19 Ақпан, 2016

Сайлау барысын қадағалайтын филиал

254 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
округтік сайлау комиссиясШтаб жұмысы туралы Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғам­дық комиссиясының Маңғыс­тау­дағы фи­лиалының мүшесі Р.Мадреев баяндады.  – Бүгін біз өңірімізде сайлау барысын бақылайтын қоғамдық комиссияның құрылғандығын арнайы жариялап отырмыз. Демек, өңірде сайлаудың әділ және ашық өтуіне ықпал ететін комиссия филиалы жұмысын енді бастады деуге болады. Осы күнге дейін штаб құрылып, байқаушылар тізімі жасақталды. Оған ең белсенді, жауапты, қоғамдық дамуға өзіндік үлес қоса алатын, азаматтық ұстанымы нық әр сала өкілдері мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері тартылды, – деді Р.Мадреев. Филиалдың негізгі міндеттері мен мақсаты Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттары сайлауларының әділ әрі транспарентті өтуіне, заңдылықтардың сақталуына және халықтың саяси мәдениетінің дамуына, сондай-ақ, үміткерлер құқының бұзылмауына, олардың үгіт жүргізуде тең қалыптылығын сақтауға ықпал ету болып табылады. Маңғыстау өңірінде қоғамдық байқау­шыларды ұйымдастыру жұмыстары қарқынды жүзеге асырылуда. Әрбір сайлау учаскесінде байқаушы болады. Ал еліміздің «Сайлау туралы» Заңын біліп, сайлау кезінде қандай да бір заң бұзушылықтың орын алмауына ықпал ету үшін алдымен байқаушылардың өздерін дайындау қажет, ол үшін арнайы тренингтер, семинарлар өткізіліп, әдістемелік құралдар таратылып, арнайы оқудан өтпек. Оқу мерзімі аяқталған соң, байқаушылар тест сынағын тапсырады және оларға арнайы әдістемелік құрал мен арнайы кітапшалар беріледі. Дауыс беру күні кез келген қоғамдық ұйым мүшесі, қоғам қайраткері, ұстаздар мен студенттер байқаушы ретінде сайлауға өз үлесін қоса алады. Сайлау қарсаңында байқаушылар құқық бұзушылықты болдырмау және ескерту беру мақсатында сайлау комиссиясының мүшелерімен, саяси партиялардың сайлауалды штабтарымен кездесіп, бірлесіп жұмыс жасайды. Өткен жылдардағы сайлау кездерінде орын алған даулы мәселелерді алдын ала егжей-тегжейлі анықтап, талдап, ол қателіктерден сабақ алу қажеттігі айтылды. Филиал өкілі алдағы уақытта БАҚ-тармен және әлеуметтік желілермен тығыз байланыста жұмыс жүргізілетіндігін мәлімдеді. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.