19 Ақпан, 2016

Қашанда қатарда

369 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Коммунистік халық партиясыКеше Қазақстан Коммунистік халық партиясы алдағы Парламент Мәжілісі сайлауына дайындық барысы туралы брифинг өткізді. Алдымен сөз алған Қазақстан Коммунистік халық партиясы Ор­талық комитетінің хатшысы Тұр­ғын Сыздықов алдағы саяси дода­ға әзірліктің барысы жөнінде әңгі­меледі. «Партия Парламент Мәжі­лісі мен мәслихаттар сайлауларына дайындық жұмыстарын ойдағыдай өткізіп жатыр. Сайлау үдерістерін ұйымдастыру және басқару үшін орталық және облыстық сайлауалды штабтар құрылып, оларды электораттық науқандарда әб­ден шыңдалған, сыннан өткен тәжі­рибелі мамандар басқарады. Парламент Мәжілісі депутат­тығына партияның кезектен тыс Х съезінде айқындалған 22 үміткер Орталық сайлау комиссиясы тарапынан тіркеуден өтті. Орталық сайлау комиссиясында өткізілген жеребеге сәйкес, жасырын дауыс беру бюллетенінде алты партияның арасында Қазақстан Коммунистік халық партиясы екінші болып жазулы тұр», деді Т.Сыздықов. Коммунистер Парламент Мәжі­лісіне ғана емес, аудандық, қалалық және облыстық мәслихаттарға да өз үміткерлерін ұсынуда белсенді жұ­мыс жүргізіп жатқан көрінеді. Қазірге дейін қаржылық және басқалай мәселелерді еңсеріп, сай­лау комиссияларында 31 ком­му­нист-үміткер тіркеуден өткен. «Біз бейбітшілік, еліміздегі тұрақтылық үшін, көп ұлтты және көп ­конфессиялы Отанымыздың тәуел­сіздігі мен аумақтық тұтас­ты­­ғының сақталуы үшін күресе­міз. Әрбір адам өзінің еткен ең­бегіне қарай бағаланатын Жал­п­ыға Ортақ Еңбек Қоғамын қалып­тас­ты­руды қолдаймыз. Бізді алды­мыз­да үлкен істер күтіп тұр. Біз оған дай­ынбыз», деп түйіндеді сөзін Т.Сыздықов. Ал ҚКХП республикалық сайлау­алды штабының жетекшісі Ай­қын Қоңыров партияның бел­сен­ділері сайлауға дайындық жұ­мыс­тарын жоғары деңгейде жүр­гіз­генін атап өтті. «Орталық сайлау комиссиясында еліміздің беделді коммунистері енген партиялық тізім тіркелді. Олар тексерістен өтті және тиіс­ті талапқа сай болып шықты. Сон­дай-ақ, аумақтық сайлау комиссия­ларына партияның сенімді өкіл­дерінің тізімі тапсырылып, олар­дың да сайлау заңнамасының талап­тарына лайық екендігі жөнін­де шешім қабылданды», деді А.Қоңыров. ҚКХП республикалық сайлау­алды штабы жетекшісінің пікірін­ше, үгіт-насихат топтары құрылып, орта­лықта және жергілікті жерлерде ұйымдастыру жоспары бекі­ті­ліпті. Қазіргі уақытта партия саяси додаға үкілеп қосқан үміткерлердің аймақтардағы сайлаушылармен кездесу кестесі жасалу үстінде көрінеді. Үгіт-насихат жұмыстарының визуалды жобасы бекітуге жолданып, аудио, видеороликтер әзірленген. Партияның сайлауалды штабы жетекшісінің пікірінше, ком­му­нистердің алдағы саяси нау­қанға әзірлігі күшті. «Біздің партия сапалы үгіт-насихат жұ­мыстарын жүргізуге сақадай сай. Біз партияның сайлауалды бағ­дарламасындағы коммунистердің ұста­нымдары дұрыс екендігіне сене­тін өз жақтастарымызды жерге қаратпаймыз», деді ерекше сеніммен Айқын Ойратұлы. ҚКХП Саяси кеңесінің мүшесі Галина Баймаханова өз сөзінде қазақстандық коммунистердің бай­ырғы идеологиядан алшақ­та­май­тынын аңғартты. «Біздің партия идеологиялық бағыттағы партия болып табылады. Біздің сайлауалды тұғырнамамыз партиямыздың Х кезектен тыс съезінде бекітілді. Негізгі басымдықтар осы сайлау­алды бағдарламамызда қарас­тырылған. Жаһандану кезеңінде, қазіргідей күрделі әлемде біз бәсекеге қабілетті болуымыз қажет, сонда ғана өз тәуелсіздігімізді нығайта аламыз. Ал жер – кім қадірін біледі, еңбек етеді, өнім алады – соның иелігінде болуы тиіс», деді Галина Александровна. «Аймақтық бөлімшелер жер­гі­лікті жерлерде үгіт-насихат нау­қанын өткізуге дайындығы туралы Орталық комитет алдында есеп берді. Осы есеп беру кезінде ҚКХП ОК алдағы көзделген мақсаттарды табысты жүзеге асыратын тиесілі ұйымдастыру және кадр әлеуетіне ие екендігі белгілі болды», деді ҚКХП Саяси кеңесінің мүшесі Виктор Смирнов өз сөзінде. Смирновтың айтуынша, жаһан­дану дәуірінде батыстың капита­листік идеологиясының зиянды жақтары көп. Ал Қазақстанның Коммунистік халық партиясы марк­­­сизм мен ленинизмнің қолдан­балы экономикалық заңдары­на сүйене отырып, қазіргі дағдар­ыс­ты ашкөздіктің салдары деп түсі­нетінін жеткізді. Коммунизм идеологиясымен қаруланған қазақстандық коммунистер қашанғы дәстүрге сәйкес «бәріне дайын» екендігін брифинг сәтінде осылайша тағы бір мәрте мәлімдеді. Қалай болғанда да, кешегі кеңестік қоғамның темірқазығына айналған идео­логияны сайлаушылардың қан­ша­лықты жақтайтындығына 20 нау­рызда куә боламыз. Әзірше Т.Сыздықов бастаған партия сай­лау­шылардың қолдайтынына бек сенімді. Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».