18 ақпанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен өткен Парламент Сенатының отырысында бес заң қабылданды.
Сенаторлар Қазақстан мен Халықаралық көрмелер бюросы арасындағы Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге байланысты ресми қатысушыларға арналған жеңілдіктер мен преференциялар туралы келісімді ратификациялады. Құжат 2017 жылғы 10 маусым-10 қыркүйек аралығында «Болашақ энергиясы» тақырыбымен Астана қаласында өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысушылар үшін қолайлы жағдайлар жасауды қамтамасыз етуге бағытталған.
«Табиғи теріден жасалған киім заттары, киімге керек-жарақтар және өзге де бұйымдар» тауар позициясы бойынша тауарларды бақылау (идентификациялау) белгілерімен таңбалауды енгізу жөніндегі қанатқақты жобаны 2015-2016 жылдары іске асыру туралы келісім ратификацияланды. 2015 жылғы 8 қыркүйекте Гроднода қол қойылған Келісімді ратификациялау Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін (әкелінген) және (немесе) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумақтарында өндірілген тауарларды таңбалауды енгізу жөніндегі қанатқақты жобаны іске асыруға, сондай-ақ, тұтынушыларға тауарлардың сапалық сипаттамасы туралы ақпарат беруге мүмкіндік береді.
Қазақстан мен Молдова үкіметтері арасындағы заңсыз болатын адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді және осы келісімді іске асыру бойынша атқару хаттамасын ратификациялау туралы заң жобасы қабылданды. Келісім мен Хаттама уағдаласушы тараптар мемлекеттерінің аумағына келу, онда болу немесе тұру шарттарын орындамайтын немесе орындауды тоқтатқан адамдарды анықтаудың және оларды қауіпсіз әрі реттеп қайтарудың тиімді рәсімдерін айқындайды, сондай-ақ, осындай адамдардың транзитіне ықпал етеді. Келісім мен Хаттама Қазақстан мен Молдова Республикалары арасындағы заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастықты жетілдіруге бағытталған.
Сарышаған сынақ полигонын пайдалану мен жалға беру шарттары және Приозерск қаласының тіршілігін қамтамасыз ету туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама ратификацияланды. Хаттама 2015 жылғы 16 сәуірде Мәскеуде жасалды. Құжатпен полигонның Ресей тарабы жалға алатын жер учаскелерін маусымды ауылшаруашылық және геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу кезінде полигон аумағы учаскелерін Қазақстан тарабының пайдалану тәртібін, сондай-ақ, табиғи зілзалаларды жою кезінде көмек көрсетуді көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Тараптардың келісімі бойынша қазақстандық тарап полигонға бөлінген жер учаскесін әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық игілігі үшін үшінші елдермен пайдалана алады.
Сондай-ақ, Қазақстан мен Ресей Федерациясының үкіметтері арасындағы Сарышаған сынақ полигонын жалдау туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттама ратификацияланды. Хаттаманы ратификациялау полигонның жер учаскелері алаңдарының қысқартылуына байланысты оларды пайдалану үшін төленетін жалдау ақысының датасы мен сомасын айқындау мәселесін заңнамалық тұрғыдан реттеуге мүмкіндік береді. Осылайша, полигонды жалға алу үшін Ресей Федерациясы төлейтін сома жалдаудан шығарылатын жер учаскелеріне бара-бар азайтылады.
Бұдан басқа сенаторлар қазақ-қырғыз үкіметаралық өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялады. Келісімнің мақсаты Қазақстанның әскери мүлікті беру түрінде Қырғыз Республикасына өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету үшін құқықтық негіз құру болып табылады.
Сенат отырысы барысында сенаторлардың депутаттық сауалдары тыңдалды.
Әли Бектаев еліміздегі жылқы шаруашылығын дамыту және осы саланың өнімдерін қайта өңдеуге қатысты мәселе көтерді. Сенатор асыл тұқымды жылқы шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың сапасын арттыруды, жылқы малынан алынатын сусын – қымызды ұлттық брендке айналдыру үшін жылқы өнімдері өндірісін кеңейтуді ұсынды. Сенатордың ұсыныстары арасында осы саланың өнімдерін экспортқа шығаруды ұйымдастыру мәселесі де бар.
Серік Ақылбай көші-қон саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныс жасады. Депутат «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының Заңында реадмиссия сияқты құқықтық құбылыстың айқын анықтамасы көрсетілуі тиіс деп санайды. Өйткені, қазіргі уақытта бұл ұғым ұлттық заңнамада нақты анықтамасыз екіжақты келісімдер түрінде реттеледі.
Сенатор Дулат Құсдәулетовтің депутаттық сауалы балалардың әл-ауқатына қатысты белгілі бір мәселелерді жан-жақты шешудің қажеттілігінен туындаған. Депутаттық сауалда сенатор алименттерді өндіріп алуға және осыған қатысты өзекті мәселелерді шешуде мемлекеттік мекемелердің жүйелі, кешенді және тиімді тетіктерінің жоқтығына ерекше назар аударды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.