Ресейлік сарапшылардың ұстанымынша, Елбасы Н.Ә.Назарбаев табысты жүзеге асырып келе жатқан міндеттердің негізгі екеуі, міне, осылар-Тұрақтылық және даму.
Жақында «Россия сегодня» агенттігінде «Қазақстандағы кезектен тыс парламенттік сайлау мен Ресей-Қазақстан қарым-қатынасының перспективалары» деген тақырыпта дөңгелек үстел болып өтті.
Шараны М.В.Ломоносов атындағы ММУ-дің кеңестен кейінгі кеңістікті зерттеу жөніндегі Ақпараттық-сараптамалық орталығы (АСО) «Россия сегодня» агенттігінің Зиновьев клубымен бірлесіп ұйымдастырды.
Жетекші ресейлік сарапшылар мен саясаттанушылар Мәжіліс сайлауын өткізудің себептері мен жаңа сайлау циклының ерекшеліктерін талқылап, дауыс беру нәтижелері мен Қазақстандағы саяси үдерістердің әрі қарайғы даму барысы бойынша өз ой-пайымдарымен бөлісті. Сондай-ақ, дамудың қазіргі кезеңіндегі Ресей-Қазақстан қарым-қатынасына өз бағаларын берді.
Дөңгелек үстелдің модераторы, В.М.Ломоносов атындағы ММУ АСО-ның бас директоры Сергей Рекеда Қазақстандағы сайлау Ресейде үлкен қызығушылық туғызып отырғанын атап көрсетті. Алдағы қыркүйек айында Ресейде де парламенттік сайлау өткізу күн тәртібінде тұрғанын ескере келгенде, бұл қызығушылыққа түсінушілікпен қарауға болады. Осыған орай, сарапшы екі ел парламенттерінің арасындағы байланыстарды нығайтудың маңызы зор екеніне қатысушылардың назарын аударды. Өйткені, заң шығару билігі елдердегі саяси және экономикалық үдерістерге өзінің ықпалын тигізетіні айтпаса да түсінікті.
Өңірлік проблемалар институтының директоры Дмитрий Журавлев Қазақстан кезектен тыс сайлаулар өткізу ісінде көшбасшы ел болып табылмайтынын айта келіп, соңғы 20 жылда кезектен тыс сайлаулар басқа кез келген елге қарағанда анағұрлым жиі өткен Ұлыбританияны мысалға келтірді. Ол Қазақстан басшылығының сайлауды дәл қазір өткізу туралы шешімі өте орынды екенін атап көрсетті. Себебі, бүгінде қалыптасып отырған күрделі экономикалық жағдай салмақты стратегиялық шешімдер қарастыруды талап етеді.
«Сайлау – палатаға депутаттар жинау ғана емес, бірінші кезекте, плебисцит, яғни халықтың ағымдағы саяси жағдайды бағамдауы мен жаңа саясат жүргізуге берілетін мандат», – деп атап көрсетті сарапшы. Оның пікірінше, егер саяси элитаны оқтын-оқтын жаңартып тұрмаса, онда саяси жүйе өмір сүруге қабілетсіз болып шығады. Қазақстандағы бүгінгі сайлау елдегі кадрлар құрамын жаңғыртудың тамаша мүмкіндігі болып табылады. Бұл тұрақтылыққа кесірін тигізбейді, керісінше, әрі қарайғы дамуға соны серпін береді.
Кадрлар алмастыру тақырыбын «Север-Юг» саясаттану орталығының жетекші сарапшысы Александр Караваев жалғастырды. Ол Мәжіліске сайлаудан бөлек, биліктің жергілікті өкілетті органдары – барлық деңгейдегі мәслихаттарға да сайлау өтетінін қаперге салды. Ал оған 3395 адам, негізінен жаңа адамдар сайланатын болады. А.Караваев бүгінгі сайлауды атқарушы билік шенеуніктерін қайта аттестаттаудан өткізу секілді депутаттық корпусты өзіндік бір қайта аттестаттаумен салыстырды. Оның сөзіне қарағанда, жаңадан сайланатын Мәжілістің алдында елді әрі қарай жаңғыртуға бағытталатын кең ауқымды экономикалық реформалар жүргізуге қажетті құжаттар дестесін қабылдау міндеті тұр.
ЕАЭО институтының директоры Владимир Лепехин Қазақстанның нақты жаңғыртуды жүзеге асырып келе жатқан кеңестен кейінгі кеңістіктегі жалқы ел екенін мәлімдеді. «Мұнда реформалар тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап үзіліссіз жүргізіліп келеді. Оның үстіне, Нұрсұлтан Назарбаев – кеңестен кейінгі кеңістіктегі елдердің ішінде екі міндетті бір мезгілде қатар табысты шешу қолынан келіп отырған жалғыз Мемлекет басшысы. Ол міндеттер мыналар: көпұлтты ел жағдайында саяси тұрақтылықты сақтау және елдің толыққанды дамуын қамтамасыз ету. Түйіп айтқанда, жаңғырту мен тұрақтылық – Қазақстан бүгінде табысты шешіп келе жатқан екі стратегиялық міндет. Басқа барлық кеңестен кейінгі кеңістіктегі елдерге, осы тұрғыдан келгенде, Астанадан үлгі алу керек деп пайымдаймын», – деп атап көрсетті В.Лепехин.
«Нұр Отан» партиясының сайлау тізіміне белгілі әртістер мен спортшылардың енгізілуіне қатысты журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берген дөңгелек үстелге қатысушылар мұның астарынан ешқандай өрескелдік көріп тұрмағандарын көлденең тартты. Олардың пікірлерінше, бұл жұртшылықты елдің саяси өміріне тартудың қалыпты үдерістерінің бірі болып табылады. Актерлер, спортшылар, музыканттар – бұлардың барлығы қоғамдық пікірдің көшбасшылары, халық ұстанымын жеткізушілер, нақты айтқанда, өздерімен сенім капиталын алып жүретіндер, деп мәлімдеді сарапшылар.
Дөңгелек үстелді қорытындылай келе, оған қатысушылар сайлаудың жаңа жаһандық ахуалда – геосаяси тұрақсыздық пен экономикалық дағдарыс жағдайында өткелі отырғанын атап көрсетті. Сондықтан, Қазақстан билігінің өзінің алдына сайлау шеңберінде дағдарысқа қарсы күн тәртібімен қатар, жаңғырту мақсаттарын қойып отырғаны құптарлық іс. Қазіргі сенімді де салмақты сайлау науқаны жаңа Парламенттің алдына қойылған міндеттер табысты орындалады деп пайымдауға мүмкіндік береді, деп қорытты ойларын сарапшылар.
Сәулебек БІРЖАН.