Ақмаңдай арыстар елі Айыртаудың алтын бесігінде тербеліп өскен Рамазан Мұқатаевтың өмір діңгегі құрылысшы болу еді. Бұл оның өзінің жерлес ағасы сәулетші Шот-Аман Уәлихановтан алған тағылым деуге тұрарлықтай ұмтылыс екені хақ. Сағалақ (Елецкий) ауылындағы орта мектепті бітірісімен Ақмоладағы институтты аяқтап, инженер құрылысшы дипломын алғандағы қуаныш өмірдіңгектің өрге сүйрер баспалдағындай көрінген.
Жас жігіт жұмысқа жұмыла кірісті. Қоғамдық өмірде болсын, спортта болсын, күнделікті тіршілікте болсын адымдап алға басуды қалайтын. Мұндайлар шағын ауыл Сағалақтың ауқымына сыймайтындай әсер қалыптасатыны да түсінікті. Облыс орталығы Көкшетауға көшіп келуін қосымша жауапкершілікпен байланыстырғаны сондықтан. Тоқырау қиындықтарына қарамастан құрылыс алаңдарында серпіліп жұмыс істеп, серіктестеріне демеу бола білді. Көкшеде бұрын қолдана қоймаған технологияларды насихаттап, өндіріске енгізуге талпынды. Ұсыныстары қолдау көріп жатты. Оны қаланың сәулетіне жаңа өзгерістер әкелген ғимараттардан көруге болады. Әсіресе, аликобонд дейтін құрылыс материалына айрықша ден қойғаны бар. Әлде, осы жабдық күндердің күнінде алдынан шығып, нәпақа медетіне айналатынын сезді ме екен?
Оған тоқталмас бұрын Рамазан Мұқатаевтың жаңа елордамыз Астананың алғашқы құрылыс алаңдарындағы білек белсенділігін айта кеткен жөн сияқты. Өйткені, осы тақырып қозғалғанда оның жанары жарқылдап, жүзі жайнап шыға келгенін көрдік. Әңгімені жігермен, сендіріп айтады екен. Абай, Бейбітшілік, Жеңіс даңғылдарындағы ескі үйлердің тез арада жаңғырып шыға келгенін ертегідей елестетті. Чех құрылысшыларымен бірге депутаттық тұрғын үй корпусын тұрғызғандағы қызықты күндер сілемі көз алдымызда биіктеп бара жатты. «Бәрекелді!» дейміз іштей.
Жанталасқан Рамазанның жан дүрсілін кейінірек түсіндік. Жүректегі Құлагері де тыным таппайды ғой мұндай жандардың. Рамазан 2002 жылы қияндағы Кореяға тартып кеткен. Сондағы керамикалық зауыт құрылысында жұмыс істепті. Ойы – жер тану, тәжірибе толықтырып, елге ала келу. Екшеумен өткен екі жыл.
Ой-салмақ толысып, елге оралу қамында жүрген. Күтпеген жерден бейнет кешті. Өндірістік жарақат алып, омыртқасы зақымданды. Кореялық мамандар отаны сәтті жасағанымен, қайран азамат І топтағы мүгедекке айналып, арбаға таңылды. Қазақ елі қай жерде жүрсе де азаматын ардақтаған, қамықтырмаған. Осы ретте Рамазан бауырымыз Қазақстанның Кореядағы сол кездегі елшісі Дархан Бердалиевтің, консулдықтың үшінші хатшысы Бейбіт Нөгербековтің қамқорлығына шексіз алғысын айтады. Көкшетауға оралғаннан кейін де жылы шуақ аясында болды. Алдымен арнайы квотамен Новосібір қаласында екінші рет ота жасатты. Ақтөбеде емделді. Қазір Көкше дәрігерлерінің оңалту бағытындағы бақылауында. Әлеуметтік қолдау шараларынан қалыс емес. Мүгедектік арба алып берілген. Жәрдемақы, мемлекеттік өтемақы көлемі жыл санап артып келеді. Тәубе қылады. Келіншегі Ақтоқты екеуі екі студент баласын оқытып отыр.
«Тас түскен жеріне ауыр» деп жатамыз. Шыны сол болғанымен, астарында мағына бар. Мәселе оған деген қамқорлықтың шектеліп қалмайтындығында емес, мәселе сол азаматтың кіріптарлыққа байланып қалмағандығын аңғартуда болса керек. Мұны Рамазандай жігіттер жақсы біледі. Кісіге көз сүзу деген болмайды мұндай азаматтарда. Біржарым жылдай аурухана төсегіне байланып, беті бері қарасымен іске кірісті. Баяғы «аликобонд» алдынан шықты. Өзі жеңіл, икемге көнгіш материал өнерлі жастың қолымен әдемі қолжуғыштарға айналды. Әуелде үй-ішінің кәдесіне жаратылған дүние көршілердің, жолдас-жораның қызығушылығын туғызған. Сұраныс өсті. Қазір Кенесары көшесіндегі Рамазанды танымайтын кісі некен-саяқ.
Осы сұраныстың адамды тоқыраудан алып шығатын қуат-қасиеті де бар. Енді қолжуғышпен шектеліп қалуға болмайтын еді. Компьютер үстелі мен орындығын жасады, ағаш ыдыс-аяқтар көбейді, ептеп жиҺаз жабдықтарын дайындады. Бұларға да тапсырыс берушілер шықты. Ауылдағы әке-шешесінің, бауырларының көмегіне өзінің тапқан нәпақасын қосып, үй іргесінен жайлы шеберхана ашты. Пандусты да жабдықтап алды.
Осы Рамазанның тіршілігімен танысу барысында, өскелең әрі құбылмалы нарық заңының кез келген кісіге белгілі дәрежеде әсер ететінін байқадым. Ілкімділік танытпасаң, ілесу қиын. Бірде досы Жасұлан тұрмыстық техника, оның ішінде, тігін машиналарын жөндеуге мамандану қажеттігін айтқан. Дос көңіл Рамазанның мүмкіндігін еселеу, қызметтің өтімді түріне икемделу ниетімен ақыл қосқанын түсінді ол. Табысы да көбейді. Бәрінен бұрын адамдардың Рамазан қолынан шыққан тұрмыстық бұйымдардың мінсіз сыңғырлап тұрғанына риза сезімдерін білдіріп жататынын айтсаңызшы!
Рамазанмен қоштасар сәтте ол Елбасымыздың Жолдауы жарияланған газеттен мынадай үзінді оқыды: «Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймай, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады. Бұл өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз». Бауырымның жымиып тұрған жүзінен көп нәрсені аңғаруға болатын еді. Соның ең бастысы «Мен өзімнен бұрын өзгелерді ойлаймын. Көптеген жандар қиындықтың құрсауында құсаланбасын. Еңсесін тіктеп, еліне қызмет етсін. Оған толық мүмкіндік бар», дегенге саятынына шүбә келтірмеймін.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.