өзекті мәселе болып табылады
Астанада Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің 2015 жылғы атқарылған жұмыстар нәтижесі мен 2016 жылдағы алда тұрған міндеттері туралы кеңейтілген Алқа мәжілісі өтті. Отырысқа Премьер-Министрдің орынбасары Дариға Назарбаева, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің өкілдері, Астана және Алматы қалалары, облыс әкімдерінің орынбасарлары мен министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қатысты.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова Алқа мәжілісін аша отырып, 2015 жылы Елбасы айқындаған «Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын орындау шараларының заңнамалық және институттық негіздері құрылғанын еске салды. Ұлт Жоспарына сәйкес, 2015 жылы жаңа Еңбек кодексі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу, атаулы әлеуметтік көмекті жаңа пішімде көрсету, халықтың көші-қон мәселелерін реттеудегі жаңа тәсілдер туралы заңдар қабылданып, «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заң әзірленді. Барлық құжаттар, бір жағынан, халықты әлеуметтік қолдаудың кешенді және атаулы жүйесін құруға, екінші жағынан, еліміздегі инвестициялық ауанды жақсартуға бағытталды.
Сонымен қатар, 2015 жылы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аяқталды. Оның негізгі нәтижелері – өмір сүру ұзақтығының ұлғаюы, жалпы өлім көрсеткішінің, оның ішінде ана және сәби өлімінің азаюы болды. Биылғы жылы министрлік денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жасап, оны Елбасы осы жылғы 15 қаңтарда бекітті. Бұл құжат алдыңғы бағдарламалардың жалғасы әрі денсаулық сақтау саласындағы түбегейлі өзгерістердің әрі қарай толықтырылуы болып табылады.
Жаңа бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі – аурулардың алдын алу мен оны ескерту. Осы тұрғыда мекеме мамандары ұлттық егу күнтізбесін жүзеге асыру тиімділігін арттырудың жол картасын жасады. Ол жұқпалы ауруларды ескерту мен олардың алдын алу бойынша қоғамды әлеуметтік жұмылдыру жоспарын жасауды, аймақтардағы эпидемиологиялық жағдайдың алдын алу мен бақылау жүйелерін жетілдіруді қарастырады. Сонымен қатар, «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының аясында мектептегі медицинаны білім беру жүйесінен денсаулық сақтау жүйесіне беру қарастырылып, оқушыларға арналған сауықтыру шараларының күнтізбесін жасау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, медициналық ұйымдарды техникалық және кадрлық жағынан қамтамасыз етуді есепке ала отырып, жүктеме нормативтерін қайта қарау көзделген. Ауруды ерте кезеңде анықтау мәселелері бойынша медқызметкерлерді оқыту ұйымдастырылып, скринингтік тексеруден өткен азаматтарды бақылау мен есепке алудың ақпараттық жүйесі құрылады. Мұның барлығы әлеуметтік мәні бар аурулардың деңгейін төмендету мен асқынулар санын азайтуға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа емханалардағы жасанды кезекті азайту мақсатында ересек тұрғындардың профилактикалық тексеру тәртіптері жеңілдетілетінін хабарлады. Азаматтар міндетті профилактикалық тексеруден өту үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, медициналық анықтама ала алады. Диспансерлік есепте тұрған ауруларға жеңілдігі бар дәрілік заттарды беру ресімдемелерін оңайландыру қарастырылуда. Дәрігерлер жеңілдігі бар дәрілер рецептін созылмалы аурулары бар диспансерлік есепте тұратын науқастар үшін тоқсанына бір рет, қымбат дәрілер алатын ауыр түрдегі сырқаттанғандар үшін ай сайын жазып беретін болады. Дәріханалар науқастарға берілген рецептер негізінде сәйкес дәрілік заттарды беріп, олардың есебін жүргізеді. Жеңілдігі бар дәрілерді беру ресімдерінің барлығы автоматтандырылады деп жоспарлануда.
Министр «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының басты бағыттарының бірі – ауруларды басқару бағдарламасын енгізу болып табылатынын айтты. Ол пациенттерге медқызметкерлермен бірлесе отырып өз ауруларын басқаруға және пациенттің мультидисциплинарлық командалармен үнемі байланыста бола отырып, аурудың асқынуына жол бермеуге, өзіне өзі көмек көрсету машықтарын үйренуге және денсаулығына әсер ететін факторларды бақылауға мүмкіндік береді.
Министрлік мамандары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша жол картасын әзірлеп, бекітті. Аталған құжатқа сәйкес, биылғы жылы нормативтік-құқықтық база жасалып, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылып, бұл 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап белгіленген соманы жинақтау және 2017 жылғы 1 шілдеден бастап медициналық қызметтер төлемдерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Мекеме басшысы 2016 жылы әлеуметтік-еңбек саласындағы жұмысының басты бағыты – халықты жұмыспен қамту мен жұмыс орындарын сақтау болып табылатынын, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру аясында 156 мыңға жуық азамат жұмысқа орналастырылғанын, оның ішінде тұрақты жұмыспен қамтылған адамдар саны 142,3 мың болғанын хабарлады.
Осыдан кейін Тамара Дүйсенова Мемлекет басшысының 2015 жылғы 30 қарашадағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы жұмыссыздыққа жол бермеу бойынша берілген тапсырмасын орындау мақсатында мекеме мамандары жұмыспен қамту бағдарламасын жандандыру бойынша жұмыс жүргізгенін мәлімдеді.
Кәсіпорындарда жоғары білікті мамандардың жұмыс орындарын сақтау мақсатында жұмыс уақытының қысқаруына байланысты еңбекақының 2/3 бөлігін уақытша субсидиялау тетіктері енгізіледі. Сонымен бірге, кәсіпорын жұмыс орнын сақтаған жағдайда, қызметкерлерді, оның ішінде жұмыс істейтін жастарды жұмыс берушілер тарапынан қоса қаржыландырумен немесе толық мемлекет есебінен оқытуды ұйымдастыру қарастырылады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының аясында жаңа бастамаларды жүзеге асыру мақсатында 60 мыңға жуық адамды мемлекеттік қолдау шараларымен қамту арқылы қосымша 63 млрд. теңге бөлу қарастырылып отыр.
Министр халықты әлеуметтік қолдау шаралары жайында айта келіп, биыл ынтымақты зейнетақыны 9%-ға арттыру мақсатында және мүгедектік, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік төлемақыны 25%-ға, шәкіртақыны 25%-ға ұлғайту үшін республикалық бюджеттен 1,6 трлн. теңге бөлінетінін атап айтты. Азаматтық қызметшілер еңбекақысын төлеудің жаңа жүйесін енгізуге 268 млрд. теңге бөлу қарастырылады. Әлеуметтік қамсыздандыру жүйелерін жаңғырту бойынша жұмыс жалғастырылып, 2014 жылдан бастап Ақмола, Шығыс Қазақстан мен Жамбыл облыстарында аз қамтылған азаматтарға шартты ақшалай көмек көрсетуді енгізудің «Өрлеу» республикалық қанатқақты жобасы сәтті жүзеге асырылып келеді. 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап осы тәріздес аймақтық пилоттық жобалар қосымша 38 аудандар мен қалаларда жергілікті бюджет есебінен іске асырылуда.
Сөз соңында Тамара Дүйсенова министрлік қызметінің барлық бағыттары бойынша жұмыс 2016 жылы Елбасы мен Үкімет тапсырмасының негізінде жалғастырылатынын хабарлады.
Шара барысында Астана мен Алматы қаласы әкімдерінің орынбасарлары күн тәртібіндегі мәселелер бойынша өз қалаларында атқарылып жатқан іс-шара жайын баяндаса, ана мен бала денсаулығына жауапты мекеме өкілі өз істеріндегі ілгері басу мен орын алған кемшіліктерді атап өтті. Сондай-ақ, жеке дәрігерлік мекемелер тарапынан сөз алған Қарағанды қаласының жекеменшік аурухана өкілі өздерінің артықшылықтары мен жеткен жетістіктерін үлгі етті.
Алқа мәжілісін қорыту үшін сөз алған Премьер-Министрдің орынбасары Дариға Назарбаева соңғы жылдарда денсаулық саласында айтарлықтай табыстарға қол жеткізгенімізді тілге тиек ете отырып, әлі де көп болып қолға алар іс баршылық екенін атап өтті. Мәселен, денсаулық сақтау мекемелеріне қаржы мемлекет тарапынан жетерлік деңгейде бөлінеді, алда соны тиімді әрі үнемді пайдалану керектігіне назар аудартты. Алдағы уақытта медициналық мекемелерде екі басшы болатынын, яғни біреуі негізгі қызметке, ал екіншісі қаржылық-шаруашылық бағытына жауап беретінін айта келіп: «Жалпы басқару жүйесіне мүлдем өзге қадамды әзірлегіміз келеді. Бас дәрігер – ол науқасты емдеумен айналысуы керек. Ол қаржылық-шаруашылық қызметке араласпауы тиіс. Бас дәрігер бухгалтерия, есептер, шексіз тексерулерге, сондай-ақ сапалы қызмет көрсету үшін өзі басқарып отырған мекемеге қосымша қаржы тарту мәселелеріне басын қатырмауы қажет. Сондықтан да осы екі қызметті бөлу керек», – деді Д.Назарбаева. Осы орайда ол мәселенің екінші бөлігімен директор немесе менеджер айналысуы тиіс екенін атап өтті.
Әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізудің мәнін түсіндіре келіп: «Алда әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу күтіп тұр. Осы тақырып айналасында көптеген талқылаулар, түсіндірулер жүріп жатыр және кейбір ақпарат көздері бұрмаланған мәліметтер арқылы халыққа үрей мен қорқыныш тудыратын деректерді жеткізген. Сондықтан да бұл бағытта түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек», – деді Д. Назарбаева.
Мұндай жүйе елімізде бұрындары іске қосылып, алайда, тиісті деңгейде жүзеге аспағанын еске салып өткен Вице-премьер, дегенмен де медициналық сақтандыру жүйесін ұмыт қалдыру дұрыс емес екенін сөз етті. Бұл тұрғыда қателіктерді ескеріп, оны дамыта түсу керек екенін жеткізді.
«Барлығын жауып тастаудың салдарынан, өкінішке қарай, біз көп жылдарға артта қалып қойдық. Сондықтан да медициналық сақтандыру деген не? Бұл – бәрінен бұрын медициналық мекемелерді қаржыландыру жүйесі. Жүйе медициналық мекемелерді күтіп ұстау мен қаржыны игеруге емес, яғни тұтынушылар мүддесіне, қызметке, науқастарға негізделген. Атап айтқанда, сақтандыру ақшасы емделушінің соңынан еріп жүреді. Бұл қызмет барша жұмыс істейтін Қазақстан тұрғындарының төлемі. Осы жағдайда біз өзара көмектің кассасын құрамыз. Медициналық сақтандыру өзін өзі жұмыспен қамтыған тұрғындарды көлеңкеден шығаруға көмектеседі. Ресми жұмыс істеп, баршасы сияқты салық төлеп жүрген азаматтар секілді, өзін өзі жұмыспен қамтыған 2,7 млн. адам да тегін медициналық көмек алып, олардың балалары ақысыз білім алуда, мамандыққа тегін оқытылуда, сондай-ақ елдің бюджетіне ештеңе де салмастан әлеуметтік қорғауға, зейнеткерлікке үміттенеді. Бұл – әділетсіздік. Әрине, бір жағынан алып қарағанда, мемлекет бұл үрдісті елемей келді. Себебі адамдар өздерін жұмыспен, табыспен қамтамасыз етіп жатты. Алайда, егер де әлеуметтік саланың жоғары деңгейге шығуын, сонымен қатар елімізде жақсы жолдар болуын қаласақ, балалардың жақсы білім алып, қартайған шағымызда әрқайсымыз лайықты өмірге сенім арту үшін біз салық төлеуіміз керек. Яғни, бұл қадамдар бізге ұнаса да, ұнамаса да қажет», – деді Вице-премьер Д.Назарбаева.
Берік САДЫР,
«Егемен Қазақстан».