19 Ақпан, 2016

Өңірлік орталық жұмыс істей бастады

248 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қостанайда сайлауды байқауға көмек беру өңірлік орталығы құрылып, жұмыс істей бастады. Бұл Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның өңірлік филиалы болып табылады. Оның жетекшісі Әлімжан Бекмағамбетов журналистерге алда атқарылар жұмыстар жөнінде айтып берді. Ол брифингте қоғамдық комис­сияның қызметі сайлаудың демократия талаптарына сай, сайлау туралы заңның мүлтіксіз орындалуына ықпал ету екенін баса айтты. «Біз бүгін белсенді іске кірісіп отырмыз. Комиссия еліміздегі маңызды саяси науқанның әділ, мөлдір, демократиялық негізде өтуін қамтамасыз етуге күш салады. Сайлауда байқаушылар болатыны белгілі. Біз де солардың қызметін атқа­ратын боламыз. Бай­қау­шы­лар партиялық, халықаралық, қоғам­дық, тәуелсіз болсын, олардың атқа­ратын қызметі бір-ақ түйінге тіре­леді, ол – әділ, анық, мөлдір сайлау өткізу», – деді сайлауды бай­қауға көмек беру өңірлік орталы­ғының жетекшісі Әлімжан Бекма­ғамбетов. Әлімжан Бауыржанұлының айтуынша, қоғамдық байқаушылар барлық сайлау учаскелерін қам­титын болады. Сайлаудың барлық сатысында, тіпті дауыс беретін күні де мониторинг өткізетін болады. Осылайша, қоғамдық комиссия сайлауда оған қатысып отырған барлық саяси партиялар үшін жағдайдың бірдей жасалғанын бақылайды. Сайлаудағы байқауға көмек беру өңірлік орталығының жұмысы жүрек қалауымен келетін, қоғамдық негізде жұмыс істейтін волонтерларға өте ұқсас. Сондықтан жұмыстың мұндай түрі адамдарды дайындауды, саяси науқан ерекшелігін, мақсатын, маңызын жете түсінетіндей, заң нормалары мен талаптарын білетіндей етіп оқытуды талап етеді. Ең бастысы, адамдарға ақпараттар жетімді болуы керек, сайлау комиссиясының қызметінің және сайлау үдерісінің ережелерін адамдар түсінсе, білсе әділеттікке нұқсан келтіретін дөрекі қателер де кетпейді. Қоғамдық байқаушылар да осыны қамтамасыз етуге тырысады. «Мен бұрынғы сайлауларда байқаушылар қатарында болдым. Сонда бір отбасы түгел келіп, кабинаға барлығы кіріп, дауыс беруге тырысты. Байқаушылар мұның ереже бұзу екендігін айтып, сайлау комиссиясына хабарлады. Осындай жағдайлардың өзі орын алмауы тиіс», – деді. Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комис­сияның штабында қостанайлықтар үшін сенім телефоны жұмыс істейді. Ал сайлау қорытындысы бойынша комиссия есеп беретін болады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.