10 Ақпан, 2016

Бір күнде екі балабақша ашылды

632 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
IMG_8579Облыс орталығында соңғы жылдары мектепке дейінгі балалар мекемелері көптеп салынуда. Жақында қалада екі бірдей балабақшаның пайда­лануға берілуі – соның айқын дәлелі. «Шаттық» пен «Думан» балабақшаларында 400-ге жуық балапан тәрбиеленетін болады. «Заречный-1» тұрғын ауданында бой көтерген №48 «Шаттық» балабақшасының ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Бекбол Сағын тұрғындарды пайдалануға берілген әлеуметтік нысанның ашылуымен құт­тықтап, жылы лебізін білдірді. Ол Елбасының тапсырмасымен Ақтөбеде тағы бір балабақша іске қосылғанын, «Мәңгілік Ел» бо­ламыз деп алдына үлкен мұрат қойып отырған мемлекетімізде жас ұрпақтың тәр­биесіне үлкен маңыз беріліп отырғанын жет­кізді. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуе­зовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген аталы сөзін тілге тиек ете келіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2020 жылға дейін еліміздегі 3-6 жастағы балдырғандарды то­лықтай балабақшамен қамтуды міндеттегенін атап өтті. Қазірдің өзінде Ақтөбе қаласындағы 3-6 жастағы балалардың балабақшамен қамтылу деңгейі 80 пайыздан асқанын бұл саладағы жетістік ретінде бағалады. Ата-ана­лар атынан сөз алған Гүлнар Сариева ба­­ла­­­бақшаның ашылуына ұйытқы болғаны үшін Елбасына және жергілікті билікке ризашылығын білдірді, еліміздің гүлдене беруіне ізгі тілегін арнады. Балабақша құрылысына жергілікті бюд­жет­тен 362,3 миллион теңге бөлінген. 150 орын­дық бала­бақшада 6 топ жұмыс жасайды. 40-қа жуық маман жұмыс істейді. Мұнда балалардың ойын және жатын бөлмелері, музыка залы, ме­ди­­циналық бөлме, асхана сапалы жиһаздармен жа­рақ­тандырылған. Медициналық блогта дезин­фекциялық құралдарды дайындайтын және физио­терапевтік бөлмелер орналасқан. Балабақша ала­ңында бүлдіршіндердің бел­сенді қимылдауына ар­нал­ған көлеңкелі бас­тырма, шағын сәулет нысан­дары орнатылған. Бұдан кейін қала басшысы облыс орталы­ғындағы 11-шағын ауданда орналасқан №49 «Ду­ман» балабақшасына барды. Мемлекет басшысы бұрын балабақша ғимараты болған нысандарды күрделі жөндеуден өткізіп, жас ұрпаққа қайтаруды жүктеген болатын. «Думан» балабақшасы осы тапсырма негізінде ашылып отыр. Күрделі жөндеуден кейін пайдалануға беріліп отырған ғимаратта №11 шағын ауданмен қатар, оған көршілес орна­ласқан №12, «Мәскеу» мен «Болашақ» шағын аудандарының да балалары тәрбиеленетін болады. 230 балаға арналған балабақшада 10 топ бар. Жалпы алаңы 3621,66 шаршы метр ғимараттың құрылысына бюджеттен 238247 мың теңге жұмсалған. Құрылысты «Элитстройсервис» ЖШС жүргізген. Қалалық білім бөлімінің басшысы Ләз­зат Оразбаеваның айтуынша, өткен жаз айында 7 мыңға жуық бала балабақшамен қам­тылған, биылғы жылы 8 мың бүлдіршінге бала­бақшаға жол­дама беріледі. Сондай-ақ, таяуда «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында 320 орындық балабақша бой көтереді деп күтілуде. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы. Суретті түсірген Хайреден РАУШАНОВ.