17 Ақпан, 2016

«Gold King» залында чемпиондар жаттығады

377 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
DSC07205Алтайбаевтар 50 миллион теңгеге «Gold King» спорт клубын салып берді Қаланың күншығыс бетінде айтулы азамат, пауерлифтингтен Азия чемпионы, бірнеше халықаралық жарыстардың жеңімпазы, меценат, кәсіпкер Андрей Алтайбаевтың бастамасымен тұрғызылған, өз қаржысына салдырған «Gold King» спорт клубының жаттығу залы салтанатты жағдайда ашылып, оған қала әкімі Е. Сәлімов, осында тегін жаттығатын мүмкіндігі шектеулі жандар, қала жұртшылығы қатысты. – Елбасының Қазақстан хал­қына Жолдауында саламатты өмір салтын сақтау, адамдардың бос уақыттарын мазмұнды да көңілді өткізу, спортпен шұғылдануы жайлы айтылғаны белгілі. Қазіргі таңда Семей шаһарында 100 мың адам бұқаралық спортпен шұғылданады. Оларға 379 спорт ғимараттары қызмет көр­­­­сетеді. Енді, міне, Андрей Ал­тайбаев заман талаптарына сай жабдықталған жаңа пауерлифтинг жаттығу залын іске қосты. Бұл жерде қаланың 700-ден астам тұрғыны жаттығу жасайды, ал отыздан астам мүмкіндігі шектеулі жанға тегін қызмет көрсетіледі. «Gold King» спорт клубында әлем, Азия чемпиондары тәрбиеленіп жатыр, бұдан былай олардың қатары толыға түсетіні сөзсіз, – дей келе қала әкімі Ермак Бидахметұлы жиналғандарды құттықтады. Андрейдің әкесі қазақ, Виктор Ахметович Алтайбаевтың ма­мандығы балетмейстр. Беларусь­тің Витевск қаласында оқып жүргенде орыстың ару қызы Та­мара Владимировнамен танысып, оның соңы махаббатқа ұласып, екеуі тұрмыс құрады. Араға жылдар салып Отанына оралады. Андрей бала кезінен спорт десе ішкен асын жерге қоятын. 1992 жылы елге оралған соң коммерциямен шұғылданды. Қала орталығында жаттығу залын салсам деген арманына бір қадам жақындаған Андрей жинаған қаржысына Ресейден зілтемір, жаттығуға қажет гантель, арнайы құралдар сатып алды. Оған 20 миллион теңге шығындапты. Андрейдің спорт залында болғанымызда ең алдымен көзге түскен кең әрі жарық бөл­­­­ме­лерде ақ тер, көк тер болып жаттығып жатқан бір топ адамды кездестірдік. Мұнда жаттығатын бірнеше үлкен секциялар бар екен. Өткен жылдың 13-20 жел­тоқсанында аталмыш клубта жаттығатын бір топ азамат Таш­кентте өткен Азия және Мұхит аймағы елдері чемпионатынан 1 алтын, 4 күміс және бірнеше қола медальмен оралыпты. Атап айтқанда, Андрейдің жұбайы Марина Вас­ильевна Алтайбаева пауерлифтингтен сығымдай көтеруде алтын ме­дальді иеленсе, отағасы Андрей күміс жүлдеге қол жеткізген. Серғали Қайырбаев, Серікқали Әзілханов, Яков Ионин Азия чемпионаты­ның күміс жүлдегері атанды. Реті келгенде айта кету керек, Андрей Алтайбаев әлем және Азия чемпионаттарында бір­неше мәрте топ жарған және жүлделі орындарға қол жет­кізген атан жілікті, зіл­темірді көтерудің асқан шебері. 2014 жылы Бішкекте өткен Азия чемпионатында 120 келі салмақта па­уерлиф­тингтен қарсыласта­рын айқын басымдықпен жеңгені бар. Ол 260 келі салмақты сығымдай көтерді. Қазір жаттығу залында отызға тарта мүмкіндігі шектеулі жандар жаттығады. Біз солар­дың бірнешеуімен тілдестік. Кем­бағал жандар Алтайбаевтың қайы­рымдылығына ерекше разы. – Бұрын да атымтай жомарт азамат біздің тегін, алаңсыз жат­тығуымызға жағдай жасап келген. Жаңа спорт залында екі-үш сағат жаттығу жасаған кезде бір жасап қаламыз. Қайырымды азаматқа алғыстан басқа айта­рымыз жоқ, – дейді Ольга Любимова деген әйел. Семей қалалық дене шынық­тыру және спорт бөлімінің басшысы Мұрат Мұрсаханұлы Ан­дрей Алтайбаевтың жаттығу за­лында спорт шеберлері мен халықаралық жарыстарда жақсы нәтижеге жеткен өрендерге же­ңілдік жасайтынын, тіпті, тегін қызмет көрсететінін айта кетті. Осы клубта жаттығып жүрген В.Пряхин, В.Фольман, Я.Ионин, С.Шишкин, Закир Найманбаев, басқа да саңлақтар әлем, Азия біріншіліктерінде бірнеше мәрте топ жарған, жүлделерді бөліскен. Облыстық мәслихатты ұзақ жылдар басқарған Г.Пинчук, кезінде ауыр атлетикадан Қазақстанның үш дүркін чемпионы болған, Азия­ның алтынын олжала­­ған 67 жастағы В.Г.Бабичев, халық­­­аралық дәрежедегі спорт шебері, 2015 жылы Новосібірде өткен Әлем чемпионатында алтын медальді иеленген Григорий Кобрин, басқа да атағы алысқа кет­кен сом білекті, зілтемірді тулақша илеген азаматтарды жаттығу залынан кездестіргенде ел ертеңінің қазіргіден де жарқын болатынына көз жеткіздік. Оңдасын ЕЛУБАЙ, журналист. СЕМЕЙ.