18 Ақпан, 2016

Пәтуа

1034 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Папа и патриарх-1Мың жылдан кейінгі кездесудің маңызы неде?

Өткен аптаның аяғында Куба астанасында соңғы мың жылдықтағы тарихи оқиға болып өтті. Бүкіл христиан әлемі бұл оқиғаға зор мән беріп, қатты дүрлікті. 266-шы Рим Папасы Франциск пен Орыс православие шіркеуінің басшысы Патриарх Кириллдің кездесуі мүмкін еместі мүмкін еткендей орасан мәнді жай екені талас тудырмайды.

Текетірес тарихы

Діни уағызының не­гізгі стратегиясы бір бол­ғанымен хрис­тиан діні де шиит пен сүннитке бөлінген біздің Ислам сияқты форма мен мазмұндағы көптеген келіспеушіліктерге байланысты католицизм және православие болып негізгі екі бағытқа 1054 жылы бөлініп кеткен. Ал ХVІ ғасырда католик шіркеуінен тағы бір үлкен тармақ – протестантизм бөлініп шықты. Бұл кезде, яғни 1054 жы­лы тұтас Рим империясы жоқ, оны 410 жылы гот патшасы Ала­рих талқандаған. Орнында қалған Батыс Рим империясы мен Шығыстағы Рим империя­сы (Византия) бір-біріне тәу­елсіз елдер. Батыс Рим импе­рия­сы христиандықтың ла­тын-католиктік тармағын ұс­тан­­ды да, шығыстағылар грек-пра­вос­лавиелік шіркеуге сенім артты. Оның орталығы қазіргі Ыстамбұл, бұрынғы Константинополь қа­ласы. Барған сайын екі шір­кеудің арасындағы кикілжің тереңдеп, екіге бөлінген христиандар бір-біріне өшпенділікпен қарайтын болды. Құдай бір, оның жаратқан пендесі бір, оның тілегі мен жүрегі бір болса да діни насихаттың айырмашылығымен тереңдей түскен діншілдердің құлықтары соңынан ергендерді барған сайын бірінен-бірін ажырата түсті. Екі шіркеудің 1054 жылы бі­тіспестей болып айырылып ке­туіне ілік түрінде себеп болған төмендегі жағдай еді. Рим папасы ІХ Лев Константинопольге кардинал Гумберт бастаған өзі­нің делегациясын жібереді. Осы­ның алдында, 1053 жылы Константинопольде православие патриархы Михаил Керуларий қаладағы католиктік шіркеулерді жапқызып, олардың ішіндегі латындық қасиетті заттарды аяққа таптатқан. Рим Папасының делегациясы Константинопольдің осы істерін айыптап және шіркеу істерінде өздерін жоғары санауды талап еткен. Керуларий бұл талапты орындамайтынын және Римді бас шіркеу деп мойындамайтынын жеткізеді. Міне, осы оқиғадан кейін хрис­тиан шіркеуі жоғарыда айтылған екі бағытқа бөлінді. Олардың бір-біріне деген көптеген нара­зылықтарын теріп жазуды біз керек деп таппадық, өйткені, олар­дың, арнайы зерттейтін мамандар болмаса, қалың жұртқа керегі де жоқ. Христиандық орыс жеріне Х ғасырдың аяғында келген. Оның негізгі орталығы Киевте орна­ласып, дін ұстаздары конс­тантинопольдік грек иерархтері болған. Сондықтан да орыс жері негізінен христиандықтың православие тармағын тұтынып кетті. Алайда, көп уақыт бойы католицизмнің дәстүрлері орыс православиесінде қалып қой­ды. Соның ішінде Алтын Ор­даға бағынғанша шіркеулерде органның көп ойналатыны айтылады. Үлкенді-кішілі қоңыраулар қою дәстүрін де орыс шіркеулері католицизмнен алған. Мұндай салт грек-константинопольдік шір­кеулерде болмаған. Киевте латындық монас­тырьлар де ежелден көп болып, украиндықтардың басым бөлігі католицизмді тұтынған. Униат деп аталған бұл шіркеулер кезінде өкімет қолдаған православие тарапынан қатты қуда­лауға түсіп, католицизм мен пра­вославиенің аражігін терең­дете түсуге өзінің келеңсіз үлесін қосты. Қай уақытта болсын билік басына бір кемелдер келгенде мыңжылдық жауласу да, түсі­ніспеушіліктер де түп орнымен жойылмаса да қатынастар жы­лылық пен жақындасуға бет алады емес пе? 1963 жылдан 1978 жылға дейін Рим Папасы бол­ған VI Павел де сондай жан екен. Ол «православиелік бау­ыр­ларына» жақындасу қада­мын жасап, 1964 жылы Иеру­салимде Ыстамбұлдағы конс­тантинопольдік правосла­вие шір­кеуінің патриархы Афи­нагор­мен алғаш рет кездеседі. Бұл оқиға христиан діні екі тар­­маққа бөлінгеннен кейінгі 910 жылдан кейін болған. Осы кездесудің нәтижесінде бірлескен декларацияға қол қойылып, екі шіркеу бір-біріне қоятын талаптарынан (анафема) 1965 жылдан бастап бас тартады. Ал «әулие» деген атаққа ие болған ІІ Иоанн Павел Папаның (1978-2005 жж.) кезінде католик шіркеуінің әлемдегі бейбіт­шіліктің сақталуына, халықтар мен діндер арасындағы өзара түсінушіліктің өрістеуіне жасаған қадамдары тіпті орасан болды. Оның осы тараптағы беделінің шарықтап бара жатқанын көре алмаған КГБ Болгарияның арнаулы қызметтері арқылы оған қастандық та жасады. Алайда, өзіне қастандық жасаған адамның өзін кешіріп, Құдайдан оның күнәсін кешіруді сұраған Папаның әулиелігі тіпті арта берді. Ол Папа қызметінде жүріп әлемнің 130 еліне сапар шегіп, 1167 мың шақы­рым жол жүріп, халықтарды бейбіт­шілікке, татулыққа, дос­тыққа үндейтін насихаттар таратты. 2001 жылы ол Қазақстанға да келіп, өзінің адамгершілікке үндейтін уағыздарын айтып кеткен. «Любите друг друга!» деген үндеуі жазылған ескерткіші де католик шіркеуінің алдын­да тұр. Оның бұл сөздері «Адам­заттың бәрін сүй бауырым деп» дейтін данышпан Абай­дың ұстанымымен үндеседі. Сон­дықтан да Папа өз сапарларында тек католицизмнің таралуын уағыздады дегендер қателеседі. Ол жалпы адами құндылықтардың уағыздаушысы еді. Папа ислам мешіттеріне де, иудаизм синагогаларына да, протестанттар мен православиеліктердің шір­кеулеріне де кіріп, Құдайдан адамзатқа жеңілдік тілеп, кешірім етуді сұраудан талған емес. Міне, осы Папаның өзі қанша талпынса да Ресей аумағына аяқ баса алмай кетті. Горбачевтің, Ельциннің тұсында да ол «пра­во­славиелік бауырлармен» кез­десуді қалаған еді, алайда, пра­вославие шіркеуінің басшылары оның келуіне қарсы болды. Соның ішінде Патриарх ІІ Алексий Ватиканның «православие жерінде» католик шір­кеулерінің салынуы мен Украи­нада католиктердің Униат шір­кеулерін қайтарып алуларын қолдайтындығын айыптап, оның келуіне үзілді-кесілді қарсы шықты. Енді міне, мыңжылдық текетірестің жалғасы болған осын­дай кикілжіңдердің бәрі ең­серіліп, бүгінде екі дінбасы алғаш рет кездесіп отыр.

Жақындасу жолы

Зайырлы қоғамда шір­кеулер ешқашан саясатқа аралас­пайды, тек құдай үйлерінде өз уағыздарын айтып, адамдардың Жаратушыға деген сенімін арт­­тыру жолында еңбек етеді дей­міз. Бірақ дін иелерінің сая­сатқа ықпалы көп екеніне көз­жұмбайлықпен қарауға да болмайды. Кубаның оқшаулануын алдыруға аяқ басқан алғашқы қадамды Рим папасы Франциск жасап, АҚШ пен Куба басшыларын келісімге шақырғаны былтыр ғана еді. Содан бері оның оң нәтижесі көрініп те қалды, қазір Кубаға жасалған жарты ғасырлық эмбаргоны алу жолында жұмыс қызу жүріп жатыр. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Католицизм мен правос­ла­виенің ықпалы өте зор, өйткені олардың әрқайсысының сыртында миллиондаған адамдар бар. Әсіресе, соңынан 1,3 млрд. адам ерген католик шіркеуінің ық­палы зор. Еуропаның 21 елінде тұрғындардың басым көп­шілігі, Германия, Нидерланд, Швей­цария сияқты елдерде жартысына жуығы оны тұтынады. Сон­дай-ақ, Батыс жарты шардағы көптеген елдерде, Шығыс Азия, Таяу Шығыс (Ливан) елдерінде ол кеңінен тараған. Дүниенің қай түкпірінде болса да католик шіркеуі Рим Папасын ең жоғарғы діни билеуші деп санайды. Папаның кеңесші органы қатарына көптеген елдерден сайланған кардиналдар алқасы және епископтар синоды кіреді. Православие шіркеуі ондай бір орталыққа бағынбаған. Олар бір-біріне бағынбайтын 15 автокефалды (жергілікті) православиелік шіркеулерден тұрады. Бұл шіркеулердің діни ұстанымдары бір, Құдайға табыну формалары мен дәстүрлері ұқсас болғанымен бір-біріне бағынбайды. Санап өтер болсақ олар: Константинополь (2 млн.), Александрия (6,5 млн.), Антиохия (1,4 млн.), Иерусалим (130 мың адам), Орыс (50-80 млн.), Грузин (4 млн.), Серб (10 млн.), Румын (16 млн.), Болгар (8 млн.), Кипр (420 мың), Эллад (8 млн.), Албан (700 мың), Поляк (500 мың), Чехтар мен словактар (150 мың), Америка (1 млн.). (Жақшаның ішіндегі табынушылар саны). Барлығы 120-130 млн.-дай. Көріп отырғанымыздай, ұс­танушылардың саны жағынан ең үлкен православиелік шіркеу орыстардікі. «Орыс православие шіркеуі» (ОПШ) деген ресми атауды ол 1943 жылы алған. Соның өзінде Кеңес өкіметі оған заңды тұлға болу құқын бермеген. Тек РСФСР-дің 1990 жылғы 1 қазандағы заңымен ғана 1991 жылдан бастап заңды тұлға болу құқына ие болды. ОПШ билікке қызмет етуде ежелден жақсы құрал болып келеді. Орыс империясының гим­ні болған «Патшаны құдай сақтасынды!» да оның хорлары өзінің литургияларында 1918 жылға дейін үзбей айтып отырды. Мемлекет те өз тарапынан оның жайылуына барынша ықпал етті. Мәселен, 1686 жылы Украинаны ба­ғындырған соң орыс патшасы Киев митрополитетін Константинопольдің қарауынан күшпен шығарып, Мәскеу патриархатына бағындырды. Украина тәуелсіздігін алған соң ғана Ыс­там­бұлдағы православиенің Әлемдік патриархы Варфоломей бұл істі айыптап, мәлімдеме жасаған. 1700 жылы ОПШ патриархы Адриан өлген соң І Петр патша жаңа патриарх сайлауға тыйым салып, дінге «Басқарушы синод» жетекшілік ететін қылды. Шын мәнінде, ол мемлекеттің басқару органдарының біріне айналып, «ең жоғарғы судьясы» императордың өзі болып, 1918 жылға дейін өзгермей келді. Мемлекет шіркеуді мемлекет тара­пынан қаржыландырып та отыр­ған. Мәселен, тек 1917 жы­лы оның қажеттіліктері үшін қазынадан 65,3 млн. рубль бө­лінген. Миссионерлік қадам­дарын да жан-жақты қолдаған. Кеңестік кезеңде патриарх сайлау қайтадан қолға алынғанымен оның өмірі ұзаққа барған жоқ. 1925 жылы Патриарх Тихон өлген соң оның орнына басқасын сайлауға билік рұқсат бермеді. Керісінше, дін қайраткерлері қудаланып, Лениннің «дін – апиын» деген ұранымен ол белсенді өмірден жаппай шеттетіле бас­тады. Епископтар мен свя­щен­никтердің негізгі бөлігі атылды немесе концлагерьлерге айдалды. Тек соғыс жылдары ғана ОПШ-ға деген көзқарас біршама өзгеріп, Мәскеу патриархаты құрылған. Барлық дін басшылары арнаулы қызметпен істес болуға келіссе ғана қызмет ете алатын. ІІ Алексийдің өзі артынан КГБ-мен байланыста болғанын өкінішпен еске алып, діндарлардан осы ісі үшін кешірім сұраған. ОПШ қазір 2000 жылы қабылданған жарғысының негізінде жұмыс істейді. Ұстанушыларының саны көп және Ресей билігімен тығыз бай­­ланыста болғандықтан ғана ОПШ-ның ықпалы мен беделі артық саналады. Әйтпесе, ол пра­вославиенің орталық өкілдігі емес, тек жоғарыда біз айтқан 15 жергілікті яғни «поместный» шіркеулердің біріне жатады. Қазір Ресей әлемдік оқшау­лану жағдайында өмір сүріп жатыр. Осындай жағдайда қа­сарысу тоңын сәл жібіту үшін билік Ватиканның ықпалын пай­даланғысы келетін сияқты. Сондықтан да Ресей Патриарх Кириллді Папамен кездесуге жіберген. Кездесудің негізгі мақсаты осы екенін көптеген сарапшылар мен дінтанушылар айтуда. Ресей билеушілерінің ойында Кубаны оқшауланудан шығаруға ықпал еткен Ватикан Ресейге қатысты қалыптасқан томаға-тұйықтықты таратуға да әсер етер деген үміт бар сияқты. Оның қаншалықты нәтижелі боларын алдағы күндер көрсетер. Екі дінбасы қол қойған декларацияда Украинадағы, Сириядағы және Ирактағы қантөгісті тоқ­татуға үндеу жарияланған. «Жақ­сы соғыстан жаман бейбіт өмір артық» дегендей, Құдайдың хақ жолын уағыздаймыз дейтін дін­басылар бейбітшілік үшін әрекет ететін болса, өз елдерінің билігін осыған үндейтін болса және басқа конфессиялармен осы іс жолында ынтымақтасатын болса – одан артық ештеңе болуы мүмкін емес. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев та осы идеяны үнемі айтып, дін иелерін дәл осы мақ­саттар үшін бір үстелдің басына жинап жүр емес пе? Бәлки, Астанада өтіп жүрген Әлем­дік және дәстүрлі діндер съездерінің тасқа тамған тамшыдай әсерінің арқасында осындай тарихи кездесулер болып жатқан шығар. Халық «тамшы тас жарар» дегенді бекер айтқан жоқ қой. Хақ жолы барлық көршілеріңмен, алыс әріптестеріңмен бейбіт өмір сүріп, тату, төзімді болу екендігі болса және соған жету жолындағы идеялар бізден тарап жатса, оған қуанышпен қарауымыз ләзім. Осындай тарихи оқиғадан қандай тағылым алуға болады? «Діндер жақсылыққа үн­дер» – «Егемен Қазақстан» газеті ай­дар­­ларының бірі осылай аталады. Иә, қай дін де адамдар­ды жақ­сылыққа үндейді. Христиан дініндегі екі тармақ басшы­лары­ның бұл кездесуі мұсылман бауырларымызды да ойландырса дейміз. Сүннит пен шиит болып бөлініп, қырқысып жатқан мұсылмандар аз емес мына әлемде. Бәріміз де Алланың перзентіміз, Пайғамбардың үмбе­тіміз деп мұсылман дінінің басшылары да осындай пәтуаға келсе ғой, шіркін! Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».