11 Ақпан, 2016

Мақсат – ысырапқа жол бермеу

346 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Мемлекеттік бюджеттің әр тиынының сұрауы болар уақыт келді. Кеңқолтықтау заманда мемлекеттен бөлінген қыруар қаражатқа түрлі әлеуметтік нысандар салған мердігерлер сапасына жеткілікті мән бермей, бауы мен шуына оралып жүретін. Күні кеше пайдалануға берілген ғимараттың шатыры жел бір ұйытқып соққанда тұтасымен қарғадай қалбалақтап жерге ұшып түскен. Мектеп салған мердігер тапсырыс берген парта кішкентай болып, ересек оқушылар кептеліп отыратын оқиғалар да кездескен. Енді ондай келеңсіздікке жол жоқ. «Нұр Отан» партиясы Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры мен бюджеттен бөлінген қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуына мониторинг жасап, бақылау ісін қолға алды. Былтыр «Нұрлы Жол» бағдар­ламасы аясында Оңтүстік Қазақ­стан облысында 24 нысанның құры­лысына 7 439,9 млн.теңге қар­жы бөлінген. 2015 жылғы 31 желтоқсандағы мәлімет бойынша, өңірдегі 11 нысанда құрылыс жұ­мыстары аяқталып, 7 409,6 млн.тең­ге немесе қаралған қаражаттың 99,6 пайызы игеріліпті. Ал қалған нысандардың құрылыс жұмыстары 2016 жылға өткен. Түркістан қаласында 280 орынға есептелген балабақша құры­лысына 395,8 млн. теңге қара­лып, нысанды биылғы маусым айын­да ел игілігіне тапсыру жоспар­ланған. Кеше Түркістан қаласын­дағы партия филиалы жанын­дағы инфрақұрылымдарды дамы­ту комиссиясының төраға­сы Баймахан Сүлейменов бұқара­лық ақпарат құралдары өкілдері­нің қатысуымен аталған нысан­ның құрылыс барысы және жұмы­сымен танысу үшін арнайы рейд ұйымдастырды. Өткен жылы балабақшаға бюджеттен 250 млн. теңге бөлініп, мердігер «Бек» серіктестігі бекі­тілген кесте бойынша жұмысты тия­нақты орындапты. «Бек» ЖШС-нің учаске басшысы Мұрат Орын­бетов: «Балабақша құрылы­сын өткен жылдың маусым айында бастадық. Қаржыландыру уақ­тылы болғандықтан, біз өткен жыл­ға жоспарланған жұмысты бекі­тілген мерзімде бітірдік. «Нұр Отан» партиясының комиссия мүшелері біз атқарған жұмыстың сапасын бақылауда. Нысандағы жұмыстарды осы жылдың мамыр-маусым айларында толыққанды аяқтаймыз деген ойдамыз», – деді. Осындайда еске түседі. 2000 жыл­дардың басында Түркіс­тан­ның «Достық» ауылына қоныс­танған ағайындардың арызымен сапасыз салынған мектеп ғимаратын көруге келгенбіз. Едені кеппеген тақтаймен жабылған. Астынан ыза өткен соң, су тақтай бордай үгіледі. Салмағы ауырлау бір мұғалімі орындыққа сылқ отырғанда төрт темір аяғы еденді тесіп кетіп, үйелеп қалған ғой. Шіріген тақтайдан еденді ұстап тұру үшін әр жерден кірпіш тіреу қойылғанын өзіміз де көрдік. Бүгінде ондай сапасыз құрылыстар келмеске кетті. Айтқандай, 280 орындық балабақшаны салуға жұмсалған құрылыс материалдарының 90 пайызы отандық болса, соның 40 пайызы Түркістан кәсіпкерлерінің үлесіне тиді. Түркістанда еліміз Тәуелсіздік алғалы 22 жаңа мектеп, 10-нан астам медицина нысандары салынған. Бұған қосымша айтарымыз, Түркістан қаласы ежелгі өркениет орталығы ретінде ЮНЕСКО-ның бүкіләлемге танымал мәдени-тарихи кешендер мен ескерткіштер тізіміне кірсе, Ахмет Ясауи кесенесі Жібек жолын жаңғырту бағдарламасына енген. Мағжан ақын «Түркістан – ер Түріктің бесігі ғой», деп жырлаған киелі қалада осындай іргелі бастамалар қолға алынып жатыр. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.