Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:
Алматы ірі экономикалық орталық ретінде қалыптасты, ол республикалық бюджеттің доноры болып табылады және бүгінде ішкі жиынтық өнімнің бестен бірін қамтамасыз етіп отыр.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев қаланың дамуы мен Универсиадаға дайындық барысымен танысты
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Алматы қаласына жасаған жұмыс сапарында қаланы дамыту жоспарымен және келер жылы елімізде өтетін XXVIII Бүкіләлемдік қысқы Универсиадаға дайындық жұмыстарымен танысып, халықаралық бизнес пен қаржы орталығына айналған оңтүстік астананың келешек бағыт-бағдарларын нақтылап берді. Жұмыс сапарын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Grand Park Almatу сауда орталығының жаңа ғимаратында орналасқан гипермаркеттің халыққа қызмет көрсету сапасымен танысудан бастап, Қазақстанда жасалып, қалың тұтынушының көңілінен шығып үлгерген отандық өнімдердің өтімділігіне арнайы көңіл аударды. Мемлекет басшысын Алматы қаласында жаңадан ашылған сауда орталығының жұмысымен таныстырған сарапшы мамандар сауда саласы мен жалпы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты негізгі көрсеткіштер туралы баяндап берді. Айта кету керек, қазіргі нарықтық жағдайда тұрақты және көп тұтынатын тауарлардың бағасын едәуір жеңілдететін және әлеуметтік сұранысты толықтай өтеуге негізделген Carrefour гипермаркетіне қазақстандық 500-ден аса компания өз өнімін жеткізеді, соның 130-ы Алматы қаласы мен Алматы облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші компаниялар. Сауда үйіндегі барлық тауар түрлерінің ішіндегі отандық өнімдер үлесі шамамен 40-50 пайыз болады. Келушілерге барынша жеңілдік жасалған сауда орталығының 8 мың шаршы метр алаңында 30 мыңнан аса өнім мен тауар түрлері қойылған. Қазіргі кезде гипермаркетте 450 адам жұмыс істейді. Жобаны толықтай қамтып, халыққа ұсыну жолында жұмсалған инвестицияның жалпы көлемі 5 миллиард теңгені құрайды. Одан кейін Президент Нұрсұлтан Назарбаев қаланың Алатау ауданында орналасқан Мұз аренасы спорт кешені мен спортшыларға арналған тұрғын үй қалашығының инфрақұрылымымен танысты. Мұнда 2017 жылы қысқы Универсиаданың ашылу және жабылу рәсімі, сондай-ақ, мәнерлеп сырғанау мен керлингтен жарыстар өтетін мұз айдындарында болып, осы жылдың тамыз айында қолданысқа берілетін спорт нысандарының құрылысына көңілі толғандығын жеткізді. Қала әкімі мен Универсиада дирекциясының басшылығына бірқатар тапсырма беріп, аталған нысандарды Универсиададан кейін халық игілігіне тиімді пайдалану жолдарын қарастыруды тапсырды. Президентке таныстырылған еліміздегі ең алып Мұз аренасы 2017 жылғы XXVIII Бүкіләлемдік қысқы Универсиада кешендері қатарына кіретін орасан зор спорт нысаны, оның сыйымдылығы 12 мың көрерменге арналған. Құрылыс-монтаж жұмыстарын биылғы қазан айында аяқтау көзделіп отыр. Қазіргі кезде оның құрылысына 1,5 мың жұмысшы тартылып, құрылыс жұмыстары мерзімінен бұрын атқарылып келеді. Бұдан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мұз аренасы кешенінің ғимаратында Алматы қаласын дамыту және 2017 жылғы XXVIII Бүкіләлемдік қысқы Универсиадаға дайындық жұмыстары жөнінде кеңес өткізді. Кеңесте Мемлекет басшысына қаланың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында Алматы облысындағы автомобиль жолдары желісін, инновациялық кластер және «Инновациялық технологиялар паркі» арнаулы экономикалық аймағын дамыту барысы туралы баяндалды. – Алматы ірі экономикалық орталық ретінде қалыптасты, ол республикалық бюджеттің доноры болып табылады және бүгінде ішкі жиынтық өнімнің бестен бірін қамтамасыз етіп отыр. Алматы жетекші білім орталығы да болып табылады, мұнда еліміздегі жоғары оқу орындарының 40 пайыздайы шоғырланған. Сондай-ақ, қалада еліміздегі 86 ғылыми-зерттеу институты мен 11 мың ғылыми қызметкерлерді қамтитын, инновация мен экономиканың ғылыми қамтымды секторларын дамытуға қомақты үлес қосуы тиіс салмақты ғылыми әлеует бар. Бұған қоса, 17 республикалық мәдениет және өнер ұйымы жұмыс істейді. Халықаралық деңгейдегі қазіргі заманғы спорт нысандарының желісі құрылған, олар алматылықтарды ғана емес, өзге өңірлер мен елдерден айтарлықтай мөлшерде туристер тартып отыр. Тура бір жылдан кейін, осы уақытта өтетін дүбірлі дода – Универсиадаға деген дайындықты көріп, барлық спорт нысандарында болдым, дайындық жұмыстарына көңіл толарлық, алайда, әлі де атқаратын жұмыстарымыз ұшан-теңіз, – дей келе, Мемлекет басшысы қала әкімдігінің атқарып отырған қызметі мен қала дамуына қосып отырған үлесіне оң баға беріп өтті. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Қазақстан Президентіне Универсиада нысандары құрылысы және халықаралық жарыстар ұйымдастыру мәселесі бойынша бүгінге дейін атқарылған жұмыс жөнінде есеп берді. XXVIII Бүкіләлемдік қысқы Универсиада дайындығына іс-шараның операциялық бюджеті екі есеге, яғни 17 миллиард теңгеге дейін оңтайландырылған. Дүниенің назары ауған дүбірлі дода өтетін 8 спорт нысанында қысқы спорттың 12 түрі бойынша өтетін жарыстарға әлемнің 55 елінен 2 мыңға жуық спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Олар қысқы Универсиада тарихында бірінші рет Атлеттер мекенінде жайғасатын болады. Қазіргі таңда әлемнің 34 елі өз спортшыларының Қазақстанда өтетін аламанға қатысатындығын растап, онлайн-тіркеуден өткен. Жарыс өткізу барысында 30 мыңға жуық турист пен шетелдік қонақтар келеді деп күтіліп отыр. Қысқы Универсиаданың күнделікті телекөрермендер аудиториясы әлемнің 80 мемлекетін қамтып, 1 миллиард адамға жетпек. Ал 2016 жылғы наурыз айынан бастап спорт нысандарының, қаладағы түрлі жауапты қызмет орындарының өкілдерін, туристер мен спортшыларға қызмет көрсететін ерікті жастардан құралған белсенді топ мүшелерін Алматы қаласында орналасқан 5 жоғары оқу орнында ағылшын тіліне оқыту, халықаралық дәрежеде қызмет көрсетуге дайындау бағдарламасы бойынша арнайы курстардан өткізу жұмыстары басталады. Жарысты ұйымдастыру ісіне 3 мыңға жуық ерікті жастар тартылмақ. Халықтың әлеуметтік дамуы мен елдің халықаралық беделін арттыру мәселесіне айрықша көңіл бөлген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Универсиадаға келетін шетелдік спортшылар мен қонақтарды күту, оларға қызмет көрсету, сондай-ақ, Алматы қаласының жалпы ахуалына қатысты көптеген мәселелерді қозғап, қала басшылығы мен жекелеген халыққа қызмет көрсету органдарының басшыларына арнайы тапсырма берді. Атап айтсақ, шетелдік спортшылар мен қонақтарды қабылдайтын Алматы әуежайы қызметінің дайындығы мен келушілердің визалық рұқсатнама мәртебесіне қатысты, Универсиаданың таныстырылу, ашылу жұмыстарында ұйымдастырылатын іс-шаралар реті мен әлемге таратылатын спорттық трансляциялар қызметінің барысы, қаладағы қауіпсіздік шаралары, қонақтарға қызмет көрсету сапасы мен қаланы абаттандыру ісіне қатысты жауапты адамдарды сөйлетіп, атқарылып жатқан шаруалардың жай-күйін пысықтады. Кеңес барысында Алматы әуежайының жолаушы қабылдау сыйымдылығының мәселесі қозғалып, әуежай қызметін дамыту, жаңаша жаңғырту жұмысы тапсырылды. Бұл мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев бүгінде Алматы әуежайын дамытудың екі нұсқасы қарастырылғанын, біріншісі – Қапшағай су қоймасы маңында жаңа әуежай салу жобасы қарастырылып отырғандығын және ол үшін қазір инвестормен ақылдасу жұмысы жүргізіліп жатқанын, екіншіден, қазіргі әуежайды қайта жаңғырту жұмысын жедел қолға алып, аз уақыт ішінде талапқа сай нәтижеге қол жеткізу жоспары да талқыланғанын айтты. – Жаңасын салу өте ұзаққа созылады. Қазір, ең алдымен, қанша жолаушы өткізетіндігін, жұмсалатын қаржы мен кететін уақыт – бәрі-бәрін қарастырып, ең қолайлы нұсқасын табу маңызды. Мүмкін, тағы да қосалқы терминал қажет болатын шығар, – деген Мемлекет басшысының сауалына әуежай директоры әуежай ғимараты мен ұшақты біріктіретін дәліздің жетіспейтіндігін, сондай-ақ, қолданыстағы екі қону жолағы жаңғыртуды қажет ететіндігін жеткізді. Осыны ескере отырып, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрі мен қала әкіміне Алматы халықаралық әуежайының даму жоспарын жасауды тапсырды. Елбасы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлынан Универсиаданың таныстырылу және ашылу салтанатына жасалып жатқан дайындық барысын сұрап, қарастырылған жоспар мен атқарылып отырған жұмыстар жөніндегі есебін тыңдады және бұл шараның жеткілікті дәрежеде, әлем алдында абыройлы өтетіндей нұсқада ұйымдастырылуына баса назар аударуды жүктеді. – Сарапшылардың мәліметінше, әлемдік экономиканы жайлаған дағдарыс ұзаққа созылады. Біз қабылдаған, жалпы құны шамамен 2 триллион теңге көлемінде болатын қосымша шаралар 60 мың адамды жұмыспен белсенді қамтуға, 18 мың жаңа жұмыс орнын ашуға және 1 мыңға тарта инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Қойылған міндеттерді тиімді жүзеге асыру негізінен өңірлер мен мемлекеттік аппараттың кәсібилігіне байланысты болады, – деп сөзін сабақтаған Мемлекет басшысы қаржы ресурстарының шектеулі екендігін ескеріп, оны барынша тиімді пайдалану қажеттігін қадап айтты. Қаланың алдына қойылатын негізгі міндет – инвестициялар тарту, жұмыс орындарын ашу екендігін баса тапсырған Елбасы қала басшысы мен оның аппаратының жұмысын бағалау осыған байланысты болатындығын ескерте отырып, мемлекет-жекеменшік серіктестігін белсенді түрде енгізу қажеттігін және қала әкімі баяндағандай, қалада тек биыл ғана жалпы құны 30 миллиард теңгені құрайтын мемлекет-жекеменшік серіктестігі негізінде 25 балабақша, 3 мектеп және бір емхана салынатындығын жеткізді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы әкімдікке қаладағы ірі жобаларды жүзеге асыру үшін инвестиция тарту мәселесін пысықтауды тапсырды. – Алты жыл бұрын менің тапсырмаммен индустриялық даму бағдарламасы іске қосылды. Осы уақыт аралығында елде 900 жаңа нысан салынды, 100 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Сонымен бірге, осы бағдарлама басталғаннан бері Алматыда жалпы инвестиция көлемі 285 миллиард теңге болатын барлығы 27 жоба жүзеге асырылған, соның 243 миллиард теңгесі үш жобаға тиесілі. Тек 42 миллиард теңгесі ғана жеке инвестициялардың үлесінде. Алматының әлеуеті үшін бұл жеткіліксіз, – деді осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл ретте, Қазақстан Президенті Алматы қаласының іскерлік орталығында инновациялық, жобалық-конструкторлық және сервистік кәсіпорындардың санын арттыру қажеттігіне назар аударды. – Қазіргі заманғы қалаға инновациялық экономика қажет. Мұны уақыт пен күшейіп келе жатқан жаһандық бәсекелестік талап етіп отыр. Сол үшін біз Алматыда «Алатау инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын құрдық. Бүгінде оған 150 компания тартылып, олар 15,5 миллиард теңге инвестиция салды. Бұл жұмыстың басы ғана, жүктеме деңгейі мен еңбек өнімділігін арттыру қажет. Алматыда 42 жоғары оқу орны, соның ішінде 6 ұлттық оқу орны мен барлық студенттердің үштен бірі шоғырланған. Алайда, олардың жанында екі технопарк қана жұмыс істейді. Біреуі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жанында, екіншісі – Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті жанында, – деді Мемлекет басшысы. Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев жас ғалымдар мен студенттерге өз идеяларын жүзеге асыру және жаңа әзірлемелерді енгізу үшін қажетті жағдайлар жасау міндетін қойып, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке осы тапсырманың орындалуын айрықша бақылауға алуды жүктеді. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті жергілікті атқарушы органдарды шағын және орта бизнесті белсене қолдауға шақырып тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметі мен қала халқына әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы түйткілдерді шешу қажеттігін мәлімдеді. Мемлекет басшысы Универсиаданың басталуы және айтарлықтай көп спортшылардың, жанкүйерлердің, туристердің келуі қарсаңында қалада құқықтық тәртіпті қатайту жөнінде кешенді шаралар қабылдап, бейнекамералар орнатып, көшелерді жарықтандыру ісін жалғастыруды тапсырды. Елбасы атап өткендей, Универсиада өткізу – Қазақстан үшін елеулі экономикалық тиімділік әкелетін маңызды имидждік жоба болып табылады. Осы орайда, Қазақстан Президенті Үкіметке ұйымдастыру комитетімен және қала әкімдігімен бірлесіп, бұл іс-шараға ойдағыдай дайындық жасау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды және кейбір жекелеген нысандарға қатысты сын-ескертпелерін де алға тартты. – Өзен бойы мен су арналарының жанынан мейрамханалар мен үй құрылыстарын салуға тыйым салған болатынмын. Сонда да салып жатыр, бұл деген су шайып кету қаупі күшті аймақтар ғой! Мәселен, «Медеу» маңында көлік тұрағына тыйым салынды. Аспалы жолды пайдаланбаса, ол неге керек? Мен әл-Фарабиден жоғары аймаққа биік құрылыс ғимараттарын салмау керектігін айттым. Және де Шымбұлақ маңына коттедж үйлерді тұрғызбау керектігін ескерттім, сонда да елемей жатыр. Мұның қала тынысын тарылтып, таза ауа ағымына кері әсер ететінін және қала көркін бұзатынын бәріміз көріп отырмыз ғой! Мұндай заңсыз құрылыстарды бульдозермен бұзуларыңа болады. Ол үшін ешқандай жауапқа тартылмайсыңдар. Мен рұқсат етемін! – деді Елбасы мемлекет тарапынан қорғалған табиғи парк аумағына бей-берекет салынған құрылыстар мен тұрғын үйлерді сынға алып. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы қала тұрғындарын мейлінше мәдениетті болуға шақырып, барлық деңгейдегі халыққа қызмет көрсету салаларының қызметкерлерін, сауда саласының, мейрамханалардың, қоғамдық көлік, спорт және көпшілік орындарында жұмыс істейтін қызметкерлерді әдептілікке бейімдеуді баса айтты. Алатау баурайындағы алып шаһарға жасаған өзінің жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы Алатау ауданында салынатын 7 мың адамдық мешіт құрылысының жобасымен де танысты. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев қаладағы діни конфессия және шығармашыл зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Айта кету керек, құрылысы жоспарланған мешіт ғимаратының жалпы алаңы 16 мың шаршы метрді құрайды. Архитектуралық жобаға сәйкес, мінәжат үйінде биіктігі 75 метрлік бірнеше мұнара болады және кешеннің орталық бөлігінде 9 күмбезді негізгі ғимарат орналасады. Сондай-ақ, оның құрамына Ислам кітапханасы, әкімшілік бөлік, намаз оқитын залы бар әйелдер корпусы, діни рәсімдер өткізуге арналған зал, оқу-ағарту топтарына арналған және медресе сыныптарымен қамтылған ерлер бөлігі, бұған қоса, халықтың қажеттілігін өтейтін шеберхана мен дүкендер кіреді. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». Алматы. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.