23 Ақпан, 2016

Арманның арманы

671 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
АрманАрқа төсінің он саусағынан өнер тамған хас шеберлерге кенде болған кезі жоқ. Бұрынғы өткен өнерлілердің бүгінгі жалғасы жас кәсіпкер Арман Тосқанбаевты айтуға болады. Бүгінгі күнде талапты жас өзінің бағын сағат жасау сынды сирек талант пен ғаламат ыж­дағаттылықты талап ете­тін мехнатты істе сынап жүр. Алғашқы қадамы жаман емес. Шебердің қолынан шыққан «Отан Патриоты» деп аталатын ерлердің 25 қолсағаты көзді ашып-жұмғанша өтіп кеткен. Циферблатында Қазақстанның Елтаңбасы бедерленген сағат­тарды депутаттар мен мемлекеттік қыз­мет­керлер пышақ үстінде талап әке­тіпті. Нау­рыз айында Арман «Пре­зидент» деп аталатын сағаттың қым­бат жиынтығын құрастырып шы­ғармақ. Одан кейінгі кезекте әйелдерге арналған сағаттар тұр. Жақсының ісі жерде жатқан ба? Қа­зіргі таң­да Арман тапсы­рыстың астында қалған. Елі­міздің түпкір-түпкірінен алтын және күміс сағаттарға деген тап­сырыстар күн сайын тү­сіп жатқан кө­рінеді. Әсіресе, Астана мен Алматының сағат­құмарлары бұл шаруада ат оздырып тұр. Қазіргі таңда Арманның шағын ғана шеберханасында бес адам еңбек етеді. Кім біледі, мүмкін бұл Қазақстан тарихындағы сағат шығаратын тұңғыш мануфактураның басы шығар?! «Маған бұл істе Отанға деген сүйіспеншілік рухани күш береді. Елбасымыз отандық өндірісті дамыту керек дегенде бұған мен өзімнің үлесімді осылайша қосқым келді», – деп сыр ақтарады Арманның өзі. Қазір Армандар сағаттың дайын бөл­шектерін құрастырумен ғана айналысады. Бара-бара бұл істі жетілдіріп, құрастыруды те­реңдете түсу – көздеген мақсат­тың бірі. Мы­салы, сағаттың ба­уы мен корпусын және бедер­өрнегін салуды өз беттерімен жасай бастамақ. Негізінен, қол сағатына қажетті бөл­шек­тер Швейцария, Жапония және Қытай мемлекеттерінде шығарылады. Бұрын бұл іспен ресейліктер де айналысқан екен, алайда, олар белгілі себептермен мұндай шаруадан бас тартыпты. Әлбетте, сағат жасау нары­ғын­да бос орын жоқ десе де болады. Бәсекелестік дегеніңіз жалына қол тигізбейді. Дегенмен, солай екен деп тартынып отырған Арман жоқ. Оның ойынша, өзіндік өндірісті дамытып, оны жергілікті мазмұнмен байытып, дайын өнімге патриоттық терең мән беру – игілікті іс, басты міндет. Арман алғашқы сағаттардың дизайнын өз қолымен сызған. Соңынан мамандардың көмегіне сүйене отырып, еліміздегі атаулы даталар мен бас қаламыздағы танымал ғи­мараттарды бейнелеген нұсқалар пайда бола бастады. Арманға бұл істе өнімі Америка мен Еуропа нарығына тарайтын «Miami watch» компаниясында жұмыс істейтін қазақ жігіттері көп қолғабысын тигізген екен. Солардың көмегінің арқасында бірлескен өндіріс құрудың мүм­кіндігі туды. Арманның шағын ғана сағат жасау ману­фактурасының жобасы жыл сайынғы «Өз бизнесіңді жаса!» атты республикалық кон­курсқа қаты­суда. Бұл байқауды Кеңес Рақы­шев (Singulariteam қорының әріптес басқарушысы) пен Вячеслав Ким («Kaspi Bank» АҚ директорлар кеңесінің төр­ағасы) қолдау көрсе­тетін «Сә­би» қайырымдылық қоры ұйым­дастырған. Егер де Арман ұсынған жобаның жұлдызы жанып, бәйгеге деп тігілген 100 мың АҚШ доллары көлеміндегі сыйақыны ұтып алар болса, қазақстандық сағат жасаушы шеберлердің тасы өрге домалаушы еді. Қомақты қаржыға өндіріске қажетті құрал-жабдық алынса – жоқтан бар жасап жатқан талапты өрендердің тасы өрге домалар еді ғой. «Сонда, – дейді арманшыл жас Арман, – қолына қазақстандық сапалы әрі сәнді сағат таққан отандастарыма өзге жұрттың өкілдері қызыға қарай­тын болады». Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.