19 Ақпан, 2016

«Rola-7» өніміне сұраныс жоғары

366 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
IMG_6737-Байзақ ауданы, Қызыл жұлдыз ауылының маңындағы «Rola-7» жауапкершілігі шектеулі се­ріктестігінің құрылғанына 8 жылға жуықтады. Әуелі мұнда бір ғана «Чабрец» жайма цехы жұмыс істеді. Бірақ, кәсіпорын басшысы Тұрсынбек Нұрбаевтың жоспарлары өте көп болатын. Арада екі жыл өткенде екінші жайма цехы ашылды. 2011 жылы құрғақ кеспе жасайтын үшінші цех өз жұмысын бастады. Бұл кезде мұнда жұмысшылар саны да арта түсті. 2012 жылы кәсіпорынға өнімдері халықаралық «Халал» стандарт талабына сай екендігін айғақтайтын арнайы куәлік берілді. Жұмыс дұрыс жолға қойылды. Кәсіпорынның сапалы өнімдеріне сұраныс ұлғайды. «Rola-7» кәсіпорны тауар өн­дірушілер арасында «Қазақстан көшбасшысы – 2013» байқауының жеңімпазы атанды. 2014 жылы тауар өндірушілердің республика­лық «Парыз» байқауында «Үздік ұжым­дық келісім» аталымы бо­йынша жеңімпаз деп танылғаны кәсіпорынның жүйелі жұмысының жемісі. «Парыз» байқауының дипломын ««Rola-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Т.Нұрбаев Елбасының қолынан алып қайтты. Бұл кәсіпорында Парламент Мәжілісінің депутаттары да болып, жұмыс барысына, еңбеккерге деген құрметке көңілдері толған екен. Бұл күнде «Rola-7» өнімдері Астана, Алматы қалаларына және бірнеше облыстарға жөнелтіледі. Үлкен сұранысқа ие. Мұнда макарон өнімінің 20 түрі шығарылады. Мұнда өндірілген өнім Ресей, Украина, Белоруссия елдеріндегі өнімдерден артық болмаса, кем емес. Кәсіпорында 18 автокөлік тұрақты жұмыс істеп тұр. Жұмысшылар мен кәсіпорын басшылығы арасында жасалған келісімшарт бар. Кейінгі жылдары жұмысшылар саны үш есеге ұлғайыпты. Мұнда еңбек етушілердің жалақылары да көңілден шығады. – Ең бастысы, 150 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Былтыр жайманың жылдам дайындалатын түрі бойынша тағы бір цех аштық. Соңғы жылдары жұмысшылардың жалақысын тағы 10 пайызға кө­бейт­тік. Мұның бәрі өңірдің экономикасының өркендеуіне септігін тигізетінін түсінеміз. Алдағы уақытта өнімдерімізді сырт елдерге де шығаруымыз мүмкін. Мұнда жұмысшыларымызға қажетті жағдайдың барлығы жа­салған. Тәртіпті қадағалау, жұ­мыс белсенділігін назарда ұстау мақсатымен бейнебақылау қо­йылған. Ұжым еңбеккерлерінің жұмысы қашанда бағаланып отыр, – дейді кәсіпорын басшысы. Кәсіпорынның цехтарын аралап көрдік. Жұмысшылар еңбек көрігін қыздыруда. Олардың жүздерінен кәсіпорынның болашағына деген үлкен сенімді байқадық. Бұл жауапкершілігі шектеулі серіктестік жылына шамамен 9-10 миллион теңге таза табыс тауып отыр. Мемлекет қолдауына сүйеніп, істің көзін тапқанды табыс өзі іздеп келетініне тағы көзіміз жетті. Есет ДОСАЛЫ, журналист.  Жамбыл облысы, Байзақ ауданы. Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.