Кеше Астанада Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) сайлау бюллетеніне саяси партиялардың атауларын ретімен енгізу мақсатында жеребе тарту шарасын өткізді.
Аталған рәсімге Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов, ОСК мүшелері, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев, «Ауыл» партиясының хатшысы Бөрібай Жексембин, ҚКХП сайлауалды штабының жетекшісі Айқын Қоңыров, ЖСДП сайлауалды штабы жетекшісінің орынбасары Асхат Рақымжанов, «Бірлік» партиясы саяси бюросының мүшесі Роза Қуанышбаева және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жеребе тарту рәсімі Орталық сайлау комиссиясының «Сайлау бюллетеніне саяси партиялар атауларын енгізу туралы жеребе өткізудің ережесін бекіту туралы» 1999 жылдың 13 шілдесіндегі қаулысымен белгіленген ережеге сәйкес өткізілді.
Рәсім барысында ОСК хатшысы Бақыт Мелдешов мөлшері және түсі бойынша бірдей конверттерге партиялық тізімдерін Орталық сайлау комиссиясына тіркеген партиялардың санына тең, реттік нөмірлер белгіленген парақшаларды салды. Бұл ретте бір конвертте нөмірленген тек бір парақша ғана болды. Содан кейін конверттер желімделіп, араластырылды және барлық қатысушылар көре алатындай қашықтықта орналасқан үстел үстіне жайылды. Одан әрі саяси партиялардың өкілдері партиялық тізімдердің тіркелу тәртібі бойынша кезекпен үстелден өзі таңдаған конвертті алып, оны ашып, парақшадағы нөмірді жария етті.
Сонымен, жеребеге сәйкес, сайлау бюллетеніне ең бірінші «Нұр Отан» партиясы енгізілетін болды. Нөмірді партия Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов таңдаған-ды. Одан кейінгілерді ретімен баяндар болсақ, ҚКХП-ға екінші, «Ақ жол» партиясына үшінші, «Бірлік» партиясына төртінші, ЖСДП-ға бесінші, «Ауыл» партиясына алтыншы нөмір бұйырды. Нақтылай айтқанда, жеребе қорытындысы бойынша анықталғандай, 2016 жылдың 20 наурызында дауыс беруді өткізу кезінде саяси партиялардың атаулары сайлау бюллетеніне мына төмендегідей тәртіппен енгізіледі:
- «Нұр Отан» партиясы
- Қазақстан Коммунистік халық партиясы
- «Ақ жол» демократиялық партиясы
- «Бірлік» саяси партиясы
- Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы
- «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ.