Ол қалыптасқан жүйе өзгеріп, әркім өз әлінше тырбанып күн көруге көшкен кез-тұғын. Нарық өмірге өзгерту енгізіп, жаңа кәсіппен айналысуға итермелеген де осы кез болатын. Сөйтіп, Марат ыңғайсыздана жүріп саудамен айналысуға бел буды. Жұбайы Раушан да Мараттың осы ойын құп көрді. Алғашында тері – жүн жинады. Жұмыс жүре бастады. Енді Марат та ашылып сауда жұмысын жандандыра бастады. Күнбағыс майын Жалаңашкөлден Алматыға жүретін жүк пойызына тиеп апаратын. Баруы бар, қайтуы бар апталап жүретін. Онда қазіргідей Алматыға тура қатынайтын автобустар жоқ. Сөйтіп, жиналған қаржысына 2000 жылы Мақаншы ауылының орталығындағы Қабанбай – Найманбай көшелерінің қиылысындағы ескі үйлердің орнын екі бағасын беріп сатып алып, «Жаңа ғасыр» деп атын қойып, үлкен әмбебап дүкен салды.
Қазір мұнда азық-түлік те, тұрмыстық құрал-жабдықтар да сатылады. Осыдан екі жыл өткен соң Үржар ауылының орталығынан жанар-жағармай құятын станса ашты. Осының бәріне ұшқырлық, жаңаша ойлай білетін қабілет керек. Ол Марат Сағадиұлының бойында баршылық.
«Жылқышының баласы құрық ұстайды» деген бар. Сол сияқты малшының баласы Марат енді мал өсірумен айналыссам қайтеді деген оймен көп жүрді. Сөйтіп, осыдан төрт жыл бұрын ауыл әкімі Совет Тоғанбайұлымен ақылдаса отырып бұрын ірі қара тұрған Жайтөбенің бауырынан жер алып, тіп-тік етіп атшаптырым қора салды. Төбесін жауып әне-міне деп отырғанда қораның төбесі түк қалмай өртеніп кетті. Әлдекімдей Мараттың салы суға кеткен жоқ, қолын бір сілтеп қайта жаңалап жапты. Әрине бизнестің жол картасының көмегімен үлкен мөлшерде мемлекеттен несие алды.
– Кез келген шаруаны қолға алғанда Үкіметтің қолдауынсыз, несиесіз жұмысыңыз жүрмейді, – дейді Марат, – қорықпау керек, белді бекем буып іске кіріскен жөн болады.
Өткен жылдан бері өңір басшысы Даниал Ахметовтің бастамасымен тауарлы-сүт фермасын ұйымдастыруға күш-жігерін жұмсауда. Аудан әкімі Серік Зинабекұлы да Мараттың қолға алған ісіне қолынан келген көмегін аяп отырған жоқ.
Сауын сиыр фермасының құрылысы жүріп жатыр. Үкімет тарапынан электр желілері тартылып, жарық болмаған жағдайда іске қосатын генератор жеткізілді. Сәтін салып көктемді қолға берсе жұмыс қауырт жүрейін деп тұр.
Қазір Марат Сағадиұлының әкесінің атын қойған «Сағади» шаруа қожалығында 700 бас ірі қара малы бар. Өткен жылы Ресейден сүт бағытындағы 50 бас симментал тұқымдас құнажын әкелінді. Қостанайдан «Әулиекөл» асыл тұқымды бұқалар да жеткізілді. Осының бәрі қолдағы бар малдың тұқымын асылдандыруға жүргізіп жатқан іргелі істер.
– Қолға алған шаруа оңынан келсе 200 бас сиыр сауылып, тәулігіне 4-5 тонна сүт өндіруге мүмкіндік болады. Сүтті Үржардағы, Мақаншыдағы сүт өңдейтін цехтарға жеткізіп, халықтың сапалы өнім сүтті пайдалануға қолғабысымызды тигізсек тіпті тамаша болар еді, – дейді Марат Сағадиұлы.
Сөз жоқ, Маратты ойландырып жүрген мәселенің бірі қысы-жазы қолға қарайтын малдың азығының сапалы болуы. «Сиырдың сүті тілінде» дейді халық даналығы. Сиырдың сол тіліне құнары мол пішен де, иісі бұрқыраған пішендеме, сүрлем де керек. Баяғыдай «мал азығының берік қорын жасайық» деген бастаманы қайта жаңғырту қажет.
Бұл Марат Тышанбековтің сөзі. Қазір «Сағади» шаруа қожалығына қарасты 7 мың гектар жайылым, 220 гектар жоңышқалық алқап бар. Биыл көпжылдық шөп, сүрлемдік жүгері егудің көлемін арттырсақ па деп отырмыз, дейді Марат, бүгінде Жайтөбенің бауырында 300 бас мал бордақылануда, кезінде жерді көп мөлшерде алып оны ұқсата алмай отырғандардан ақысын төлеп жалға алып, жүрміз. Таулы аймақтан жер болса егістік көлемін арттырсақ, жемдік азық көп болса, мал сүтті де, қоңды да болар еді.
Көктемде ірі қара малы жайлау төсіне шығып, күздікке Еміл бойына түседі де, қар төккенде қыстамаға келіп қолға қарайды. Бәрінен бұрын Марат ауылдастарына көмектесіп отыр. Кейде жұмыс жоқ деген сөзді естіп қаламыз. Марат басқарған «Сағади» шаруа қожалығында отызға тарта адам еңбек етіп, отбасын бағып отыр. Малшыларға барлық жағдай жасалған.
Қазір «Сағади» шаруа қожалығының Алакөлде жағажай демалыс орны бар. Мұнда алыс жақыннан 150-дей адам күнделікті демалып кетеді. Табиғи судың тазалығына орай күнделікті тамағына тауда жайып семіртілген таза малдың табиғи органикалық ет, сүтімен қамтамасыз етіледі. Негізі демалатын адамға таза, сапалы, құнарлы, сіңімді азық-түлік ұсынылады.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатына әсіресе кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығының дамуына басымдық беру жолында жасалып отырған «Сыбаға», «Құлан», лизингке жеңілдікпен техника алу сияқты үлкен-үлкен бағдарламаларына, өнімге субсидия төлеу, несие алу сияқты жасаған мүмкіндіктеріне біз ауыл кәсіпкерлері, оның ішінде мен өзім дән ризамын, – дейді Марат ағынан жарылып.
Жаңа Қазақстанның жарқын жүзді азаматы Марат Сағадиұлы болашаққа үлкен үмітпен қадам басып барады.
Мұратқазы САЯБАЕВ.
Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы.