Сайлау-2016
Кеше Астанада Қазақстан Республикасында Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия (СБРҚК) «Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауларын байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның рөлі: демократиялық ұстаным» тақырыбында семинар-тренинг өткізді. Бұл шара Қазақстандағы сайлауды байқау жөніндегі өңірлік орталықтардың жетекшілеріне арналды.
Аталған семинар-тренингке Орталық сайлау комиссиясының, Сыртқы істер министрлігінің, Бас прокуратураның өкілдері, сайлауды байқау жөніндегі аймақтық орталықтардың жетекшілері, қоғам қайраткерлері және сарапшылар қатысты.
Семинар-тренингті ашқан СБРҚК төрағасы Нұрлан Ерімбетов алдағы сайлау науқанының маңыздылығына кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, ол бұл жауапты кезеңде бақылаушыларға үлкен жауапкершілік артылатынын атап өтті.
«Барлық байқаушылар тиісті дайындықтан өтуі тиіс. Сайлау күні байқаушылардың барлығы сақадай сай болғаны жөн. Өйткені, біз үшін сайлаудың ашық әрі таза өткені маңызды», – деді Нұрлан Ерімбетов.
Сондай-ақ, Н.Ерімбетов СБРҚК Орталық сайлау комиссиясымен, сайлаудың заңдылығын бақылайтын Бас прокуратурамен және шетелдік байқаушылармен тығыз байланыста жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізді.
Одан әрі сөз кезегін алған ОСК мүшесі Марат Сәрсембаев «Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының байқаушылармен өзара іс-әрекеті» тақырыбында хабарлама жасады. М.Сәрсембаев өз сөзінде сайлау науқанына қатысты ОСК тарапынан жасалып жатқан жұмыстарды жүйелі түрде түсіндіріп берді. Оның сөзіне қарағанда, ОСК өзінің барлық қызметін заң шеңберінде атқарып отыр, сондай-ақ, өңірлердегі өкілдіктермен байланыс өз деңгейінде жолға қойылған. Бұдан бөлек, ол ОСК тарапынан сайлау комиссияларына арналған әдістемелік құралдар, жадынамалар шығарылғанын жеткізді.
Сыртқы істер министрлігі жанындағы Парламент Мәжілісі сайлауын дайындау және өткізу мәселелері бойынша штабтың хатшысы Ержан Қыстафин «Сайлауды байқау бойынша халықаралық миссиялар жұмысының ерекшеліктері» тақырыбында хабарлама жасады. Ол өз сөзінде халықаралық миссиялар жұмысын ұйымдастыруда тиісті шаралар қолға алынып отырғанын сөз етті.
Бас прокуратура Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау департаменті бөлімінің аға прокуроры Лаура Туғанбекова сайлау кезеңінде прокуратура органдарының рөлі мен қызметі туралы әңгімелеп берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда жергілікті прокуратура орындарына сайлау барысында заңдылықты қадағалау жөнінде тиісті пәрмен берілген. Бұл бағытта арнайы топтар жұмыс істемек.
Сонымен қатар, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті саясаттану кафедрасының профессоры міндетін атқарушы, саяси ғылымдар кандидаты Марина Онучко сайлауды байқау үдерісіндегі байқаушының рөлі тұрғысында сөз етті. Оның айтуынша, әрбір байқаушы өзінің мойнына үлкен жауапкершілік артылатынын сезінуі тиіс.
Бұдан кейін сайлауды байқау жөніндегі аймақтық орталықтардың жетекшілері семинар барысында өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды.
Семинарда белгілі болғандай, 20 наурызда еліміз бойынша дауыс беру барысын байқауға 11 мыңға жуық қазақстандық байқаушы қатысатын көрінеді.
Семинар соңында қатысушылар сайлау додасы кезінде байқаудың әділ әрі таза болуына өз үлестерін қосатындарын жеткізді.
Айта кетейік, Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия құрамында көрнекті қоғам қайраткерлері, ғалымдар, сарапшылар, зиялы қауым өкілдері, мәдениет, өнер адамдары және БАҚ өкілдері бар.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан».