19 Ақпан, 2016

Көңіл айту жеделхатын жолдады

249 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
20150113153313Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түрік Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанға Анкара қаласында болған террорлық актіге байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Жеделхатта көптеген жазықсыз адамдардың қаза болуына, жарақаттануына әкеп соқтырған жантүршігерлік оқиға туралы суыт хабардың қазақстандықтарды бейжай қалдырмағаны айтылған. Нұрсұлтан Назарбаев бауырлас елдеріміз үшін мұның ортақ қайғы екенін атап өтті. Осыған байланысты Мемлекет басшысы болған оқиғаға алаңдаушылығын білдіріп, барша қазақстандықтар атынан түрік халқына қолдау сөзін жеткізуді өтінді. «Қазақстан терроризмнің кез келген түрін, оның күрес тәсілдері мен жолдарын қатаң айыптайды. Қандай мақсатта болса да, жазықсыз қан төгуді еш ақтауға болмайды. Заманауи сын-қатерлер өршіп тұрған аумалы-төкпелі кезеңде біз Түркиямен бірге халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін күш жұмылдыруға дайынбыз», – делінген жеделхатта. Мемлекет басшысы жеке өзінің және Қазақстан халқының атынан Р.Ердоғанға, қаза болғандар мен зардап шеккендердің туған-туыстары мен барлық түрік ағайындарға көңіл айтты. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев жарақат алғандардың тезірек сауығып, отбасыларына оралуына тілектестік білдірді.