19 Ақпан, 2016

Беларусь Қазақстан тәжірибесіне зер салды

292 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Әлихан БайменовБеларусь республикасы Президенті жанындағы академияда Астанадағы мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб басқарушы комитеті төрағасы Әлихан Байменов Қазақстандағы мемлекеттік қызмет жүйесін реформалау туралы дәріс оқыды. Ә. Байменов Қазақстан мемле­кеттік қызмет саласында өткен реформалардың басты кезеңдеріне тоқтала отырып, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының аясында осы салада жүзеге асып жатқан шара­лармен таныстырды. Ол мемле­кеттің дамуына серпін беретін, оның ішінде мемлекеттік қызметте лайықты мамандардың іріктелуіне, олардың меритократия қағидатына сай ілгерілуіне жол ашатын бас­қа­рушылық шешімдердің маңыз­дылығын атап өтті. Сондай-ақ, мемлекеттік басқару саласындағы менеджмент және әкімшілік рәсімдер мәсе­ле­лері қаралды. Академия тыңдаушылары Қа­зақ­стандағы мемлекеттік қыз­мет­керлерді іріктеу механизм­дері, мемлекеттік аппаратта сы­байлас жемқорлыққа қарсы сая­сатты қолдану, сыбайлас жем­қорлық әрекеттердің алдын алу бойынша уәкіл институтын енгізу бастамаларына қызы­ғу­шылық танытты. Беларусь Республикасындағы БҰҰ Даму бағдарламасы ұйым­дастырған сапар барысында Әли­хан Байменов БҰҰ ДБ тұрақты өкілі Санака Самарасинхамен кездесті. Сонымен бірге Беларусь Республикасының бірқатар мем­лекеттік орындарының жетек­ші­лерімен кездесу өткізіліп, олар Қазақстанның мемлекеттік қыз­мет саласындағы тәжірибесіне айрық­ша қызығушылық танытып, мемле­кеттің осы саладағы табысы мен өңірлік хабтың білім мен тәжі­рибе алмасудың халықаралық тұғыр­намасы ретіндегі жоғары әлеуетін атап өтті. Қазіргі таңда Астана хабына Экономикалық ынты­мақтастық және даму ұйы­мы, ТМД, Орталық Азия және ASEAN мемлекеттерін қамти­тын 32 қатысушы мемлекет пен 5 халықаралық ұйым кіреді. Астанадағы Мемлекеттік қыз­мет саласындағы өңірлік хаб аймақ­тағы елдер мемлекеттік қызмет бойынша үздіксіз тәжірибе мен білім алмасуы үшін институттық негіз ретінде құрылған. Руслан ИГІЛІК.