«Демеу» қорының қайтарымсыз несиелеріне қол жеткізген қармақшылықтар кәсіптерін дөңгелетіп жатыр. Жалпы, ауданнан конкурсқа 215 өтініш тапсырылса, соның ішінде 40 жоба қолдау тапқан. Енді аймақта тігін цехтары ашылып, үй құстарын көбейту қолға алынып, шағын шаруашылықтар мен кәсіп нысандары да ашылатын болады.
Қармақшылық Жадыра Тұяқбаева 2014 жылдан бастап шағын тігін шеберханасын ашып, қазіргі таңда халыққа қызмет көрсетіп келеді. Негізінен көрсететін қызмет түрлері қазақы ою-өрнек арқылы көрпеше, жастық жасау, қыз баланың жасауы және тағы да басқа қолөнер түрлері. Қазіргі таңда осы кәсібін әрі қарай дамыту мақсатында «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы «Демеу» грантын «Тігін шеберханасын дамыту» жобасы бойынша ұтып алды.
Ақжар ауылының тумасы Жадыра Жүсіпбекқызы ұлттық тәрбие мен тәлімге сусындап өскен жан. Ес білгелі анасының тігін машинасымен киім жөндеп, көрпеше құрап жататынын көріп өскен қаршадай қыз қуыршақтарына сәйкесінше көйлектер пішіп, жастығы мен көрпесіне қамтып қояды екен. Жадыраның ұлттық қолөнерге деген қызығушылығы осылайша бала кезінен бастау алған.
– Анамның тіккен киімдерінен қалған маталардан әртүрлі пішінде қол сөмкелер тігіп алып, мектепке ұстап барғанымда құрбыларым қызыға да қызғана қарайтын. Өсе келе Жаңа жыл, күзгі кештерге көйлектерiмді өзім тігіп киетін болдым. Анама киім сатып әпер демеймін, өз ойымдағыдай етіп өзім тігіп шығатынмын. Әрине, бірден бәрі керемет болған жоқ. Себебі, менің қолыма ине мен жіп беріп ешкім киім тік, тоқы демеді. Анам мұғалім болғанымды қалады. Мектеп бітіргеннен кейін Сарыағаштағы педагогикалық колледжде оқып, бастауыш сыныптың мұғалімі мамандығын алдым. Оқу бітірісімен Жосалы кентінің тумасы Бекнияз есімді жігітке тұрмысқа шықтым. Келіндік, аналық міндеттерімді абыроймен атқарып келемін. Ата-анамдай болған ата-енемнің қолында 12 жыл тұрып өз еншімізді алдық,– дейді ибалы келін.
Енесі Қуантай да ісмер жан екен. Келініне ақыл-кеңесін айтып, білгенін үйретуден жалықпайтын көрінеді. Жадыра 3 баланың анасы. Үйден тапсырыс қабылдап тігін тігіп жүрген қолөнер иесі былтыр өз күшімен керекті құралдарын, жарақты тігін машинасын сатып алып, шағын шеберхана ашыпты. Өзі тапсырыс қабылдайды, тігеді, өзі сатушы.
– Наурыз мерекесі жақындағаннан балабақшалар мен мектеп оқушыларынан ұлттық киімдерге тапсырыс көптеп түседі. Барлығын дер кезінде, сапалы орындау менің міндетім. Сондықтан, күндіз-түні жұмыс істеудемін. Тапсырыс берушінің ойындағыдай етіп тігуге тырысып бағамын. Барлығы дайын затын алып кетуге келгенде қуанып, көңілдерінен шығып, ақысын ренжімей беріп кетеді. Мұның өзі маған күш береді. Барыңды бағалай білгендерге, еңбегіңді ескеріп, алғысын айтқандарға қуанасың. Мен дайын оюларды пайдаланбаймын. Себебі, олардың сапасы көңіл қуантарлық емес. Тез түсіп қалып жатады. Сондықтан, барлығын өз қолыммен ойып, жапсырамын. Оюлар дайындау уақыт алады, көп ойлануды талап етеді. Оған көбіне қызым Айшара көмектеседі. Киіз де баса аламын, ши де тоқимын, киіз үйдің барлық керекті жабдықтарын тігуге, жалпы, кімнен қандай тапсырыс түседі – қолдан келгенше соның барлығын орындауға тырысамын. Ізденемін. Жас бола тұра білмеймін, жасай алмаймын, қолымнан келмейді деп айтуға ұяламын,– дейді кәсіпкер келіншек.
Иә, тігін тігу, ұлттық өнерді дәріптей білу ең бірінші ептілікті, ұқыптылықты, шыдамдылықты талап етеді. Көздің майын тауысып, жеті рет өлшеп, бір рет кесетін мамандық түрі тігіншілікті оқымай-ақ үйреніп, кәсіп еткен Жадыраның бұл тірлігі жастарға үлгі. Бүгінде ол мемлекет тарапынан қолдау тауып, кәсібін кеңейтуді көздеп отыр. Саусағынан өнері тамған жас кәсіпкердің кәсібіне нәсіп тілейміз.
Айта кетейік, «Демеу» гранттары халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарына, көпбалалы аналарға, жұмыссыздар мен мүгедектерге беріліп отыр.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Қызылорда облысы.