді түрде атсалысуға әзір екендіктерін жеткізді. Бұл үшін, әрине, агроқұрылымдардың, мемлекеттік ор­ган­дардың, даму институттары мен қо­ғамдық бірлестіктердің күш біріктіргені қажет-ақ. Жиын соңында республикалық форум қарар қабылдады. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан».