19 Ақпан, 2016

Хореограф

488 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Г.БайкеноваГүлсина Байкеновамен жолығу оңай емес. Өйткені, ол үнемі қарбалас жүреді. Бірде «Байкеновтер» балет студиясының бишілерімен түрлі халықаралық конкурстарға қатысу үшін жолға шығып кетеді. Енді бірде мүмкіндігі шектеулі жандарды дәл сондай сайыстарға жетелеп бара жатады. Оның үстіне Атыраудағы «Татулык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігіне жетекшілік ететіндіктен түрлі мәдени шаралардың бел ортасынан табылатын сәті де көп. Осылайша ол үнемі жол үстінде, не түрлі іс-шараның ортасында жүреді. Оның өмір жолы да қызық. Маңғыстау өңірінде кіндік қаны тамыпты. Бес жас­қа толғанда ата-анасы жұмысымен Қыр­ғызстанға көшіпті. Ата-анасы сол елдің Жалалабад қаласындағы өнер мектебінде дәріс алуға беріпті. Оқуға зерек жас кейін өнерге бет бұрып, Бішкектегі хореографиялық училищеде білім алған. Бірақ, еңбек жолын Қазақстанда да, Қырғызстанда да емес, Ресейдің Челябі қаласында бастапты. Ал еліміз тәуелсіздік алған тұста, яғни 1992 жылы Қазақстанға қайта оралыпты. «Әкем де, шешем де өнерге қатысы болмаса да, бізді бала күнімізден өнерге баулыды. Олар үнемі «Туған жердей жер болмас» деп отырушы еді. Біз қазақпен тамырлас, туысқан халықпыз. Туған еліңді, қазақ халқын сыйлаңдар, олардың салт-дәстүрін, мәдениетін, та­рихын, тілін, өнерін құрметтеңдер. Қазақстанның өркендеуіне үлестеріңді қосыңдар, көмектеріңді беріңдер», деп өсірді бізді, дейді қазақша жетік сөйлейтін хореограф Гүлсина Байкенова. Қазақстанға оралған соң 1992-1994 жылдары К.Байсейітова атындағы мем­лекеттік академиялық опера және балет театрында және Болат Аюхановтың басшылығымен ұйымдастырылған мем­ле­кеттік классикалық би ансамблінің құ­рамында жұмыс істеді. М.Әуезов атын­дағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде би ұжымының жетекшісі мамандығын игеріп, Атырауда балет студиясын ашты. Қазір өзінің жетекшілігіндегі «Байкеновтер» балет студиясында 5 пен 9 жас аралығындағы 68 тәрбиеленуші бар. Биге аңсары ауған балдырғандардың ұлтына қарамайды. Бәрін бауырына тартады, түрлі ұлттардың биін үйретеді. Бұл студияның балғын бишілері тек елімізге ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттерге танымал болды. Бұларға қоса мүмкіндігі шектеулі жандарды да биге баули бастады. – Әр адамның тағдыры әрқалай қа­лып­тасқанымен, бәрінің де бойында өнерге деген құлшыныс болады. Алайда, кейбіреулері мүмкіндігінің шектеулі бол­ғаны­нан қатарынан қалып жатады. Тіпті қоғамнан бөлшектене бастайтын сәттері бар. Менің ойымша, мүмкіндігі шектеулі болғанмен, олардың да арасында талантты жастар жетерлік. Тек оларды қолдау қажет, –дейді мүмкіндігі шектеулі жандарды да би өнеріне баулып жүрген хореограф. Сөйтіп, оның ұйытқы болуымен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін «Адажио» дуэті құрылды. Өткен жылы осы дуэттің құрамындағы Асылай Ақбергенова мен Нұрлан Жалғасбаев Польшада өткен «Мәдениет шеруі-2014» халықаралық жобасының әртістік жазы» конкурс-фестиваліне қатысты. Олар әлемнің әр елінен жиналған бишілер додасында «Медленный вальс» би қойылымы мен «Часы времени» сюжетті композициясын ұсыныпты. Сондай-ақ, балет студиясының оқушылары мен «Адажио» дуэті «Би театры және ұлттық костюм» аталымында да өнер көрсетті. «Бұл қойылымда қазақтың дархан даласының бар байлығын көрсетуге тырыстық. Сахнаға «Алтын адамды» да, сақ патшайымы Тұмарды да алып шығып, «Аластау» ырымы мен «Шашу» дәстүрін ұсындық», дейді Гүлсина Байкенова. Осылайша, бір биді мүмкіндігі шектеулі бишілерге де, он екі мүшесі сау бишілерге де биледі. Нәтижесінде атыраулық бишілер халықаралық конкурс-фестивальдың «Би театры және ұлттық костюм» аталымында І орын мен Гран-при сыйлығына ие болды. Ал хореограф Гүлсина Байкеноваға «Үздік хореограф» арнайы сыйлығы берілді. Ол сонымен бірге, еліміздегі ұлтаралық татулықтың нығаюына да өзінің үлесін қосып келеді. «Біздің елімізде 100-ден астам этнос бар. Олардың бәрі де мемлекеттің қолдауымен өздерінің ұлттық құндылықтарын жаң­ғыртуға мүмкіндік алды. Бұған өзім де атсалысып жүрмін. Мақсатымыз – елдің бірлігін сақтау, өркендеуіне үлес қосу», деген хореограф бір топ баламен балет студия­сына қарай беттеп бара жатты. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан».  АТЫРАУ. Суретті түсірген Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.