Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Инвестициялар және даму министрлігінің Инвестициялар комитетінің төрағасы Ерлан Қайыров баспасөз мәслихатын өткізді. Ол еліміздің инвестициялық тартымдылығы жөнінде және оларға көрсетілетін қызметтердің қолайлылығы туралы әңгімеледі.
Қазіргі таңда елімізге шетелдік инвесторларды тарту ісі басты мақсаттың бірі екені мәлім. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Үкіметке тиісті тапсырмалар жүктеп, әсіресе, трансұлттық корпорацияларды тарту аса маңызды екенін айтқан еді. Осы жөнінде әңгімелеген комитет төрағасы, бүгінгі күнде инвестиция тартудың көптеген игі шаралары жүргізіліп жатқанына тоқталды. «Биылғы жыл басынан бастап, Астана қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығында «Бір терезе» қанатқақты жобасы іске қосылды. Инвесторлар «бір терезе» бойынша 360-тан астам рұқсат пен лицензия алады. Бұл инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы тікелей байланысты болдырмау үшін керек. Оған қоса бюрократиялық және әкімшілік кедергілерді азайту үшін жасалып отыр. Негізі, елімізде бүгінгі күнде инвесторларға қызмет көрсететін 19 бөлім жұмыс істеп тұр. Оның екеуі Астанада, үшеуі Алматыда, қалғаны облыс орталықтарында орналасқан. Енді инвесторлар өз уақыттарын үнемдей алады. Ешқандай мемлекеттік органға бармай-ақ ХҚО-ға келіп, бір жерден барлық құжаттарын реттей алады. Сондай-ақ, қажет жағдайда консультация да беріледі», деді комитет төрағасы.
Шара барысында Қазақстан мен Қытайдың капиталдандыру көлемі 2 млрд. доллар болатын «Жібек жолы» инвестициялық қорының құрылғаны да мәлім болды. Бұл туралы KAZNEX INVEST компаниясының басқарма төрағасы Борисбий Жанғоразов айтты. «Қазіргі уақытта инвестицияларды тарту бойынша жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Соның ішінде негізгі бағыттың бірі ретінде ірі қытайлық компанияларға үлкен мән берілуде. Осы мақсатта Инвестициялар комитеті, KAZNEX INVEST компаниясы және ҚХР-дағы Қазақстан елшілігі үлкен жұмыс атқарып жатыр. Биыл 20-28 қаңтар аралығында министр Әсет Исекешев бастаған қазақстандық делегация Бейжіңде болды. Онда ірі компаниялармен 20-ға жуық кездесу өтті. Сөйтіп, ірі инвесторларды елге тарту ісі талқыланды. Қазіргі уақытта Қазақстан мен Қытай арасында индустриялық-инвестициялық әріптестік бағдарламасы іске асырылып отыр. Бүгінде 24 млрд. долларға 52 жобаның тізімі бар. Ол бағдарламаға түрлі саладағы жобалар енген. Атап айтқанда, агроөнеркәсіптік кешен, тау-кен, химия өнеркәсібі, металлургия, машина жасау және тағы басқалар. Бағдарламадағы әлеуеті жоғары жобалар портфеліне келсек, шамамен 19 мың жұмыс орны ашылады. Бағдарлама аясында трансұлттық корпорацияларды тарту жұмыстары да жүргізіліп жатыр», деген басқарма төрағасы, осыған байланысты аталған жобаларды қаржыландыруды жолға қою үшін бірлескен «Жібек жолы» қоры құрылғанын айтты.
Ол Қытай орталық банкінің бөлімшесі мен KAZNEX INVEST компаниясының келісімі негізінде құрылыпты. Жобаларды іздестіру және құрылымдау бойынша жұмыстарды қазақстандық KAZNEX INVEST компаниясы жүргізеді екен. Ал қаржыландыру бойынша нақты шешімді қытайлық тарап шешетін көрінеді. Қордың жалпы капиталдандырылуы 2 млрд. долларды құрамақ.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».