Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы және салалық кәсіподақтар бірлестіктері басшыларының қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Онда Ұлт Жоспарын жүзеге асыру, оның ішінде жаңа Еңбек кодексі шеңберіндегі әлеуметтік жаңғырту үдерісі мәселелері талқыланды.
Қазіргі кезде еліміздің Кәсіподақтар федерациясының құрамына 18 салалық және 16 аумақтық кәсіподақ бірлестіктері кіреді. Ал кешегі жиынға осы саланың жеті бірдей өкілі, айталық, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов, Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасарлары – Қайрат Айтуғанов және Павел Казанцев, Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының төрағасы Сұлтан Қалиев, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы төрағасының орынбасары Виктор Беженаров, Салалық құрылыс кешені және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің кәсіптік Одағының төраға орынбасары Тілеулес Мадьярова, Кәсіподақтар федерациясы Оқыту, зерттеу және дауларды шешу орталығының оқу жөніндегі басқарма жетекшісі Лауэра Ахметжан қатысты.
«Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласында Мемлекет басшысы, перспективалы бағыттарда үкіметтік емес секторды жандандыра түсу қажеттігін атап өтті. Біз, құрамында 2 миллионнан астам мүшесі бар ең кең тараған қоғамдық ұйым ретінде, басталған реформаларды толығымен қолдаймыз. Әлеуметтік жаңғыртуды қамтыған бағытты ерекше атап өткім келеді, соның шеңберінде Халықаралық еңбек ұйымының және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы стандарттарына сай жасалған Еңбек кодексі қабылданды», деп атап өтті брифингте Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов. Сондай-ақ, ол жаңа еңбек заңнамасы жұмыс берушілердің ғана емес, жұмыскерлердің де іс-әрекеттері аясына кең жол ашқанын, себебі ұжымдық-шарттық үрдіс еңбек қатынастарының негізі болғанын баса айтты.
«Елімізде осы қатынастарды қалыптастырып, жаңа ұжымдық шарт жасау үрдісі басталып та кетті. Ірі кәсіпорындардың бірнешеуі жаңа Еңбек кодексіне сәйкес ұжымдық шарттар жасады. Олардың қатарында мұнай саласынан «Қаражанбасмұнай» және «Қазгермұнай», тұрғын үй-коммуналдық саладан «Батыс су арнасы», металлургия саласынан «Соколов-Сарыбай» кен өндірістік бірлестігі бар. Мұнай бағасының төмендеп, өндіру деңгейі азайып кетуіне және бұл үдерістерге ілесе келетін жағымсыз салдарларға қарамастан, кәсіпорын жұмыскерлерге арналған бұған дейінгі әлеуметтік жеңілдіктер тізілімін сақтап қана қойған жоқ, сонымен қатар оны кеңейте түсті. Жаңа Еңбек кодексіне сәйкес, мереке және демалыс күндеріне төленетін ақы 1,5 еседен кем емес көлемде белгіленді. Ал аталмыш компаниялар бұл мөлшерлемені 2 есе етіп алды. Қолданыстағы ұжымдық шарттарға өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ, «Қазатомпром ҰАК» АҚ, Үлбі металлургия зауыты, «Қазхром» АҚ сынды ұжымдарда жүргізілуде», деді кәсіподақтар мен жұмыс берушілердің әлеуметтік әріптестік аспектілеріне тоқталған Ә.Құсайынов.
Кәсіподақтар федерациясының басым бағыттағы міндеттерінің қатарында Еңбек кодексін түсіндіру, кәсіподақ белсенділерін оқыту және еңбек қарым-қатынастарын реттейтін типтік құжаттарды әзірлеу бойынша әдістемелік көмек беру үрдістерін атап өтті.
«Осы мақсатта, 1 ақпандағы жағдай бойынша, Федерация бастауыш кәсіподақ ұйымдарының 21 163 басшысын оқытты. Біз жұмыс берушілерді де оқытуға дайынбыз, бізде еңбек заңдылығын сауатты түсіндіріп бере алатын, арнайы даярланған адамдар бар. Кәсіподақтар федерациясы ұжымдық шартты жасау жөніндегі нұсқаулықты, өндірістік кеңес туралы үлгілік ережені әзірледі, қазір техникалық инспекторлар туралы ереже дайындалуда. Еңбек кодексінің баптары бойынша түсіндірме басылып шығарылды. Бір сөзбен айтқанда, біз өзіміздің белсенділерімізді жұмыс берушімен сауатты әрі дәлелді үнқатысу жүргізуге қажетті біліммен қамтамасыз етудеміз. Бұл жұмыс әлі де өз жалғасын тауып, барлық бастауыш ұйымдардың төрағаларына түгелдей жеткізілетін болады, деді ол.
Брифинг барысында сонымен қатар Кәсіподақтар федерациясының әлеуметтік жаңғыртудың ажырамас бөлігі болып табылатын ұйымдастырушылық жұмысы да таныстырылды. Соңғы екі жылда кәсіподақ ұйымдарын салалық қағидаты бойынша ірілендіру және біріктіру бағдарламасы жүзеге асырылды. 2015 жылы ҚРКФ әлемдік кәсіподақ қозғалысында аса жоғары мәртебеге ие шоғырланған ұйым – Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының ресми түрдегі толыққанды мүше-ұйымы мәртебесіне ие болды.
Сонымен қатар жұмыспен қамту, тегін кәсіптік-техникалық білім беруді енгізу, қазақстандық этносаралық келісім және азаматтар үшін үкімет құру бағдарламалары аталып өтілді.
«Мемлекет басшысының мақаласы жалпы халыққа ортақтығымен және кең ауқымдылығымен құнды, «бүгінде жалпыұлттық арманын жүзеге асырып, ғасырлар бойғы адасудан кейін әлемдегі ұлы мемлекеттердің қатарына қосылу – үлкен мәртебе» деген сөздер ерекше әсер етеді және мақтаныш сезімін ұялатады. Шынымен де аталмыш реформалардың еліміз үшін дамудың жаңа көкжиегіне жеткізетін стратегиялық дүмпу болуға мол мүмкіндіктері бар. Сондықтан да Қазақстанның кәсіподақтары Елбасының реформаларын қолдай отырып, оларды жүзеге асыруға әрбір жұмыскерді жұмылдыруға, масылдық пиғылдан арылып, белсенді өмірлік ұстанымдарға ұмтылу арқылы баршамыздың ортақ арманымызды шындыққа айналдыруға шақырады, деген ойын білдірді Кәсіподақтар федерациясы өкілдері.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».