Мемлекет басшысының Астананың азық-түлік белдеуін жасау жөніндегі тапсырмасы Ақмола облысына жүктелген абыройлы міндет саналады. Жауапты іске өңірдің барлық аудандары қатысып, нысаналы жұмыстар атқарылуда.
Қазіргі таңда облыс Астанаға азық-түлік тауарларын жеткізуші жетекші буынға айналды. Бұған облыста «Астана қаласының айналасындағы азық-түлік белдеуін қалыптастырудың 2015-2018 жылдарға арналған кешенді бағдарламасының» қабылдануы шешуші серпін беріп отыр. Аталған құжат тауар көлемін арттыру мен қайта өңдеу кәсіпорындарының жұмысын дамытуға бағытталған тиімді шараларды қамтиды.
Жүйелі ұйымдастырылған жұмыстың қайтарымы да еселене түсуде. Мәселен, 2015 жылы Астана мен оның қонақтарының дастарқан мәзіріне 86,8 мың тонна ет өнімдері, 20,9 мың тонна қайта өңделген ет тағамдары жеткізіліп, сұраныстың 45-50 пайызы қамтамасыз етілді. Ал жұмыртқа (217,5 миллион дана), картоп (82,7 мың тонна), ұн (11,3 мың тонна) өнімдері бойынша қала сұранысы 100 пайызға орындалған.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған мәліметке қарағанда, биылғы 2016 жылы да азық-түлік белдеуінің берекесі арта түсетіні байқалады. Алдын ала жоспарға сәйкес, елордамызға 94 мың тонна сүт, 22,2 мың тонна ет, 222,5 миллион дана жұмыртқа, 85 мың тонна картоп пен 26 мың тонна көкөніс жеткізіледі деп күтілуде. Осының өзі өнімнің барлық түрінен жыл сайынғы өсім болатындығын білдіреді.
Сондай-ақ, осы бағыттағы жаңа кәсіпорындар құрылысы жалғасып, пайдалануға берілген нысандар саны көбейе бастағаны қуантады. Нақтылай айтсақ, 2015 жылы 22.2 миллиард теңгенің 14 жобасы жүзеге асырылып, 500 жұмыс орны құрылды. Мұнда заманауи сүт және ет бағытындағы мал шаруашылығына, құс өсіруге және астық қоймаларына басымдық берілгендігі мақсат ауқымының кеңдігін дәлелдейді. Мақсат ауқымы демекші, биылғы күрделі жылдың өзінде 8,9 миллиард теңгенің 9 инвестициялық жобасы қарастырылып отырғандығы да жақсы ойларға бастайды. Мұның ішінде, кәдуілгі бағыттарға қоса, құс етін өңдеу, жылыжайлар салу, тереңдете өңдеуді қамтамасыз ететін астық қоймаларын салу жоспарланып отырғаны ел тұрмысын жақсартатыны анық.
Осы орайда, азық-түлік белдеуін толықтыру көрсеткішін арттыруға биыл жобалық қуатына енетін ірі кәсіпорындар салмақты үлес қосатынын айтқымыз келеді. Мысалы, Ақкөл ауданындағы «Эко Милк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тәулігіне 100 тонна сүтті қайта өңдеп, сүт пен айранды ұзақ сақталатын пюр-пак, фин-пак және шыны ыдыстар арқылы тұтынушыларға жеткізбек. Мұндағы қаймақтың майлылығы 10 пайыздан төмен түспейді. Ал, осы аудандағы «Үш бұлақ» ЖШС жылына 90 миллион дана жұмыртқа, 270 тонна құс етін өндіру қуатына ие болады. Сондай-ақ, Еңбекшілдер ауданындағы «ҚазГерҚұс» ЖШС жылына 140 миллион дана жұмытқа өндірумен көш бастаса, «Capital Рroject ltd» серіктестігінде жылына 20 мың тонна бройлер еті дайындалады. Бұған қоса, үш жылдан бері ет экспортымен айналысып келе жатқан Қорғалжын ауданындағы «Астана Агро Өнімдері» ет өңдеу кешені жаңа қуаттарды іске қосады деп жоспарланған.
Міне, қолға алынған игі істердің барлығын тізбелеп шығуды шарт санамағанның өзінде, Астананың азық-түлікке қатысты берекелі белдеуі мүлтіксіз қамтамасыз етілетіндігі айқын екендігін көреміз. Бұл астаналық облыстың мерейін тасыта түсетін жауапкершілік.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.