Елбасымен біргеміз!
Қазақстандықтар Н.Назарбаевтың Президенттік өкілеттігін ұзартуды қолдайды Жолмұхан ТҮРІКПЕНҰЛЫ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры. Көп нәрсе басшыға, жетекшіге, істің көзін білетін адамға байланысты екенін нақты өмірде аяқ басқан сайын көресің. Қай салада болмасын, үлкенді-кішілі ұжымның басына жақсы адам келсе, үлкен қабілеті бар адал адам келсе, сол ұжым еңсесін көтеріп, құлпырып шыға келеді. Іскер адам өзі басқарған шаруашылықты, ұжымды алға сүйрейді. Ал еліңе байланысты болғанда, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұлы көшіміздің тізгінін ұстап отырғанына шүкіршілік етіп, осындай адамның басшың екенін мақтан етесің. Ол жайында басқалардың жақсы айтқанына мерейің өседі. Осыдан біраз бұрын Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның: «Назарбаевтай басшысы бар қазақ халқы бақытты ғой» деген сөзін естіп көңіліміз марқайса, мұндай сөздерді қазір әлемнің әр тұсынан, небір дуалы ауыздардан естиміз. Мұның өзі қазір қалыпты жағдайға айналғандай. Бұл жайында толғануға республика жұртшылығы өкілдерінің еліміздің шығысында бас қосып, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөнінде ұсыныс жасауы, Қазақстан Республикасы азаматтарына үндеу тастағаны себепші болып отыр. Бұл шақыруға республика халқы толықтай дерлік қолдау көрсететініне кәміл сенемін. «Толық» демей, «толықтай дерлік» деп, аз да болса, кейбір қарсы азаматтардың да табылатынын жасырғым жоқ. Ол да өмір заңдылығы. Олардың өз пікірлерін білдірулеріне мүмкіндік жасаған да сол Президентіміз Назарбаевтың басшылығымен орныққан тәуелсіз демократиялық мемлекетіміздің пайда болуы. «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады» деген бар. Олардың айқайы әжептәуір, бірақ оларды қолдайтындар шамалы. Оны өткен президент сайлауы көрсеткен. Халықтың Нұрсұлтан Назарбаевты қаншасы қолдағанын да жұрт ұмытқан жоқ. Сол сайлаудан бері Президенттің беделі халықаралық ауқымда да, өз ішімізде де бұрынғыдан да артқаны айқын, күмәнсіз. Оны жақында Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммиті кезінде әлем де мойындады, халқымыздың да көзі жетті. Сол Саммиттен кейін Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бедел-абыройы әлем алдында, халық алдында жаңа бір белеске көтерілсе, соған орай оған қарсылардың қатары мықтап селдіреді деп тұжырым жасауға әбден болады. Осындай кезде президент сайлауы өтер болса, Елбасына дауыс берушілер саны бұрынғыдан да артары күмәнсіз. Соны ескеріп, Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзартуға байланысты референдум өткізу жөнінде ұсыныс айтылуы өте орынды. Сайлау өтсе, оның айқын басымдықпен жеңіске жететіні шүбәсіз. Сонда мәселенің сайлау өткізудей шығыны да, айқай-даңғазасы да мол науқансыз шешілгені жөн-ақ дейсің. Осы жерде сөзімізді данышпан Абайдың бізге өсиет ретінде қалдырған бір ойын келтірумен тұжырымдауды жөн көріп отырмыз. Ұлы бабамыз өзінің отыз тоғызыншы сөзінде қазақтың бойындағы жақсы екі мінезді атап көрсетіп, соны жоғалтпауды айтады. Тыңдайық: «Ол екі мінезі қайсы десең – әуелі – ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көші-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы, топ басылары қалай қылса, қалай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден-бірге жүгірмек болмайды екен. «Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа қой», «Бас-басыңа би болсаң, манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деп, мал айтып, тілеу қылып, екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен. Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?». Бұған қосып-алу артықтау көрінеді. Қазақи менталитеті кемшіндер ғана мұны түсінбеуі, қабылдамауы мүмкін. Мен сөзімді оларға арнап отырғаным жоқ, түсінетіндерге айтып отырмын. Алматы.Халық қалауы қапысыз
Махамбет ауданы жұртшылығының Елбасына деген ықыласында шек жоқ. Өйткені, Нұрсұлтан Назарбаев 2002 жылы Атырауға сапары кезінде осы ауданға арнайы келді. Жұртшылықпен емен-жарқын пікір алысып, өтініш-тілектерін зейін қоя тыңдады. Сонан соң “Келесі жылы Махамбет бабамыздың 200 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтеміз. Соған дейін Махамбет ауданына дейінгі жол аралығы күрделі жөндеуден өтеді. Сол кезде тағы да келіп, өздеріңізбен жүздесемін, батыр бабамыздың мерейтойын бірге атап өтеміз” деген еді Елбасы. Айтқандай, бір жылдан соң Елбасы Махамбет ауданына тұрғындар қуанышын бөлісуге келді. Аудан жұртшылығын батыр бабаның мерейтойымен құттықтады. Бұл кезде қос облысты бір-бірімен жалғайтын күрежолға күрделі жөндеу басталып, Махамбет ауданына дейінгі аралығына тақтайдай тегіс асфальт төселген еді. Аудан тұрғындарының жүздеріне шуақ ұялап, Нұрсұлтан Назарбаевты ерекше ықыласпен қарсы алғанына куә болғанбыз. Сол ықылас әлі де сол қалпында екеніне міне, тағы көз жеткіздік. Елбасының президенттік өкілеттігін ұзартуға байланысты референдумның бастамашы тобының Үндеуін қапысыз қуаттаған жиында махамбеттіктер “Біз әрқашан да Елбасымен біргеміз! Нұрсұлтан Назарбаев – біздің таңдауымыз! Президентпен бірге – абзал болашаққа, жаңа табыстарға, жаңа жеңістерге жетейік!” деген ортақ ұстанымға тоқтады. Аудандық мәслихат хатшысы А. Құрманбаевтың айтуынша, елімізде іске асырылған реформалар мен экономикалық өрлеу – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының жемісі. “Қазақстанда әлем елдері қызығатындай саяси тұрақтылық қалыптасты. Таяу Шығыстағы, алыс-жақын шет елдерде дүркін-дүркін дүрбелеңдер мен қақтығыстар орын алса, Қазақстандағы әр түрлі этностар арасындағы ынтымақ пен бірлікке сызат түскен жоқ. Біздің еліміз үшін ынтымақ пен бірліктен, тұрақтылық пен татулықтан қымбат нәрсе болмайды” деген оны ардагерлер кеңесінің төрағасы С. Тәжбентай, білім бөлімінің әдіскері М. Бекимова, “Жас Отан” жастар қанатының атқарушы хатшысы Қ. Құлмашев, емхана дәрігері М. Ғабитовтар бірауыздан қолдады. Қазақ мұнайының алғашқы тамшысы алынған Жылыой ауданының тұрғындары Елбасына ұдайы арқа сүйеп жүреді. Себебі, Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей ықпалымен аудан аумағындағы “Теңіз” кенішін игеруге алғашқы шетелдік инвестор келді. Кенішті игеру үшін құрылған “Теңізшевройлдың” әлеуметтік демеуін алдымен осы аудан жұртшылығы көре бастады. Бірлескен кәсіпорынның қаржылай қолдауымен Сарықамыс, Кеңарал ауылдары жаңа мекенге қоныс аударды. Енді бұл кәсіпорын аудан орталығы – Құлсарыдағы ауыз су, канализация құбырларын жаңғыртуды қолға алды. Мұның бәрі Елбасының тікелей тапсырмасымен атқарылуда деп пайым жасайды жылыойлықтар. – Еліміздің экономикалық өркендеу мен биік белесті бағындырудағы өрлеуінде Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі бар. Шетелден инвестиция тартылды. Егер шетел инвесторлары Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың батылдығына сенбесе, Қазақстан экономикасына инвестиция салар ма еді? Енді, міне, экономикамыз өркен жайды, Қазақстандағы тұрақтылық жаһан жұртын қызықтырады. Егемендігіміз бен кемелдігімізді жалғастыру үшін біз, ақсақалдар заман тыныштығын, ұрпағымыздың әлеуетті өмір сүруін қалаймыз. Ол үшін Президентіміздің өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдум өткізуді қолдаймын, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Кәдіров. Ал Атырау қаласындағы жиынды ашқан облыстық мәслихат хатшысы Жалғас Дүйсенғалиев “Одақ ыдырағаннан кейінгі қиын кезеңде Қазақстанда бейбіт өмір сақталып қалды. Елбасының шетелдік инвесторларды тарту жөніндегі бастамасы баянды болып, алпауыт компаниялар қазақ еліне озық технология, жаңа техника мен шебер мамандар әкелді. Ел экономикасы дамыды, халықтың әлеуметтік тұрмысы жақсарды” дей келе, Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлтаралық татулықты нығайту, Қазақстанды әлемдегі көшбасшы мемлекеттер қатарына қосудағы жемісті еңбегін атап өтті. Мұнайлы өңір жұртшылығының қолдауы мұнымен шектеліп қалмақ емес. Әр ауданда, әр ауылда, әр ұжымда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылғы 6 желтоқсанға дейінгі мерзімге ұзарту үшін референдум өткізу қажеттігін қолдаған жиындар жалғасуда. Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ елінің дамуы, кемел келешегі үшін сіңірген еңбегін орынды бағалаған халық алдағы он жылды Тұңғыш Президентпен бірге жалғастыруды қалайды. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы.Кесімді пікірге қосыламын
Оразбай ӘБІШЕВ, Социалистік Еңбек Ері. Жақында киелі Алтайда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылдың соңына дейін ұзарту жөнінде алқалы жиын болып өтті. Бастамашы топтың бұл ұсынысына бүгінде республика көлеміндегі тұрғындар қызу қолдау білдіруде. Рас, тәуелсіз еліміздің тұрақты түрде дамуына, өркениетті тыныш елде өмір сүруімізге Елбасының қосқан үлесі орасан. Мұндай жетістікке Ұлт Көсемінің сарабдал саясатының арқасында қол жеткізіп, уыздай ұйыған баянды тіршілігімізді төрткүл дүниеге паш еттік. Әлемдік қаржы дағдарысы кезеңінде де Президентіміз тығырықтан шыға біліп, сала ведомстволарына нақты міндеттер жүктеді. Соның нәтижесінде бірнеше жарқын жобалардың өмірге келуіне және жұмыс орны санының артуына жол ашылды. Бұл дегеніміз, халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарып, өнімділік еселене түседі деген сөз. Сарыарқаның төрінде бүгінде заман талабына жауап беретін бірнеше нысандар бой көтерді. Көргендердің көзі сүйсінетін ғажайып осы ғимараттар еңсесі биік елдің мәртебесін асқақтатып тұр. Мемлекет басшысының кезінде Астананы қалыптастыру жөніндегі ұтымды ұсынысы осылайша өміршеңдігін дәлелдеді. Айта берсем, жақсылыққа толы істеріміз жетерлік. Сондықтан осы жетістіктерімізге жетуге тікелей бастамашы болған Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзарту туралы кесімді пікірге толықтай қосыламын.Халқының бағына туған
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға 6 желтоқсанға дейін ұзарту мақсатында бүкілхалықтық референдум өткізу жөнінде республикалық бастамашы топтың Үндеуі бүгінде Батыс Қазақстан облысындағы Ақжайық ауданы жұртының да басты назарын да. «Алдағы онжылдықта да Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге боламыз!» – әлеуметтің бүгінгі ниеті де, тілегі де осы. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзартуға арналған республикалық референдум өткізу жөніндегі бастамашы топтың ұсынысын қолдауға арналып аудандық мәслихат отырысы өтті. Осында жиналған депутаттар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, жастар жетекшілері алдындағы сөзінде мәслихат хатшысы Д.Жақсыбаев былай деді: – Еліміз тәуелсіздіктің 20 жылына аяқ басты. Осы жылдар аралығында Елбасының басшылығымен ғасырға бергісіз жұмыстар атқарылғанын білесіздер. Ел дамуының негізгі құжатына айналып отырған «Қазақстан-2030» Стратегиясы нәтижелі орындалуда. Нұрсұлтан Әбішұлының беделінің арқасында елордамызда ЕҚЫҰ Саммиті өтіп, Астана Декларациясы қабылданды. Елбасының биылғы тарихи Жолдауына орай елімізде индустриялық-инновациялық өрлеу дәуірі басталды. Бүгіннің өзінде 152 индустриялық жоба іске қосылды. Соның ішінде біздің облысымыздан 5 жоба бар. Тәуелсіздік жолына түскен сын сағаттарда Елбасымыз өзін қажырлы қайраткер, дана саясаткер ретінде көрсетіп, егемен Қазақстан мемлекетінің негізін қалады. Халқының бағына туған ол шынайы Ұлт Көшбасшысына айналып отыр. Еліміздегі жетістіктер Елбасының бастамасымен қолға алынған бағдарламалардың нәтижесінде жүзеге асуда. Өзі ұсынған бағдарламаларды қалай жүзеге асыруды Елбасынан артық білетін адам болмас. Сондықтан Көшбасшымызға мүмкіндік беруіміз керек, дейді батысқазақстандықтар. Болат ЕСҚАЛИЕВ, журналист. Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы.Сүйер ұлың болса егер
Жақсылық ЫСҚАҚОВ, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, ақсақалдар алқасының мүшесі. Өз басым Семей жеріне еліміздің барлық аймақтарынан жиналған бастамашы топ мүшелерінің Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзартуға байланысты референдум өткізу жөніндегі шешімін дәл осылай болуға тиістідей салқынқандылықпен, сабырмен қабылдадым. Десек те, арамыздан Ата Заңымызда жазылғандай Қазақстан Президентінің әрі қарайғы өкілеттігін жалпыхалықтық сайлау арқылы неге ұлғайтпасқа деушілердің табылуы әбден мүмкін. Иә, Қазақстан Конституциясында Президент жайлы арнайы тарау бар. Онда мемлекеттің басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлғаның конституциялық заңға сәйкес жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде бес жыл мерзімге сайланатыны айтылған. 1991 жылғы 1 желтоқсандағы Тұңғыш Президент сайлауын әлі ұмыта қойған жоқпыз. Арадағы бес жылдан кейін 29 сәуірде бүкілхалықтық референдум арқылы президенттік өкілеттілік ұзартылды. Бұдан соң екі рет баламалы сайлау өткізілді. Қай-қайсысы болсын заңға қайшы емес. Ең бастысы, бұл сайлаулар Н.Назарбаевтың халықтың үлкен қолдауына ие саяси көшбасшы екенін дәлелдеді. Бұл сенім әлі күнге дейін жойылған емес. Жыл өткен сайын Нұрсұлтан Әбішұлының ұстанған бағытын қызу қолдап, сара саясатын қолдаушылар қатарының арта түскенін байқау қиын емес. Ал, бастамашы топ Мемлекет басшысының өкілеттігін халықтық референдум арқылы ұзартуды ниет етсе – оған әркім құқылы. Мұның өзі зайырлы елге тән демократиялық құбылыс, құндылық екені даусыз. Талай сайлауды бастан өткердік. Тартысқа толы саяси додалардың бел ортасында жүрдік. Меніңше, бар мәселе сайлауға, болмаса референдумға тіреліп тұрған жоқ. Оны өткізу соншалықты қиын да емес. Тәжірибеміз де мол. Сайлау дәл бүгін өтсе де халық таңдауы Тәуелсіз Қазақстанымыздың Тұңғыш Президентіне түсері анық. Өйткені, сонау аумалы-төкпелі кезеңде Ел Басшысын қапысыз тани білген қазақстандықтар өз тағдырларын оған сеніп тапсырды, аманат етті. Содан бері 19 жыл бойы ыстығын да, суығын да, жеңісін де, жемісін де бірге көріп келеді. Тарих үшін қас-қағым сәт ішінде Қазақстан әлем мойындаған елдер санатынан ойып тұрып орын алды. Президенттің зор табандылығы мен орасан күш-жігерінің, ұйымдастырушылық талантының арқасында тұрақты даму жолына түсіп, ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Алға қойған өрелі мақсаттарымыздың орындалып, стратегиялық даму жоспарларымыздың өзара үйлесім тапқаны болашаққа деген берік сенімді ұштай түседі. Тарих бетіне алтын әріптермен жазылған Астана Саммиті Елбасының халықаралық аренадағы абырой-беделін одан әрі аспандата түсті. Екі күн бойы елордада жаһандық қауіп-қатерлердің алдын алуда аса маңызды мәселелерді талқылап, қоғамдық қауіпсіздіктің тың бастамаларын айқындап берген VІІ Саммит ЕҚЫҰ жұмысына тың серпін берді. Қазақстан басшысының еуразиялық интеграциялық және әлемдік проблемаларды шешу жөніндегі бастамалары мен ұсыныстары оған қатысушы мемлекет басшылары тарапынан кең қолдау тапты. Өз басым Нұрсұлтан Әбішұлын көптен бері білемін. Оны қазақтың бағына туған тұлғалы азамат ретінде қадір тұтамын. Жауапты қызметтерде жүргенде талай рет жүздесіп, іскерлігіне, адами қасиеттеріне тәнті болған едім. Көп жыл Павлодар облыстық атқару комитетінің төрағасы болғанымда ақыл-кеңестерін беріп, сол кезде-ақ көшбасшылыққа лайық екенін мойындата білген-тұғын. Қазақстандықтардың қай-қайсысы болсын еліміздің тұрақты дамуына, экономикалық жағынан қарыштап алға басуына, ұлтаралық татулық пен келісімнің беки түсуіне мүдделі. Алда қаншама іргелі міндеттер тұр. Келешегі кемел елімізді Елбасынсыз елестету мүмкін емес. Хакім Абай «сүйер ұлың болса егер, сүйенерге жарар ол» деп жырлағандай Нұрсұлтан Әбішұлындай Елбасымыз, Көшбасшымыз тұрғанда ештеңеге алаңдамаймыз. Солтүстікқазақстандықтар қашанда Сізді қолдайды. Біз Сізбен әркез біргеміз! Солтүстік Қазақстан облысы.Көкейдегі ойды дөп басқан бастама
«Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы Ақтөбе ферроқорытпа зауыты қашанда «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» келе жатқан ұжым. Сондықтан да болар тәуелсіздіктің елең-алаңында да, әлемдік қаржы дағдарысы етекке жармасқанда да еңбек ырғағынан жаңылған емес. Кәсіпорында өндірісті кеңейтудің алғышарттары жасалып, Елбасының Ақтөбеге сапары кезінде жаңа цехтың іргетасына капсул салып кеткені де күні кеше ғана. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы зауыт ұжымына үлкен сенім артқан-ды. Сол сенімнің үдесінен көрінуге бағыт ұстанған акционерлік қоғам ұжымы шығысқазақстандықтардың үндеуін бір кісідей жылы қабылдады. Осында өткен Елбасының президенттік өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы республикалық референдум өткізуге байланысты жиында бұл мәселе шын жүректен қолдау тапты. Үш жүзден астам жұмысшы қатысқан жиынды кіріспе сөз сөйлеп ашқан зауыттың әлеуметтік мәселелер және көлік бөлімінің бастығы, бастауыш партия ұйымының төрағасы Жамансары Мақашев тәуелсіздік алған 19 жылда Елбасының экономикалық қуатты, саяси тұрақты мемлекет құра білгенін, бүкіл дүниежүзілік қауымдастықтың Қазақстан атты іргелі елді Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендік саясаты нәтижесінде танып, мойындағанын атап өтті. ЕҚЫҰ-ға еліміздің төрағалық еткенін, Астана төрінде ЕҚЫҰ Саммитін бір демде сәтті өткізгенін, Астана Декларациясын қабылдауға ұйытқы болғанын тарихи оқиға деп бағалап, Елбасының әлемдік деңгейдегі саясатшы екеніне тоқталды. Осы бағытта ойын сабақтаған Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Мұрат Мұқашев Президенттің еліміздегі бірлік пен татулықтың, экономикалық даму мен саяси тұрақтылықтың бірден-бір кепілі екеніне назар аударды. – Біз Нұрсұлтан Әбішұлын заманымыздың аса ірі саясаткері деп білеміз. Президенттің өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөнінде референдум өткізу туралы бастаманы қуана қолдаймыз. Бұл көптің көкейіндегі көрікті ой екені шындық. Қазір еліміздегі ішкі жалпы өнім Орталық Азия мемлекеттерінің көрсеткішінен 1,5 есе артық. Елбасының жер бетінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі орасан еңбегін бүкіл әлем мойындады. Біздің Президентімізге мемлекетімізді қалыптастыру барысында үлкен жауапкершілік жүктелді. Бұл міндетті қайыспас қара нардай алға тарта білді. Қазақстан экономикасы Елбасымыздың стратегиялық көрегендігі, табандылығы мен ерен ерлігі арқасында нығайды. Қазір халық Президенттің әлеуметтік-экономикалық салада жүзеге асырған істерінің жемісін көріп отыр. Сондықтан да сүйікті Президентімізге деген сенім мол, көңіл нық, – деді ол. №23 пештің бригадирі Дәукен Райысов, қайта өңдеу цехының бастығы Мырзағұл Құлдыбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы Балғали Ордабаев еліміздің әлемге танылуын, ертеңімізге деген сенімнің нығаюын, мемлекетіміздің беделінің көтерілуін Елбасы есімімен сабақтастырды. Қазақстанды мекендеген барша ұлттар мен ұлыстардың бірлігі мен татулығын нығайтудағы қол жеткен жетістікті Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендік бастамаларының нәтижесі деп мәлімдеді. Жиында сөйлеушілер Елбасының Президенттік өкілеттігін ұзарту арқылы бастаған істерін баянды етуге мүмкіндік берілетінін баса айтты. «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы Ақтөбе ферроқорытпа зауыты жұмысшыларының жиналысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттік мерзімін 2020 жылғы 6 желтоқсанға дейін ұзарту жөнінде бүкілхалықтық референдум өткізу туралы бастамасын қолдау бойынша үндеу қабылданды. Үндеуде зауыт ұжымының Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты барлық істе де қолдайтыны айтылды, ферроқорытушылар қазақстандықтарды бүкілхалықтық референдум туралы бастаманы қолдауға шақырды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.Еменнің иір бұтағы
41 жыл әскер сапында жүрген сардар, Халық Қаһарманы, ҚР Әскери инспекциясының Бас қолбасшысы, генерал Бақытжан ЕРТАЕВҚА Жаңа жылдық мерекеге санаулы күндер қалғанда жолыққан едік. – Бақытжан Ертайұлы, Сіз Жаңа жылды бейбіт күнде қарсы алудың қадірін білетін адамсыз ғой. – Алдымен мынаны айтқым келеді. Тарихсыз ел жоқ. Біз рухты, абыройлы, намысқой, аруақты халықпыз. Кең байтақ елімізді ата-бабаларымыз, батырларымыз жан беріп, қан төгіп жүріп қорғап, бізге қалдырды. Жеріміздің кеңдігі жөнінен әлемде тоғызыншы орын аламыз. Қандай бақытты халықпыз! Сол бақыттан айырылмауымыз қажет. Сол бақытты алға жетелеп алып келе жатқан біздің Тұңғыш Президентіміз. Еліміздің жүрегі – Астана. Осы шешімге бастамашы болған, қиын жағдайда шешім шығарған кім? Елбасы! Саяси өкімет шашырап, өзге ұлттың өкілдері атажұртына ауып жатқанда Астананы құруға бел будық. Осының бәрі тарихтың өне бойында көрген қиыншылықтарымыз бен қасіретіміздің өтеуі, ата-бабалар аруағының қолдағаны. Күні кеше ғана Баукеңнің басына барып Құран бағыштатып қайттым (24 желтоқсан Б.Момышұлы 100-ге толған күн). Біз осындай халықпыз. Өлі риза болмай, тірі байымайтындығын білетін халықпыз. Жыл аяқталған сайын алдымен көрген жақсылықтарымызды айтамыз. Жаңа жылда да Алла бізді абыройсыздықтар мен келеңсіздіктерден сақтағай! – Әңгімені өзіңіз елдікке, бүтіндікке бұрып қалдыңыз. Жуырда сізді Өскемен қаласында Елбасының өкілеттілігін ұзартуды қолдаған ынталы топтың қатарынан көрдік. Осы бастамаға шын мәнінде не түрткі болды? – Мен сардар ретінде айтайын. Біздің осыған дейін көрген қиыншылығымыз аз емес. Енді осы жақсы күннің жалғасқанын, жетістіктеріміздің кемелдене түскенін қалаймыз. Оны халық та көксейді. Осы күнге бізді жеткізген, көреген көшбасшы болған Елбасы – біздің Жоғарғы Бас қолбасшымыз. Ол кісі бізді жарты жолда қалдырмауы қажет. 2020 жылға ол кісі бізді жеткізуі қажет. Оған дейін де өсер-өнер еліміз бар. Өсіп келе жатқан жастарымыз, буыны бекіп жатқан ұрпағымыз бар. Мен данышпан емеспін. Бірақ бүтінделген кезімізде жаманымызды жасырып, жақсымызды асыруымыз керек. Бірақ, кемшілігімізді де бетке айтқан жөн. Осыдан жиырма жыл бұрын қандай едік, қазір қандай болдық. Шашырап, тойып тамақ іше алмай қиналған кезеңдер де болды ғой. Қазір әркімнің үйінде екі мәшинеден бар. Ешкім жыртық шапан киіп жүрген жоқ. Қанағат керек. Мұнан да жақсы күндерге қанағатпен, ауызбіршілікпен жетеміз. Ол қанағат бір күндік емес, келешек үшін болуы тиіс. – Тәуелсіздіктің де 20 жылдығына қадам басқалы тұрмыз. Өткенге ойшолу жасағанда енді ненің біткенін көксейсіз? – Бұрын әскери округтер болмаған еді. Мен штабтың бастығы болып жүргенде осы ен-байтақ даланы ата-бабаларымыз қалай алып қалды деп ойлайтынмын. Мына жағы Зайсаннан Семейге дейін, Қорғас пен Отарға дейін лық толған әскери бөлімдер болғанымен, басқа тұсымызда әскери округтер болмады. Қазір тәубе, мемлекетіміздің төрт қиырында да әскери округтеріміз бар. Енді әркім өз орнында өз жұмысын сапалы, адал атқарса – қол жеткізген табыстарымыз жалғасады. – Есіңізде қалған ең жақсы Жаңа жыл қайсы? – Әлі есімде, 10 жасымда Жаңа жыл дастарханынан үлкен тортты көріп қуанғаным бар. Балалық қуаныш қой. Бұл қалай деп, таң қалсаңыз да айтайын. Одан кейінгі жақсы бір Жаңа жыл Ауған даласында болды. Қан майданда, бөгде елде жүріп, қазақ жігіттерімен пойызда кетіп бара жатып, мерекені қарсы алдық. «Аға, біздің елімізге Жаңа жыл бірнеше сағат бұрын келді. Еліміздің амандығы үшін тілек тілеп, тойлайық», деп жігіттер жүрекжарды сөздерін айтып, ән шырқап отырғанымыз есімде. Ал биылғы жыл халқымыз үшін де, қара басым үшін де жаман болған жоқ. Ұлым үйленді. Жаңа жылды өз шаңырағымда қарсы алғанды жақсы көремін. – Қандай қиындық көрсем де, әділетсіздікке душар болсам да ешкімді кінәлап, ғайбаттаған емеспін дейсіз. – Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді?! Ауырды көрмеген адам, жеңілдің қадірін қайдан біледі. Қандай қыспақ көрсем де, жала жабылса да Елбасын да, елді де жамандаған емеспін. Бірде айтқаным бар екен: «Батыр таққа таласпайды, батыр тақты қорғайды». Біз сардармыз. Біз сарбазбыз. Елдің тыныштығы мен бақуаттылығы үшін қызмет етуге ант берген адамдармыз. Ер адам екі рет ант бермейді. Басыма қиыншылық түскенде адалдығыма сенген адамдар, майдандас жігіттер мені қолдады. Сынақты күндердің өтуін сабырмен күттім. Талай биікке көтеріліп, талай төмен құлдилап, биігіме қаншама рет көтерілдім... – Сіз үшін бүкіл өмір тағдыр талқысы секілді дейсіз ғой. – ...Осыны айтқым келмеген еді. 10 айлығымда әкемнен қалдым, басымнан сипап қамқор болғанын көре алмадым. Бірақ, алақандай ауыл мені тәрбиеледі. Табиғаты мені аялап өсірді. Бауыржандай батырды туған біздің ауылдың табиғаты да ерекше. Шақпақ пен Күйік асуының арасы Баукеңнің мінезі секілді. Сол ауылдан 8 генерал шыққан. Осы ауылдың басталған тірлігі, көтерілетін шаңырағы, тіпті шабылатын шөбіне дейін батасыз жүрмеген. Сол тілек ер балаға да айтылады. Елдің тілегімен, ниетімен жетілдік. – Бір облыстың, бір ауданның немесе ауылдың батыры болмайды деседі. Батыр ортақ. Бірақ, айналып келген әр қазақтың кіндік қаны тамған жері бары белгілі. Кісілікке жетіп, елдің азаматына айналғанда ауылыңызға шапағатыңыз тиді ме? – Елім маған Халық Қаһарманы деген атақты алмай тұрып-ақ, мен тұрған көшеге атымды берді. Сол ауылыма тырмысып жүріп, мешіт тұрғызып бердім. Сөйтіп, елдің батасын алдым. Біздің ауылда алақандай көпір бар еді. Соны жөндетіп бердім. Осының бәрін жасауға достарым көмектесті, Ауған соғысы ардагерлері болысты. Елдің ықыласымен әкемнің де елге сіңірген еңбегі еленіп, біздің ауыл – Ертай ауылы атанды. Осының бәрі менің жүрегімді әркез жылытып, жігер беріп тұрады. – Соңғы рет қашан қуандыңыз? – Үлкен ұлым кенеттен қайтыс болып кетті. Дүниеден баз кешіп жүргенде жолдастарым сүйіншілеп, ұлымның дүниеге келгенімен құттықтады. Сонда қуанғаннан айқайлап, аты Серікжан болсын дедім. Одан кейін Ауған соғысында жүргенде соғыстың алғашқы күндері досым, лейтенант Әлімжан Ерниязов қайтыс болды деген суық хабар естідім. 3-4 сағат өтпей, досың тірі екен дегенде өлердей қуанғаным бар. Соңғы рет ауылға әкемнің аты берілгенде жүрегім жарылардай болды. – Ендігі арманыңыз? – Алладан сұрайтыным, немерелі болсам екен. Бұл бірінші тілегім. Екінші тілегім, әділет – туымыз болса, өтірік – құлымыз болсын. Үшіншісі, жаттанды сөз болып көрінсе де, бейбітшілік жалғасып, еліміз соғыс көрмесе екен деп тілеймін! – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ.Әлемді таңдандырған тұлға
Біз, Оңтүстік Қазақстан облысының ардагерлері бүкіл кең-байтақ еліміздің барша халқына өзіміздің өзекжарды сөзімізді арнап отырмыз. Тәуелсіз қазақ елінің, егемен Қазақстанның бүкіл дүние жүзі мемлекеттері арасындағы абырой-беделі барған сайын биіктеп, мерейі артуда. Мыңжылдықтар тоғысында жаңа, тәуелсіз мемлекет құрылды. Бабалар арманы шындыққа айналды. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би көксеген, Абылай хан армандаған, Абай аңсаған абат заман орнады. Еншісі бөлінбеген біртұтас, мызғымас елдікке қол жетті. «Қазақ мемлекет болып тұра алмайды» дегендей кейбір кереғар пікірлер мен болжамдар жоққа шығарылды. Қазақстан халқы татулық пен тұрақтылықтың алтын арқауына айналды. Еліміздегі ерекше түсіністік пен төзімділік өзара нық сенімге негізделген. Біздің елдің бірлігі – ынтымақты ырысқа айналдырудың айрықша үлгісі. Тағдыр табыстырған, тарих тоғыстырған түрлі этнос өкілдері Отанымызды бірге көркейтуде, бір шаңырақтың астында ұрпақ өсіруде. Қазақ елінің дұрыс жол таңдап, болашақты байсалдылықпен болжап, ізгілік пен сенімге негізделген парасатты саясат жүргізуі, тәуелсіздіктің жиырма жылында ғасырға бергісіз ғаламат, ғажайып жетістіктер мен жеңістерге жетуі – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің нәтижелері. Әлемдегі небір беделі биік мемлекеттердің басшылары, аса көрнекті қоғам қайраткерлері арасында біздің Президентіміз көрегендігімен, кемеңгерлігімен, жаңашылдығымен, күрескерлігімен, реформаторлығымен ерекшеленеді. Нұрсұлтан Назарбаев шын мәніндегі Ұлт Көшбасшысына айналды. Қазақстанның жиырма жылда жүріп өткен жолы жеңіл болған жоқ. Күрделі кезеңдерде ерен Елбасымыз, кемел Көшбасшымыз өзінің жанашырлығы арқылы жарқын істерге бастай білді. Бүгінде бүкіл әлем Назарбаевты жақсы біледі. Жоғары бағалайды. Керемет құрметтейді. Біздің Президентіміз, Көшбасшымыз халықаралық деңгейде де тамаша бастамалар көтеріп, дүниежүзілік бейбітшілік пен татулыққа, бүкіладамзаттық парасаттылыққа теңдессіз үлес қосуда. Қазақстан әлі жас, жаңа мемлекет екендігіне қарамастан, ТМД кеңістігі бойынша тұңғыш рет ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті. Еліміздің мұндай биікке көтерілуі де – Елбасымыздың ерен еңбегінің жемісі. Еліміздің пешенесіне жазылған бақыт. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетіміздің басшысы ретінде Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-ға төрағалығын елдің халықаралық беделі екендігінің дәлелі деп қана емес, сонымен бірге, Ұйымға жаңа тыныс, жаңа серпін берудің мүмкіндігі деп бағалай білді. Соңғы он жылдың ішінде ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің мемлекет, үкімет басшылары қатысуымен Ұйым қызметінің негізгі бағыттарын айқындайтын, жағдайларды саралап, баға беретін кездесуі мүлде өтпеген екен. Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен мұндай ірі де іргелі Саммит Астанада өтті. Қазақстан Рухы, Астана Рухы, Ұлт Көшбасшысының кемеңгерлігі күллі әлемнің көз алдында барған сайын биіктеуде. Президентіміздің ішкі саясатта да, сыртқы саясатта да мерейлі түрде межелеген асулары таңғажайып. Олардың бәрі де орындаларына нық сенімдіміз. Әлемнің әйгілі мемлекеттері де, әлсіз елдері де, халықаралық ұйымдардың барлығы да Қазақстанды Назарбаевсыз, Назарбаевты Қазақстансыз елестете алмайтынын ашық айтуда. Тәуелсіздік тұғыры нығайып, береке-бірлігіміз бүгінгіден де бекемденбегі үшін бүкіл әлем таңдана қарайтын текті тұлғамыз, қазақтың нұрлы перзенті Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзартуымыз қажет. Бұл – еліміздің елдігін, ұлтымыздың ұлылығын, халқымыздың бірлігін танытар қасиет. Осы ұсыныс-тілегімізді ізгі ниетті, мемлекеттің мерейлі болашағын адалдықпен аңсайтын, өзін Отанымыздың шын патриоты, шынайы азаматы деп есептейтін әрбір қазақ және әрбір қазақстандық қолдайды деген сенімдеміз.Оңтүстік Қазақстан облысы ардагерлер кеңесі атынан:
Ә.АСАУБАЕВ, Социалистік Еңбек Ері; О.БЕГАЛИЕВ, Социалистік Еңбек Ері; К.БӨРІҒАЗИЕВ, Социалистік Еңбек Ері, Созақ ауданының құрметті азаматы; Ө.ӨТЕТІЛЕУОВ, Социалистік Еңбек Ері; А.СӘТМЫРЗАЕВ, Социалистік Еңбек Ері, Бәйдібек ауданының құрметті азаматы; Б.ШҮКІРБЕКОВ, Социалистік Еңбек Ері, Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы; Т.ҚАУЫМБАЕВ, Кеңес Одағының Батыры, барлығы 84 адам қол қойған.Сырбойылықтар үн қосуда
Қызылорда облысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылдың желтоқсанына дейін ұзарту жөнінде референдум өткізуді қолдаушылар қатары күн сайын көбейіп келеді. Бастамашы топтың Өскемен қаласындағы жиынында қабылданған Үндеуге Жалағаш ауданы тұрғындары алғашқы болып үн қосты. Аудан орталығында өткен жиынға үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, ардагерлер мен кәсіпкерлер қатысып, Қазақстанды әлемдік аренаға алып шыққан Ұлт Көшбасшысының президенттік өкілеттігін ұзарту туралы референдум өткізуді қызу қолдады. Басқосуда кент ардагерлері кеңесінің төрағасы Біржан Көштаев осыдан 10 жыл бұрын Елбасының Жалағаш ауданына жасаған сапарын есіне алды. – Сол сапарында аға буын өкілдерімен тілдескен Елбасы Қазақстанның болашақ бағыт-бағдары жайлы байламды сөз айтып еді, – деді ардагер. – Міне, бүгін сол өркенді елдің өрісті тірлігіне куә болып отырмыз. Елінің еңсесін тіктеп, әлемге танытқан Елбасы өкілеттігін ұзарту өзге емес, өзіміз үшін керек шешім. Әркімнің көкейінде жатқан ойды дөп басқан бастаманы қолдауда Сыр жастары да белсенділік танытуда. Облыс орталығындағы «Болашақ» университеті өткізген жиында Елбасының білім және ғылым саласын дамытудағы еңбегі баса айтылды. Ел тәуелсіздік алған алғашқы жылдары-ақ Мемлекет басшысы «Болашақ» бағдарламасы арқылы қазақстандық жастардың шетелде білім алуына жол ашты. Білім беруді басым бағытқа айналдырған қоғам мүшелері екендігін мақтаныш тұтатын Сыр жастары бастамашыл топтың Үндеуін толық қолдайды. Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ, журналист. Қызылорда.Болашаққа – Елбасымен
Алматы қаласының ұйғыр мәдени орталығы елдің Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөнінде республикалық референдум өткізілуін қолдаған арнайы жиналыс өткізді. Қалалық ұйғыр мәдени орталығының төрағасы Абдуллам Ушуровтың атап өткеніндей, Қазақстан ұйғырлары референдум өткізу жөніндегі бастаманы толығынан қолдайды. Аталмыш жиналысқа қатысқан Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының, «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық бөлімшесінің, қалалық сайлау комиссиясының, этномәдени бірлестіктердің, сондай-ақ шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдері Елбасы өкілеттігінің мерзімін ұзарту қажеттігі жайында баса айтты. Сөйлеушілер мемлекетіміздің басшысына бүгін таңда балама жоқ екендігін атап көрсетті. Олар елдің келешектегі тұрақты дамуын, бәсекеге қабілеттіліктің артуын, халықтың береке-бірлігі мен өркендеп гүлденуін Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланыстырады. – Мемлекет басшысы 90-шы жылдары ұсынған көрегендік саясат пен даму стратегиясының арқасында біз бүгінде татулық пен тыныштықта өмір сүріп, әлемдік қаржы дағдарысының зардаптарын жеңіп шықтық, сөйтіп, жаңа жетістіктерге қарай кәміл сеніммен ілгерілеудеміз,– деп атап айтты Абдуллам Ушуров. Өз кезегінде республикалық ұйғыр музыкалы комедия театрының шығармашылық ұжымы Елбасына үнемі көңіл бөліп, қамқорлық жасап келе жатқаны үшін алғыс білдірді. Театр директоры Әділ Жанбакиев Президенттің тікелей тапсырмасымен өз ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізіліп жаңартылғанын еске салды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ұжым өзінің алғашқы тарих мұражайын ашты. Ондағы жәдігерлер 1934 жылдың қыркүйегінен басталған ұйғыр театрының қалыптасуы жайында сыр шертеді. Алқалы жиынға қатысушылар дербес дамудың өткен 19 жылы Президенттің елді бастап келе жатқан бағытының дұрыстығын айқын көрсетіп бергенін алға тартты. Нұрсұлтан Назарбаев үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын бастап берді, Қазақстанды 2020 жылға дейін дамытудың стратегиялық жоспарында алға асқаралы міндеттер қойды. Бүкіл халық үшін аса маңызды нақ осы бағдарламаларды Тұңғыш Президентіміздің басшылығымен жүзеге асыруымыз қажет. Елбасының әрдайым табысқа бастайтынына біз сенімдіміз, дейді олар. Қорғанбек АМАНЖОЛ.Ерен еңбек үлгісі
Тілеухан ӘБІЛДАЕВ, Туберкулез мәселелері ұлттық орталығының директоры, медицина ғылымдарының докторы. Қазақстанда кейінгі жылдарға дейін туберкулез мәселесін түп-тамырымен жою жұмысы көп уақыт өз шешімін таппай келген еді. Осы бір күрмеуі қиын күрделі мәселеге, әсіресе, соңғы жылдары Е